АГРЕССИЯНЫҢ АСПЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Агрессия – бүгінгі таңда қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырып. Агрессивтік мінез-құлық басқа адамға өз артықшылығын білдіріп, қыр көрсетуі немесе күш қолдануы. Мұндай қасиет адам бойында қалай қалыптасады, одан сақтану және онымен күресу жолдары қандай? Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, ғалым, философия докторы Байділлаева Ақмарал Қаржауқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

Сұхбаттың жалғасы:

 

– Кейінгі кезде қоғамда агрессияның көбейіп кеткені немесе сондай оқиғалар ақпарат айдынында көбірек тарала бастағаны байқалады. Сіздің ойыңызша, біздің қоғамда, осы кезеңде және кеңістікте, агрессия неге ушығып тұр? Себебі неде?

Бұл жерде кесімді бір жауап айту өте қиын. Себебі, бұл туралы арнайы зерттеуді мен өзім кездестірген жоқпын. Бірақ бірнеше көзқарас болуы мүмкін. Біріншіден, агрессия бұрында да болды. Бірақ мұны ақпарат құралдары қазіргідей көрсете бермеді. Екінші, 1970-80 жылдары Европада, Америкада жүргізілген зерттеулерде бұрынғы идеологиялық саясат немесе жүйе ауысқан кезде, әлі жаңасы қалыптасып үлгермеген сәтте агрессиялық, моральдық мәселелер көбірек көтерілетіні анықталған. Демек, бұрынғы құндылықтар жаңасымен сәйкес келмей тоқырауға ұшырауы қақтығысқа әкеледі деген сөз. Қазіргі бір болжам бойынша біздің елімізде де осындай процес жүріп жатуы мүмкін. Жаңа Қазақстан деп ауызша айтқанымызбен, ол нәрсе орныққан жоқ. Бірақ бұл туралы нақты зерттеулер болмағандықтан оны кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Үшінші, романтикалық, ескі дүниені көксеуден туындайтын агрессия. Адамдардың өмірін түкке тұрғысыз етіп көрсететін кинолардың көп көрсетілуі де ықпал етеді. Оның шынайы өмірге қатысы жоқ, романтика түрінде сипатталуы да әсер еткен шығар деп ойлаймын.

– Соңғы оқиғалардан көріп отырғанымыздай, агрессор – ауқатты, лауазымды адам болуы да, оқыған, білімді болуы да, дін ұстанушы болуы да мүмкін. Ауыл адамы да, қала адамы да, ер адам да, әйел адам да агрессивті болуы мүмкін. Сонда агрессияға алғышарт болатын не? Агрессиядан ешкім ада емес пе?

– Иә, барлық адам агрессиядан ада емес. Себебі индивидуализация деген процес болып жатыр. Әр адам өз ішінде «Мен» деген тұжырым қалыптастыруға талпынуда. Бұрынғыдай  көпшілікке, ұжымға, ата-анаға бағыну қалыс қалуда. Мұның жақсы жақтары көп. Бірақ сол «Меннің» шамадан тыс артуы  адамның әрекеттерінде өзгеріс тудырады.