АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІН ҮНЕМІ ЖЕТІЛДІРУ ЗАҢДЫ ҚҰБЫЛЫС

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Мемлекеттің басты құндылығы ол – адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары екені баршамызға мәлім. Осы қағидалардың сақталуы демократиялық қоғамның және құқықтық мемлекеттің дамуының негізгі нышаны болып табылады. Біз әріптестеріміздің еуразиялық кеңістікте жалпыадамзаттық құндылықтарды қорғау және ілгерілету жөніндегі тәжірибесін аса қызығушылықпен бақылаймыз. Қазақстанда адам құқықтарын қорғауға және сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген, және ол конституциялық нормалар мен халықаралық шарттарға тікелей негізделеді. Қазіргі таңда Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қозғайтын барлық негізгі конвенцияларды ратификациялады. Алайда, кез-келген елдегідей, адам құқықтарын қорғау тетіктерін үнемі жетілдіріп отыру және оларды іс жүзінде тиімді жүзеге асыру қажеттілігі әрқашан туындап отырады, бұл заңды құбылыс. Жалпы еліміздегі және әлемдегі жағдай құқық қорғау институттарының рөлін күшейтуді талап етеді және оның маңыздылығын арттырады. Бұл тұрғыда адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесуге, Омбудсмен жанындағы ұлттық алдын алу тетігінің құрылуы маңызды оқиғалардың бірі болды. Бүгінде ол қылмыстықатқару, балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бұл құқықтық институт құқық қорғау мекемесінің құзыретін кеңейтті, уәкілдің жанынан ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметі үшін Үйлестіру кеңесі де құрылды.

Біздің елімізде 22 жылғы конституциялық реформа барысында адам құқықтарын қорғауды күшейту бойынша орасан зор өзгерістер орын алды. Біріншіден, Қазақстан Республикасы өлім жазасынан толығымен бас тартты, оны еліміздің ата заңында нақтылап бекітті. Екіншіден, Конституциялық сот институты қайтадан құрылды. Үшіншіден, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі туралы Конституциялық заң қабылданды, оның ұйымдастырушылық және құзыреттік мәселелері осы аталған заңмен реттеледі.

 

C. Тұрсынбекова

ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы