Абай кітапханасына 70 жыл: РУХАНИЯТҚА РИЯСЫЗ ҚЫЗМЕТ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА ТҮЛЕГЕН РУХАНИЯТ ОРДАСЫ

Кітап – сарқылмас қазына. Адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Әр ұлттың болмысы мен құндылығына, қасиеті пен құдыретіне, өсиеті мен өнегесіне бойлатып, жан азығын сыйлайтын асыл қазына. Күн сайын әлемнің ең дана адамдарымен тілдестіретін де кітап атты құдырет!

Екі мың жылдан астам тарихы бар шежірелі Шымкент шаһарында бүгінде жұртшылықты  кемелді ой мен ақыл қуатына бастайтын руханият ордасы – Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі. Іргетасы 1954 жылы қаланған кітапхананың тап осы мақсат жолында тынымсыз жұмыс істеп келе жатқанына биыл 70 жыл толып отыр. Алғашында 22 жыл бойына дербес мекеме ретінде халыққа қызмет көрсеткен құрылым Шымкент қаласы атқару комитетінің шешімімен құрамына ересектерге және балаларға арналған екі дербес кітапхана енген орталық жүйе болып қайта құрылды. Оның біріне орыстық классик жазушысы Антон Павлович Чеховтың, екіншісіне жазушы-публицист Максим Горькийдің есімі берілді. Мұнан кейінгі кезеңдерде орталық жүйеге қарасты кітапхананың саны отызға (30) дейін көбейді. Бұл қала халықының кітап оқуға деген ынта-ықыласы мен қызығушылығы  мейілінше артқан кезі болатын.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, кітапхана ісі жаңашылдық бағытпен даму жолына түсті. Руханият ордасы тек қағаз бетіне түскен шығармаларды сақтайтын орын емес, халықтың интеллектуалды ой-өрісін дамытатын, жаңашыл идеялар мен шығармашалық шабыт оятынан орынға айналды. Ал, мамандарға  кітапхана қорын электронды нұсқада жинақтап-жүйелеу, ұлттық кодты сақтау, кейінгі буынға қазақ өнерін, әдебін ұғындыру  міндеті жүктелді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 наурыздағы №200 қаулысы бойынша Шымкент қаласының А.М. Горький атындағы қалалық орталық кітапханасына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын тарихы терең кітапхана кемелденіп, оқырмандарының көптігімен дараланып отыр. Және де, қаладағы кітапханалардың әкімшілік және әдістемелік орталығы болып саналады.

ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТПЕН ҚАТАР  ДӘСТҮРЛІ КІТАПХАНАНЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ РӨЛІ ҚАЙТА ЖАНДАНУДА

Қазір ірі мегаполисте кітапханалар орталық жүйесінің  23 бөлімшесі бар. Олар шаһардағы бірнеше шағын аудан мен Сайрам, Тоғыс, Шапырашты, Базарқақпа, Жыланбұзған, Қызылжар, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында орналасқан. Кітапханада өзіндік ерекшеліктері бар, тығыз байланыста жұмыс атқаратын 5 бөлім жұмыс істейді.

Олар:

1.Әдістемелік ұйымдастыру бөлімі;

2.Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімі;

3.Ақпараттық -библиографиялық бөлім;

4.Кітап қорын пайдалану және сақтау бөлімі;

5.Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі.     

         Бүгінгі таңда Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі  жылына 102 мыңнан астам кітап сүйер қауымға қызмет көрсетіп келеді.  Тұрақты оқырмандар саны 560 500-ге жуықтаған. Сөресінде 550 935  дана кітап қоры бар. Оның 177 012-сі мемлекеттік тілде жазылған дүниелер. Кітапханада әдебиет саласындағы құнды жәдігерлердің, танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын қамтитын  кітаптардың «АЛТЫН ҚОРЫ» жинақталған. Қордағы ең көне кітап – А. Мерзлякованың 1830 жылы Москва қаласынан шыққан «Песни и романсы» кітабы.

«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы сөздері негізге алынып, электронды форматпен қатар  дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі қайта жандануда. Нәтижесінде оқырмандар саны

2021 жылы 72 902 болса,

2022 жылы 101 790-ке,

2023 жылы 102 044 көбейді.

Ал, биыл бұл көрсеткіш 104 мыңға дейін артқалы отыр. 

 ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – КІТАП ОҚУ

Мемлекет тарапынан кітапханаларға қолдау көрсету, ұдайы көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық. Соңғы екі жылда кітапхана желісінің 7 ғимараты заман талабына сай  жөнделіп, жаңартылды. Материалдық-техникалық базамен толықтырылды және дизайнерлік жұмыстар жүргізілді.

Модернизациядан өткен №1 және №10 кітапхананың ауласына  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама аясында «Мәдениеттің мәйегі – кітап», «Оқы. Таны. Талқыла»  атауымен   QR-сканер кітаптар  бейнеленген орындықтар қойылды.

Қала жұртшылығы кітап пішініндегі  қазір QR код арқылы ұнаған кітаптарын телефонына жүктей алады.  «Telegram» каналы арқылы  бүгінге дейін техникалық жетістіктің мүмкіндігін пайдаланып, 1 мың 685 адам әдеби-көркем, тарихи-деректік шығарма оқыған.

