АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында биыл жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 139 дерек әшкереленген.  Оның  33-і қылмыстар істер болса, 106-і  теріс қылықтар. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 198 киллограмм 527,60 грамм есірткі заттары тәркіленді.  Оның ішінде,  синтетика есірткі заты, гашиш, марихуана, көкнәр сабаны,  кокаин бар. Бұл туралы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің Түркістан қаласында өткізілген  отырысы кезінде айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары сараланып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Оған ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі істер министрлігінің  Кеңес мүшелері Жанос Ақтаев пен Баян Ахатай қатысты. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың баяндамасы тыңдалды.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2025 жыл – профилактика жылы деп жарияланған. Бекітілген жоспарға сәйкес, Түркістан облыстық полиция департаменті тарапынан профилактикалық шараларды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті нығайту мақсатында қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғау бағытындағы шаралар күшейтілді. Осы негізде департаменттің жанында есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес мүшелері құрылып, нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің» 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

Өңірде ғаламтор  арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, есірткі саудасы және нашақорлық туралы ақапараттар жария еткен 405 ақпараттық сайт анықталды. Олардың жұмысы «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды. Профилактиялық шаралар жүргізу мақсатында ойын-сауық орындарында 48 рейдтік іс-шара жүргізілді. Сонымен қатар әуежай, теміржол вокзалы, «Қазпочта» қызметкерлерімен бірге есірткі құралдары және психотроптық заттарды заңсыз жөнелту фактілерін анықтау үшін департаменттің қызметтік иттерінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары тұрақты атқарылып, жалпы 50 рейдтік іс-шара өтті. Одан бөлек, дәрілік заттардың, әсері күшті дәрілік-препараттардың заңсыз айналымға түсуін анықтау бойынша тоқсан сайын «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Наурыз айында өткен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс аумағында 105 дәріхана, 4 қойма, 16 емдеу-профилактикалық мекеме және 3 өндірістік кәсіпорны тексерілді. 42 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Кеңес отырысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты тұлғаларға нәтижесіз жобаларды қысқартуды, індетті жеңген кейіпкерлермен кездесу ұйымдастыруды тапсырды. NEET санатындағы жастар, ҰБТ тапсырмайтын азаматтарға колледжердегі гранттар, «Жастар практикасы» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Жиында облыстық қоғамдық даму және денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің есебі тыңдалды.

Түркістан облысы полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасының ресми ашылуы өтті. Ауқымды шараға арнайы техника, дрондар және тікұшақтар тартылып, өңірде 18 мобильдік топ құрылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдарда екі бақылау-өткізу бекеті орнатылды. Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманбек Саховтың мәлімдеуінше, екі бірдей фитолабораторияның қызметі тоқтатылған. Сондай-ақ ҚР ІІМ өкілдері Халықаралық Қазақ-Түрік университеті мен Яссы колледжінің студенттерімен кездесіп, есірткінің ағзаға зияны мен қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиында ведомствоаралық штаб пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мәжілістері өткізіліп, атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Жиын соңында қатысушылар құқық қорғау органдары, жергілікті билік пен қоғамның есірткіге қарсы күресте, әсіресе жастар арасында есірткіге төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудағы бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.