Агрессия – бүгінгі таңда қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырып. Агрессивтік мінез-құлық басқа адамға өз артықшылығын білдіріп, қыр көрсетуі немесе күш қолдануы. Мұндай қасиет адам бойында қалай қалыптасады, одан сақтану және онымен күресу жолдары қандай? Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық универсиетінің оқытушысы, ғалым, философия докторы Байдлаева Ақмарал Қаржауқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жалпы агрессия, оның табиғаты құбылыс ретінде философиялық тұрғыдан зерттелген бе? Агрессияны қалай түсіндірер едіңіз? Агрессияның философиялық аспектісіне үңілсек.
– Агрессияға қарсы зерттеулер жүргізілген, бірақ толыққанды емес. Толымды, нәтижелі жауап ғылымда қалыптаспаған. Негізгі теорияларды айтатын болсақ, агрессияның инстинкті табиғатын зерттейтін бір теория бар. Фрустрация немесе қалаған нәрсеге жете алмаған кезде соған қарсы әрекет ретінде жасалатын агрессия теориясы бар екінші. Және үшінші, әлеуметтік үйрету теориясы деп аталады. Яғни, адам қоғамда болып жатқан оқиғалардан көріп, үйренеді. Мұнан басқа де бірқатар теориялар бар. Бірақ бүгінгі таңда ғылым бәрібір де агрессия адам бойында түрлі деңгейде көрінетінін, не себепті қалыптасатынын нақты бір теориямен түсіндіріп бере алмайды алмайды.
– Әлеуметтік ортадағы, отбасындағы агрессияның философиясы бола ма, сонда?
– Бұл жерде де әртүрлі ғылыми теориялар бар. Биологиялық теорияларға негізделетін болсақ, ер адам тарапынан әйелге агрессия жасалуы табиғи нәрсе деп қарастырылады. Әуелден физикалық тұрғыдан күші көбірек саналатын ер адам әйелге немесе айналасындағы басқа да адамдарға агрессия көрсетуі орынды, табиғи болмыс саналған. Бірақ қазіргі таңда гуманистік көзқарастар жағынан бұл оған кереғар. Әлеуметтік, гендерлік теңдік мәселесін айтамыз. Қазіргі контекс тұрғысынан бұл теориялар орынсыз есептеледі. Ал философиясына келетін болсақ, отбасылық агрессия дегеніміз саналы, парасатты адам үшін орынсыз нәрсе. Ол жерде көп факторлар бар. Этикалық даму деңгейі, саналылығы, есею деңгейі, психологиялық жетілуі, ойын жеткізе алуы, өз қалағанын жасай алу, отбасы құратын жастардың саналық деңгейі, өзара тіл табыса алуы секілді. Мұндай факторлар бар жерде агрессияға жүгіну міндетті емес саналады.
Сұхабаттың басы, жалғасы бар.