АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАЛАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысында «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» жол картасындағы жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталды. Ал қалған біреуі атқарылатын жұмыстың ауқымдылығына байланысты әлі жүзеге асып жатыр. Биыл аяқталмақ. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Басқсоуда су тасқынын алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әскер Сарбатов пен облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың есептері тыңдалды. Олардың айтуынша, биылғы жылы өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды шаралар атқарылған. Қауіпсіздік шаралары дер кезінде жүзеге асып, олар қатаң бақылауды ұсталды.
Комисия отырысында сондай-ақ әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру қорының жағдайы және ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайы да талқыға түсті. Азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсыну үшін өңірде әлеуметтік дүкендер және супермаркеттердегі әлеуметтік бұрыштардың саны артуда. Ондағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылуда.
Бағаларды тұрақтандыру жұмыстарының нәтижесінде былтыр Түркістан облысында баға индексі 100,6%-ға жетіп, бағаны тұрақтандыру бойынша облыс өңірлер арасында 2 орынға тұрақтаған болатын.
Басқсоуда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқарма басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек бағаны тұрақтандыру саласындағы бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Талдау жұмыстары арқылы анықталған кемшіліктер тез арада жойылуы тиіс екенін айтты.
Осы мәселе бойынша өңір басшысы Дархан Сатыбалды басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Мемлекет қаржысын өз мақсатында тиімді жұмсау және үнемдеу, жұмыстарды сапалы атқару, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.