«АЙНА» ҒҰМЫРЛЫ АЙНАБАЛАЕВА

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды. Дүбірлі мамандықтың қақ ортасында жүріп те биязылық табиғатына тән, жарқырап алға түспей, «қажет десе, талантымды танып алар…» деп ауыр жүкті мойымастан арқалайтын актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алтын Айнабалаеваның әр рөлі – бір дастан. Қолына диплом тиген күннен бастап Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында актрисалық ғұмырын бастаған А.Айнабалаева, үстіміздегі жылы зейнетке шыққанын да дабыраға салмай, қоңыртөбел күндер тізбегіне енгізіп жіберді. Бір сыдырғы кейіптегі көркем мінезді Алтынның аты табиғатына сай үйлескеніне тәнті болмау мүмкін емес. Шығармашылық қоржыны бай болса да міндетсіну миына кірмейтін, әр рөлін «бақытына балайтын» актрисамен сұхбат үстінде бөліскен мөлдір сырымен бөліскенді жөн көрдік.

– Әкем 3 жасымда, анам 5 жасымда өмірден қайтқан. Соңында он қыз қалдық. Ұл жоқ. Ең үлкен әпкем 11 сыныпта оқыған екен. Туыстар жиналып бізді бөліске салмақ болады. Өзі оқушы болса да әпкем бәрімізді бұрышқа жинап, алдымызда қорған болып тұрып: «Егер, бізге шынымен жандарыңыз ашыса, бізді бөлмеңіздер. Бір-бірімізге жат болып кетеміз. Әкемнің шаңырағын құлатпаймыз» деп тұрып алыпты. Туыстар ақылдаса келе, әпкемнің талабына келісіпті. Әкем созхоздың бас еспшісі болған. Әкем мен нағашылар жағы бірдей көмектесіп, ештеңеден тарықпай өстік. Әкем ауылға  сыйлы болған екен. Үлкендердің айтуынша, анам екеуі жиын-тойдың гүлі болыпты. Жазда шөп орым кезінде совхоз қорамызға машина-машина шөп тасып тастайды. Кіл қыздар жабылып жинап жатқанымызды көрген ауылдың жігіттері жан-жақтан жүгіріп келіп, шөбімізді маялап беретін.

Бірінші сыныпқа барған кезімде, сыныптас қыз маған «Жетімсің!..» дегеніне еңіреп жыладым. Бір қыз жүгіріп барып, әпкемді шақырып келді. Әпкем мән-жайды білген соң қолымнан жетелеп оңаша шығарып, «Жетім екенің өтірік пе?! Егер, бар болып «жетім десе, жыласаң болады. Шындықтан неге қашасың?! Өмірде талай соққы көресің. Шындықты қабылда!» деп ұрысқаны маған өмір бойы кредом болды десем, қателеспеймін.

Театр жайлы мүлде армандаған емеспін. Өзім Солтүстік Қазақстанда туып-өскенмін. Бізде қазақ театры болған жоқ. Өзім интернатта өстім. Петропавлдағы Н.Пагодин театрына интернаттан алып барады. Баламын ғой, спектакль көріп отырып ұйықтап қалатынмын. 4-5 сынып оқитын кезімде «Конек-Горбунок» деген ертегіге апарды. Иванушка-дурачоктың бір қазаннан екінші қазанға секірген кезде Ханзада боп шыққанына сондай сенгенім әлі күнге есімде. Әпкем ауылдағы көркем үйірмеге белсенді қатысып, «Қыз Жібекте» Дүрияны ойнап, ән салатын. Сахнада қаздарды қағазбен жасап қойған. Төлеген өлген кезде сол қағаз қаздар кәдімгідей ұшатын. Қалай жасағанын сол күйі түсінбедім. Қаз ұшқан кезде өлген Төлегенге емес, ұшқан қазға таңырқап қарайтынмын. Торғын деген әпкем бар. Ғарифулла Құрманғалиевтің мектебінен бітірген. М.Әуезов театрының актеріне тұрмысқа шықты. Ауылға келгенде әпке-жездемізге сіңілім екеуіміз концерт қоямыз. Жездем мені көріп, «Мына қыз актриса болуға лайық қой!» депті. Әсіресе, жездемнің «Мектеп бітіру кешіне әдемі көйлек әпер» деп әпкеме посылка салдырған қамқорлығы естен шықпайды. «Қыздардың бәрі көйлек тіктіріп жатыр, менде жоқ. Не киемін?» деп жүргенімде, посылкамен келген әдемі көйлекке қатты қуандым. Дәметкен деген әпкем кішкентайынан аурушаң болды. Сол әпкем доктор болғанымды қалады. Мектеп бітірген соң медицина институтына құжат тапсырып ауылға келсем, Торғын әпкем мен жездем «Алматыға алып кетеміз» деп келіп отыр екен. Сонау Баянауылдан Алматыға бару кімге де болса арман ғой.