Оқырманның  рухани құндылыққа деген қызығушылығын және кітапхананың танымалдылығын, мәртебесі мен маңызын арттыру мақсатында ұжым бірнеше жылдан бері түрлі имидждік іс-шараны жүзеге асырып келеді.

  1. Жұртшылықты қызықтырған жобаның алғашқысы «КІТАП ОҚИТЫН ШЫМҚАЛА» буккроссинг көше сөрелері деп аталады.

Қызғалдақ, яғни Шымкент логотипінің дизайнында жасалған сөре қоғамдық орындарға, гүлзарларға, аулаларға қойылған. Көпшілік осында келіп, кітап алмасады.   «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген буккроссингтің басты мақсаты − оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында «кітап алмасу. Жоба 2021 жылдан  бері жүзеге асуда.

  1. Көпшілікті елең еткізген екінші жоба «КІТАП КЕРУЕНІ» жылжымалы кітап көрмесі.

Бүгінде қаладағы Абай саябағы мен «Арбат» демалыс аймағы, «Шымкент плаза» сауда орталығына «АBAY» дизайнында жасалған айырқша сөрелер қойылған. Мұнда қала тұрғындарына кітапхана туралы ақпараттық материалдар таратылып, бір реттік оқырман билеттері ұсынылады.  Мақсат  қала тұрғындарын жаңа, мотивациялық және бестселлер кітаптар топтамасымен таныстыру. «Кітап керуені»  жылжымалы көрмесіне осы кезге дейін 12 732 қала тұрғыны қатысты.

  1. Былтырдан бері Шымкентте кітапханаға жиі келіп, көп шығарма оқыған оқырман театр мен киноны тегін тамашалап, мейрамхана мен жаттығу залына жеңілдікпен бару мүмкіндігіне ие болды.  «BOOK GARD» карталық жобасы  кітапқұмарларды ынталандырып, олардың қатарын көбейтуге игі әсер етті. Оқырмандардың кітапханаға келу жиілігіне қарай мәртебесі жоғарылай береді. Және жобаның  шартына сәйкес деңгейі өскен сайын ынталандыру сыйлықтары арта түседі.  Мұны айғақтау үшін оқырмандарға бес түрлі карта берілген.  Жобаның демеушілері – қаладағы мәдениет ошақтары суда жүзу орталық кешені, «Кәусар» дәмханасы және  «Кинопарк» желілері.
  2. Кітапханалардың орталық жүйесі 2023 жылдан сирек кітаптар мен

қолжазбалар қорын толықтыру мақсатында «СИРЕК КІТАПТАР СӨРЕСІ» марафоны өткізуде.

  1. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, аулаларда жаңа кітаптар топтамасымен таныстыру мақсатында «САЯХАТТАУШЫ КІТАПТАР» жобасы ұйымдастырылуда.
  2. Ұлы ойшыл есімін иеленген кітапхана ұжымы биыл оқырмандар арасында «АБАЙ ӘЛЕМІ» атты тағы бір байқауды бастады. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қарасөздері мен шығармаларын әсерлі оқып, әлеуметтік желіге жариялау сайысына 300-ге жуық   адам қатысты.  Олардың ең кішісі 5 жаста. Оқырмандардың әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларының   қаралымы 20 мыңнан асып отыр. Шараның биылғы жылдың 10 тамызында өткен қорытындысында жеңімпаздарға «Apple iPhonе 14» ұялы телефоны, «Абай жолы» эпопеясының 4 томдығы, гобелендер мен басқа да арнайы сыйлықтар берілді.
  3. Кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларының тікелей эфирі арқылы ұйымдастырылып жатқан «ОҚЫРМАНМЕН ОЙТАЛҚЫ» жобасы  танымал тұлғалармен  болған сұқбатты оқырмандардың барлық тобына қолжетімді етуді мақсат етіп отыр.  Қазіргі таңда эфирге 20-ға жуық ел ардақтысы мен  қоғам белсендісі  қатысып, өрелі ойларымен бөліскен.
  4. Ал, «ОҚЫРМАН ОЙЫ» түнгі клубында айына бір рет жиналатын клуб мүшелеріне арнайы бір кітап таңдалып беріледі. Олар сол кітапты оқып, кейінгі кездесуде талқылайды. Ақпан айында Бразилия жазушысы Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабы, наурыз айында шығыстанушы, логотерапевт Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы  ой талқыға түсті. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде «Абай әндерін шырқайық» караоке кештері ұйымдастырылып тұрады.

Кітапхананың өзі тәлімі мен тағылымы бар. Өйткені мұнда хатқа түскен тарих бар, әр заманның бет-бейнесі әдебиет пен сезімді жырлайтын поэзия атты құдырет бар. Кітапхана өткенімізді толғайды,  бүгінді болашаққа жалғайды. Сондықтан да кітап әлемі биік өре, рухани азық, интел­лектуалдық байлық  ретінде ұлтпен бірге жасай бермек!