АЗАМАТТАР ТІРКЕЛМЕГЕН 105 ҚАРУ-ЖАРАҚ ТАПСЫРДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында қару-жарақпен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізілуде. Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша бүгінгі таңға дейін  90 азамат полиция органдарына 105 бірлік тіркелмеген қару тапсырып үлгерген. Оның ішінде 94-і тегіс ұңғылы қару. Қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін оның түріне және техникалық жағдайына байланысты сыйақы қарастырылған. Осыған сәйкес, ішкі істер органдарына заңсыз сақталған және тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған 69 азаматқа 7 миллион теңге төленді.

Сондай-ақ қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 100-ден астам азаматтық қару иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 25 шетелдік жауапқа тартылды. Түркістан облысының полицейлері жедел-профилактикалық іс-шара өткізу барысында  ішкі істер органдарының  есебінде тұратын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 364, әкімшілік қадағалаудағы 91, қорғау нұсқамасы берілген 491, 388 қолайсыз отбасы және пробация бақылауында тұрған 1488 адамды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді.

Айта кетейік, “Учаске” іс-шарасы облыс аумағында ағымдағы жылдың 16 қыркүйегі мен 1 қарашасы аралығында өткізіледі. Шара құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ азаматтармен тығыз және сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Бұдан басқа учаскелік инспекторлар, жергілікті атқарушы органдар, жұртшылық өкілдері бірлесіп, мәселелерді зерделеу және шешу, алаяқтықтың, мал ұрлығының, бөтен мүлікті ұрлаудың алдын алу бойынша түсіндірме жүргізу үшін халықпен кездесулер өткізді. Жадынамалар таратылды.

Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын хабарлаймыз.