Дәметкен әпкем «Алтын, Алматыға бармай, Целиноградтағы медицинаға түсіп, мені емдеші» деп қиылды. Баламын. Алматыға кеткім келді. Театр институтына қабылдау аяқталып кеткен екен. Әуезовте екі жылдық студия болатын. Жездем сол жерге ертіп барды. Театрдан хабарым жоқ. Жездем тақпақ пен әңгімеден үзінді берді. Жаттап алдым. Комиссияда Р.Сейтметов, Б.Омаров, С.Оразбаевтар болды. «Бойы бар, шашы ұзын, фактурасы бар екен» деп, С.Оразбаевтың шеберлік класына қабылдандым. Жақсы оқыдым. Дипломдық жұмысқа Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айманды ойнап, қызыл дипломмен бітірдім. Болашақ күйеуім – Бақтыбек екеуіміз бірге оқыдық. Мені Семейге жіберді. Болашақ күйеуім Жамбыл облысының Шу ауданынан болатын. Оны Тараз театрына жіберді. Елге кеткелі киім-кешегімді жинап жатсам, болашақ күйеуім бөлмеме келіп, паспортымды сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, қолына бере салдым. Ұшаққа билет берді. Таңғы төртте жездем шығарып салуға әуежайға алып барды. Сөйтсем, Бақтыбек жүр. «Елге кетсең сенен айырылып қаламын. Не де болса сенімен бірге боламын» дейді. Сонымен, екеуіміз үйге келдік. Үйдегілер мәре-сәре болып, дипломымның арасына ақша салып жатыр. Бақтыбек кіреберісте сопайып тұр. Атам байқап, «Мына бала кім?» деп сұрады. Әпкем жігітім екенін білетін. «Жездемнің ағайыны» деп айтып жіберді. Бәрі «құда бала» деп асты-үстіне түсті. Атам таңертең ерте тұратын. Бақтыбек те ерте тұрып, есік алдына шыққанда атам жөн сұрасқанда, жігітімнің сарыүйсін екенін біліп, «ұрлығым ашылды». Бақтыбек «отбасы жиналысына» түсіп, әңгімені ашығынан айтуға мәжбүр болды. Атам батасын беріп, Шуға келін болып түстім. Сәлем салу дегенді білмей, бірәз қиналдым. Театрда оқығаным мен күйеуім көмектесті. Қайынатам «Орысы көп жақтан келгенсің. Сәлем салмай-ақ қой. Осы мінезіңнен тайма. Адал болсаң болды» деп қолдау көрсетті.

Ұзатылып бара жатқанымда әпкем күйеуіме «Алтынның жоғары білімі жоқ. Үлгертпедің. Жоғары білім әперетін бол» деп айтыпты. Бірінші қызымды босанғаннан кейін күйеуім: «Алтын, біздің заңға сай тұңғыш бала – атасы мен әжесінікі. Екеуінің көзінше баланы сүймейсің» деді. Келістім. Индирамды әжесінің бауырына бердік. Бір күні күйеуім «Алматыға кетеміз. Әпкеге саған жоғары білім әперемін деп уәде бергенмін» деді. Алматыдағы қазіргі Т.Жүргенов университетінен «Актер шеберлігі» мамандығымен диплом алдым. Тастан Өтебаев ағамыз «Ж.Шанин театрына қыздар керек» деп, Шымкенттен біздің дипломдық жұмысымызға арнайы келіпті. Мектепте домбыраны бітіргенмін. Домбырамен ән де саламын. Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шарипова ұстаздарым мені ұсыныпты. Сол жылдары Ж.Шанин театрының көркемдік жетекшісі Жақып Омаров екен. 22 шілде күні Оңтүстікке келін болып түссем, 22 шілде күні Ж.Шанин театрына жұмысқа тұрдым. Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» Назиләға салып, бірден гастрольдік сапарға қосып жіберді. Көп ұзамай Ж.Омаров ағамыз С.Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» қойып, басты рөл – Елизаветаны маған берді. Осылайша, Ж.Шанин театрындағы актерлік ғұмырым басталды.

