АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған, бүгінде әлем танып, мойындаған мемлекетіміздің басты байлығы және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені Ата заңымызда айқын көрініс тапқан.
Қай кезеңде болмасын қоғамның дамуы болашақ ұрпақтың ұлтжандылығы мен мемлекетшілдігіне және атқарылатын барлық істердің мемлекет мүддесіне орай негізделе отырып айқындалуына тікелей байланысты.
Осыдан отыз жыл уақыт бұрын тәуелсіздігін жариялап, ата-бабамыздың аңсаған арманына қол жеткізген мемлекетіміз әлемдегі беделді және орнықты елге айнала білді.
Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді мақсат еткен мемлекетіміз өз дамуының жолында «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламаларын, Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспары мен салалық мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап жүзеге асырып келеді.
Сонымен қатар, халықаралық аренада демократияны қолдап, бейбітшілікті қалайтын ел ретінде орнықтыра білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынның 2-бағыты азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналып отыр.
Құқық дегенімізде әрбір азаматтың ойына елімізде қабылданған заңдар, нормативтік-құқықтық актілермен қатар құқықтық мәдениет, құқықтық сана деген ұғымдардың келетіні анық.
Осы ретте, құқықтық мәдениет дегеніміз – қоғамның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуымен бірге жасайтын жалпы мәдениеттің бір түрі немесе адам баласының бойында қалыптасатын құқықтық сауаттылықтың көрініс табуымен айқындалатын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін игілікті құндылықтарымыздың бірі.
Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,
заң ғылымының кандидаты