АЙБЫНДЫ ГЕНЕРАЛ МҮСІНІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында бір тұлғаға орнатылған бірнеше монументтік өнер құрылыстарын жолықтырғанда, өзімізше шартты түрде «халықтың сүйікті» тұлғасы деп атап қоямыз. Ондай тұлғалар қаламызда көп екен. Оған да шүкір. Шымкенттіктердің «сүйікті тұлғаларының» қатарында Шәмші Қалдаяқовты атаса болатындай. Өйткені, біздің қалада оған арналып орнатылған білдей үш мүсін ескерткіш бар екен. Санамалай кетсек, «Шәмші аллеясы», Ш.Қалдаяқов көшесіндегі мүсіндерінде тұтастай денесі толық бейнеленсе, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның кіреберіс фойесінде тағы бір бюсті тұр.

Шымкенттіктер «жақсы көретін» тұлғалардың қатарында Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рақымов та бар. Бұл тарихи тұлғаға да Шымкент қаласы ҮШ МҮСІН арнапты. Енді осылар жайлы аз-кем сөз сабақтайық.

 ШЫМКЕНТ «ТЕМІР ГЕНЕРАЛДЫ» МАҚТАН ЕТЕДІ

«Темір генерал» Сабыр Рақымовтың ескерткіші 2012 жылы Тәуке хан даңғылы мен Елшібек батыр көшесінің қиылысқан жері, «Жеңіс» саябағының кіреберісіне орнатылған. Ескерткіш «Ұлы Отан» соғысының даңқты батыры, әскери қайраткер, генерал-майор, Кеңес одағының батыры Сабыр Омарұлы Рақымовтың (1902-1945 жж.) құрметіне қойылған. Ол – Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал. Оның ескерткішін мүсіншілер Сұлтан Ілиясов пен Абдуахат Мұратбаевтар жасаған. Сабыр Рақымов мүсіні үстіне шинел киіп, оң қолына дүрбі ұстаған күйде алға қадам басып келе жатқандай бейнеленген.

Мүсін түсті металдан жасалған, тұғыры күрең-қызыл гранитпен қапталған. Мүсіннің биіктігі – 4,2 м, тұғыры – 2,6 м. Тұғырдың алдыңғы жағында «Сабыр Омарұлы Рақымов» – деп алтын түсті әріптермен жазылған. Ескерткіштің оң жағында ұзындығы 3,10 м, биіктігі 1,85 м құрайтын күрең-қызыл гранитпен қапталған дуал-тақтайша бар. Ол жерде «1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Көкібел ауылында туған. 1943 жылы генерал-майор шені берілген. «Ұлы Отан» соғысында 39 және гвардиялық 47, 37 атқыштар дивизиясының командирі болған. Төрт мәрте Қызыл Ту орденімен және Қызыл Жұлдыз, қолбасшылар құрамына берілетін ІІ дәрежелі Суворов, Кутузов ордендерімен марапатталған. 1965 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген» – деп жазылған.

Сабыр Омарұлы Рақымов 1902 жылы қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған бала Сабырды шешесі (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. 1925-27 жылдары Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен қарсы күрестегі ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (1927 жылы). 1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін  дивизия қолбасшысы болды. 1945 жылдың 26 наурызындағы ұрыс кезінде жау оғынан Польшаның Данциг (қазіргі Гданьск қаласы) қаласында қаза табады. Сүйегі Ташкентке жеткізіліп, сондағы бауырластар зиратына жерленген. Әскери қайраткер, генерал-майор (1943 жылы), Кеңес Одағының Батыры (1945 жылы) атақтары берілді.

Сабыр Рақымовтың ескерткіші орналасқан «Жеңіс» саябағы 1945 жылы «Ұлы Отан соғысы» батырларының құрметіне ашылған. Саябақ аумағы 2 гектарды құрайды. 2012 жылы қалпына келтірілгеннен кейін саябақ жергілікті тұрғындардың серуенге арналған сүйікті орнына айналды. Сондай-ақ, мұнда уақытты пайдалы өткізуге болатын спорт алаңы орнатылған.

Саябақтың түпкі жағында «Ұлы Отан соғысына» қатысушы жауынгерлердің заттары, сол кездегі архив құжаттары, жәдігерлер және естелік фотосуреттер қойылған «Ерлік» музейі орын тепкен. Қазіргі таңда бұл музей жаңадан құрылған «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-ның құрамына кіреді.

БАТЫР ЕСІМІН ҰЛЫҚТАЙТЫН ТАҒЫ ЕКІ МҮСІН ҚАСҚАЙЫП ТҰР

Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов көшесі, №3 үйде Сабыр Рақымов атындағы Шымкент әскери колледж (2024 жылдың тамызына дейін Шымкент Республикалық Жасұлан мектебі деп аталды) орын тепкен. Биыл 40 жылдығын тойлаған әскери оқу орнының өзіндік тарихы бар. Аталған колледждің ішкі ауласына 2003 жылы Кеңес Одағының батыры генерал-майор С.Рақымовтың биік бюсті орнатылды. Бұл мүсін – Шымкенттегі С.Рақымовқа арналған ЕКІНШІ МҮСІН деп атасақ болады.

Бұған қоса, Шымкент қаласында Сабыр Рақымовтың есімі берілген №53 жалпы орта мектебі де батыр есімін өскелең ұрпақ жадына құйып жатқаны тағы бар. Оның орналасқан жері: Абай ауданы, А.Пайзахметов көшесі, №32/1 үй. Мектептің ауласында Кеңес Одағының батыры С.Рақымовқа арналған мүсін-бюст орнатылған. Бұл – батырға арналған Шымкенттегі ҮШІНШІ МҮСІН. Бюсттің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 3 метрге таяу. Мүсін қола материалдан жасалған. Жыл сайын 9-мамыр «Жеңіс» күніне орай мұнда соғыс жылдары «Қызылжар» колхозынан майданға аттанған азаматтардың ұрпақтары бас қосып, соғыс құрбандарын еске алады.

Сондай-ақ, қала аумағында қала ішіндегі Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағынауданында Сабыр Рақымов атымен аталатын көше бар. Көше шағындау болғанмен, қала басшылығының батырға білдірген құрметі деп білген дұрыс.

Осылайша, Шымкент қаласы аумағында аты «Темір генерал» деп аңызға айналған Сабыр Рақымовтың тұлғалық қасиетін ұлықтайтын үш бірдей мүсін барын назарыңызға жеткіздік. Бұл да болса, қазақ халқының өз перзенттерін құрметтей білетінін, батыр тұлғаларын биікке көтере еске ала жүретінін білдірсе керек.