АГРЕССИЯНЫҢ АСПЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Агрессия – бүгінгі таңда қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырып. Агрессивтік мінез-құлық басқа адамға өз артықшылығын білдіріп, қыр көрсетуі немесе күш қолдануы. Мұндай қасиет адам бойында қалай қалыптасады, одан сақтану және онымен күресу жолдары қандай? Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, ғалым, философия докторы Байділлаева Ақмарал Қаржауқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

Сұхбаттың соңы:

 

  • Мәселен, маған өзгелер тарапынан агрессия жасалып жатыр.

Одан қорғануым, сақтануым  үшін маман ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

  • Ең алдымен азамат ретінде жауап беретін болсам, мұндай

жағдайда алдымен құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл туралы қазір барлық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүруде. Күш көрсету немесе қысым жасалынып жатса заңға жүгінуге және соны пайдаланып қорғануға болады. Мұндай сәтте  тағы да  ескі көзқарас, қалыптасқан өмір салтына байланысты кедергілерге тап келеміз. «Сен қалайша өз туысыңның немесе күйеуіңнің, әйеліңнің, ата-анаңның үстінен полицияға арыз түсіресің, ұят емес пе» деген тұрғыда. Әдетте соққыға жығылатын кімдер? Қысымды кім көреді. Әрине, күш-қуаты әлсіз, шамасы келмейтін адам. Физикалық тұрғыдан әйелдерге қарағанда әлдеқайда мықтырақ саналған ер адамдардың өзі  бір-бірінен зорлық көріп жатады.  Баласын ұрып-соғатын әкелер, аналар өте көп.  Мұндай сәттерде жаңағы айтқан барьерді жеңіп өте алу өте маңызды деп айтқан болар ем.  Ересек адам қорғана білуі тиіс. Бұл маңызды нәрсе.

Енді осы мәселеге психологиялық жағынан келетін болсақ, әрбірібімізге мінез-құлық жағынан есею  қажет. Яғни жауапкершілікті өз мойныңа ала білу, өз өмірің үшін, маңайыңдағы туыс-туғандарың үшін, балаларыңның өмірі үшін жауапкершілікті сезіне білу мәселесі туындайды.

Мұндай жағдайда әрбіріміз ойлануымыз керек. Менің жасап жатқан әрекетім әлімжеттік емес пе деген тұрғыда. Моральдық дүниеде жақсы ереже бар. «Өзіме ұнамайтын нәрсені өзгелерге де жасамауым керек» дейтін. Бұл адамзат тарихындағы алтын ереже.

– Бүгінгі қоғамда  инфантилділік деген дүние етек жайып тұр. Ол дегеніміз жасап жатқан әрекетіңе өзіңді жауапты сезінбеу. Мұны қазір жиі кездестіреміз. Бұған не айтар едіңіз?

– Осы жағынан келгенде жауапкершілікті мойынға алу өте маңызды. Қоғамдағы әрбір азамат сыни ойлау дәрежесін, парасаты мен сана-сезімін, адамгершілік  болмысын жетілдіре түсуі қажет.  Мұғалім ретінде, ата-ана ретінде, жар, дос ретінде бұл нәрселерге айырықша мән беру дәл қазір өте қажет. Сонда ғана қоғам агрессиядан, агрессорлардан құтылады.

Әңгімеңізге рақмет!