Алғаш Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымын сахнада Әнипа Қарабекованың ойнағанын көріп, таң-тамаша болып, «Мынандай актрисалардың қасында қалай жұмыс істеймін?» деген қорқыныш пайда болды. Әрине, тырыстым. Театрда қазақ классиктерінің туындылары жүріп жатқан кез екен. Өзімді қамшылап, сахнадағы орнымды табуға жанталастым. Кейін, Әуезовтің «Айман-Шолпанында» мен – Айманды, Әнипа – Шолпанды ойнады. Сахнаға шығардың алдында қыздар боп жүгіріп шығып, сахнада Айман, Шолпан қалуы керек. Эмоциялық ойын шынайы шығуы үшін Әнипа  сахнаға дейінгі біршама жерден қолымнан жетелеген бойы жүгіртіп алып шыққанда, ентіккен сәтім шынайы шығатын. Көп жетелеп, көмегін берді. Есте сақтау қабылетім мықты болды. Серіктестерім сахнада сөзін ұмытып қалса, өз сөзіме қосып, аузына салып жіберетінмін.

Бала күнімде мінезді болатынмын. Өмір илеп, мінезім тұйықталып кетті. Фарида апай, «Алтын, сен мына жұмсақ мінезіңмен театрда істей алмайсың. Институтта мұғалім болып қал» деп талай айтты. Театрды таңдадым. Үш баламмен басымда баспанам болмады. Театрдың 65 жылдық мерейтойына Шымкенттің меценаты Манап Өтебаев ағамыз театрға екі бөлмелі пәтер сыйлады. Көркемдік жетекшіміз Әскер Құлданов ағамыз болатын. Мені шақырып алып, «Күйеуің екеуің бірдей артистсіңдер. Пәтерді сендерге береміз» дегенде, баспаналы болғанымызға бақыттан басымыз айналды.

Тоқырау кезінде «Жалақы төлейтін ақша жоқ» деп театр жұмысқа шақырмай қойды. Бала-шағаны асырау үшін баламды ертіп, ала дорбаны арқалап базарға шықтым. Қиыншылықты елмен бірге көріп, әл-шамам жеткенше көтердім.

Театр жұмысын жалғастырып, сахнама оралдым. Студент кезімнен Дездемона мен Қарагөзді ойнасам деп армандадым. Арманыма қолым жетпеді. Ошат аға бірде «Осы Алтынға Жизельді қою керек еді» деп айтып қалды. Режиссер ауысқан кезде, шығармашылық өзгерістер болатыны заңдылық. Алғашқы шығармашылық кезеңім Жақып Омаров пен Тастан Өтебаевқа тап келгеніне қуанамын. Тастан аға күлдіріп отырып рөліңді қалай шығарғаныңды білмей қалатынсың. Кейін, Ерғали Оразымбетов режиссер боп келгенде Жақып ағаның мектебін жалғастырды.

Арманның бәріне қол жете бермейді екен. Әсіресе, шығармашылықта. Режиссердің рөл бергенін күтесің. Студент кезімде өзіндік жұмыстан сайыста «Ана – Жер анада» Толғанайды ойнап, 1-ші орынды алғанмын. Егделіктің етегіне іліккен кезде Толғанайды ойнасам деп армандаймын. Көп қойылым көңілімнен шықпайды. Жас келген сайын деңгейі биік қойылымды көргің келеді. Массалық қойылым басымдылыққа көшіп, өнегелік қойылым сиреді. Актерлердің сөздің астарына мән бермей, тақылдатып айтып шығатына қарным ашады. Үстірт. Басын қатырғысы келмейтіні қабырғама батады.

Е.Оразымбетов «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қойды. Сол кезде 40 жаста едім. Жас қыз болмай, Баянды маған берді. Бірақ, Петропавлда өткен театр фестиваліне барғанда екінші құрамдағы жас актрисаны ойнатты. Пойыздан түскен кезде сахнадағы серіктестерім Мәжіт аға қолтығымнан, Сапар аға аяғымнан көтеріп «Туған топырағыңа қош келдің!» деп, күтіп алуға келген қонақтардың шашқан гүліне аунатқан кездегі жүрек тебіренісі жан-дүниемде қалып қойды.

Жолдасым талантты, үй тіршілігіне икемі жоқ сері болды. Е.Қойбағаровтың «Қойшы мен бала» драмасында Мәрияның үлкен кезін ойнап тұрғанымда Кейіпкерімнің Баласына тағдырын еш бүкпесіз айтатын сахнасы бар. Тағдыры ауыр Мәриям – мен болып сөйлеймін. Репетиция кезінде жаймашуақ жүріппін. Сахнаға шыққан кезде Мәриямның сөзін айта алмай, сахнадан жылап шығып кеткен кездерім болды. Режиссері Әскер Құлданов аға тағдырымнан хабардар болғандықтан, сахнадан жылап шығып кеткенімде «Үзіліс» деп, менің өз-өзіме келген кезімді күтетін.

