АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҒЫЛМИ ТҰРҒЫДА ЗЕРДЕЛЕУ МАҚСАТЫНДА УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ОРТАЛЫҚ АШЫЛАТЫН БОЛАДЫ
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан облысында биыл Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің шетелдік инвесторлар және ауыл шаруашылығы саласын зерттеуші ғалымдармен, профессорлармен кездесуінде айтылды. Жиында Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологиялары мен топырақ құрамын зерттеу мамандарын даярлайтын ғылыми орталық құру, оны дамыта отырып жоғары оқу орнын ашу мәселесі талқыланды. Облыс әкімі бұл бағыттағы бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Түркістан облысына қош келдіңіздер. Бүгінде өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Облысты жан-жақты дамыту жұмыстары жүруде. Биыл Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. ІТ мамандары даярланады. Дегенмен Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сондықтан осы саланы терең зерттейтін әрі ауыл шаруашылығы, су, жер өңдеу, өсімдіктердің сапалы тұқымдарын әзірлейтін мамандар даярлайтын ғылыми орталық, лаборотория, университет ашуға мүдделіміз. Осы бағыттағы ұсыныстарды қабылдаймыз және қолдау көрсетеміз. Ол зерттеу орталығы тек Түркістан облысына ғана емес, өзге өңірлерге де мамандар даярлауға үлес қосады. Ұсыныстарға ашықпыз, – деді өңір басшысы Нұралхан Көшеров кездесуде сөйлеген сөзінде.
Жиынға қатысқан Қытай халық республикасы Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті әрі профессоры Ду Тайшэн Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. Осындағы мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан аймақты зерделеп, су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын жандандыру, суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын зерттеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Осы бағытта жұмыстар басталуда. Олар мамандар әзірлеуге, түйіткілді мәселелерді зерделеп, зерттеуге көмек көрсетуге әзір екендерін жеткізді.
Жалпы, арнайы ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілмек. Бұл ұсыныстар әзірге зерделеніп, жан-жақты сарапталатын болады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 2 жоғары оқу орны бар. Оның бірі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті, екінші Халықаралық Туризм және меймандостық университеті. Бұл оқу орындарында 12 мыңнан астам студент білім алады.
Былтыр Түркістанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Ясауи білім тарату орталығы ашылған болатын.
Орталықтың негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы саласындағы ақпаратты уақтылы насихаттау, әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесін ескере отырып, қажетті ғылыми жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізу, өндірістегі озық отандық білім мен технологияларға жедел қол жеткізуге жәрдемдесу болып табылады.
Сондай-ақ өткен жылы өңірде қазақ-неміс аграрлық университетін ашу туралы да келімдер жасалған болатын. Бакалавриат пен магистратура бағыты бойынша білім алған мамандар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ірі өндіріс орындары мен Германиядағы өндіріс орындарында тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар Түркістан облысының тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін зерттеулер мен инновацияларға назар аударатын болады.
Жалпы жыл өткен сайын өңірде ағын су тапшылығы мен оған тәуелділік артып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша облысқа жылдық қажетті лимит көлемі 4,8 миллиард текше метр болса, биылғы ауа-райының қолайсыздығынан судың 30 пайызға кем болуы ықтимал. Әсіресе ағымдағы жылы су тапшылығы Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілетінін атап өтті. Бұл өңірлер трансшекаралық су арналарына тәуелді. Атап айтқанда, «Достық» каналы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектарды ағын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда вегетацияға секундына 28,6 текше метр ағын су жіберілуде. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,2 текше метрге кем. Дегенмен, ағын суды тиімді басқаруды ұйымдастыру бойынша нақты шаралар қабылданып, бүгінде қосымша машиналық су көтеру каналы арқылы секундына 11,3 текше метр су берілуде.
Сондай-ақ өңірде ағын суды заңсыз пайдаланушыларды анықтау, олардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. «Арал-Сырдария» бассейн инспекциясы мамандары облыстағы су нысандарын тұрақты тексеру жүргізуде. Бүгінге дейін құқықбұзушыларға 20 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген тексеру нәтижесінде 24 су сорғы қондырғылары анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданған.
Ал биыл облыста жаңадан 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл жоспар артығымен орныдалып, 46 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары ендірілді.