«Сахна серіктестігі» – өте маңызды мәселе. Жақында сахналанған А.Кәрімнің «Ватсап 5Б» қойылымын ойнап жатқан кезде, бір сахнаны ауыстырып жіберіппін. Сол кезде, серіктесім актриса А.Маханова өз сахнама жетелеп әкеп, көрерменге сездірмей жіберді. Бұл менің ең алғаш шатасқан сахнам болды. Мен үшін, Театр – бірінші орында. Киноға бірнеше түстім. Егер, жаңа қойылым мен кинодан қатар рөл берілсе, театрды таңдаймын. С.Таласов түсірген «Волонтер» деген фильмде бас кейіпкер Ананы ойнадым. Презентациясы болатын күні М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» драмасы бойынша вокалдан дайындық болатын. Презентацияға бармадым. Әрине, режиссер ренжіді. Бірақ, мен үшін Театр – ғұмыр. Тіршілік. С.Қасымбектің «Палата» драмасын Ғ.Арынов сахналағанда Баянның рөлін шомылып ойнадым. Ғ.Арынов қойған Ә.Файзуллаевтың «Тастанды» драмасында Мағрипаны ойнадым. Қойылым сәтті шығып, ұзақ жүрді. Кейін пьеса жоғалып кетіп, труппа жетекшіміз Сансызбай аға «Алтын, пьеса есіңде болса жазып бересің бе?» деп өтінді. Есте сақтау қабілетімнің мықтылығы соншалық, күллі пьесаны бір сөзін қалдырмай жазып бергенмін. Қаһарман ағамыз А.Әшімов сахналаған С.Ванустың «Сұлтан да өтер өмірден» драмасында Азаның рөлін ойнадым. Премьерадан соң А.Әшімов аға бағдарламаға «Әдемілігің мен нәзіктігің сахнаға керек-ақ» деп қолтаңба жазып берді. Сахнада импровизация керек. Осы қойылымда Убайдты Е.Шымырқұлов ойнады. Убайдтың маған алма беретін сахнасы бар. Бір күні реквизиторға «Жасанды алманың орнына кәдімгі алма беріңізші?!» деп өтіндім. Ол кісі жымиды да қойды. Келесі қойылымға Еркіннің қолына кәдімгі алманы береді. Сөйтсе, Ерекең алманы байқамай жеп қояды. Сахна басталды. Убайд маған алма берген соң «Убайд берген алманың дәмін-ай?!» деуім керек. «Береді екен» деп күтіп тұрмын. Алманың жоғын түсініп, «Кешегі Убайд берген алманың дәміндей» деп жіберуіме тура келді.

Е.Оразымбетов сахналаған Д.Исабековтің «Құстар фестивалінде» әнші Қарғаның рөлінде 11 рет киініп-шешінеді екенмін. Жанығып, үлгере алмай кетемін. Режиссерге «Үлгере алмаймын» дегеніме «Алтын, мен саған сенемін!..» деп, қысқа кесті. Артисте таңдау жоқ. Режиссердің айтқаны заң. 11 рет рет киініп-шешініп үлгердім. Ш.Айтматовтың «Жан пидасын»  режиссер Е.Оразымбетов сахналап, Гүлімханның рөлін Ә.Қарабекова ойнайтын. Мен жәй, арасында испан биін билеймін. Премьера күні театрға асықпай келсем, мені жанығып іздеп жатыр екен. Ерғали аға «Тез сахнаға шық. Гүлімханды ойнайсың» деді. Түкке түсінбесем де режиссердің талабымен сахнаға шығып, бас партнерім Мұқан ағамен күллі мизансценаларды өтіп алдым. Сөйтсем, сол күні Әнипамен тілге келіп қалыпты. Өзім де актриса болғандықтан, құрбы боп жүрген актрисаның орнына тап премьера күні шыққан ауыр тиді. Алдынан өттім. Әнипа «Сенің кінәң жоқ, ойна» деп ренжімейтінін білдірді. Бәрібір сонша дайындық, ұйқысыз түндер атқарған актрисаның премьераға бірнеше сағат қалғанда рөлден алынғаны қаншалық соққы екені белгілі ғой. Актерлік ғұмырымда ең қысқа мерзімде премьераға шыққаным сол болды.

Сахнаның ащысы мен тұщысына майдақоңыр мінезімен төзген, жеңген майталман актриса Алтын Айнабалаеваға шығармашылық шабыт тілей отырып, әр рөлі – бір ғұмырға айналуына тілектестік білдіреміз.

 

Сая ҚАСЫМБЕК

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург