АЛАЯҚТАРДАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Еліміздегі алаяқтық қылмыстардың ішінде өршіп тұрғаны интернет-алаяқтық. Жағдайға саралап отырып амалсыз осылай айтуға тура келіп отыр. Бұл қылмыстың көбеюіне бірқатар факторлар себеп болып отыр. Соның бірі – онлайн түрдегі сатып алу, жалға алу, қызмет көрсету, сондай-ақ ақша жіберу, интернет-банкинг және т.б. интернет арқылы жасалатын қызметтер.
Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері қоғамдық көліктерде сақтық шараларын түсіндірді. Интернет-алаяқтықтың дені WhatsApp, Instagram, Telegram, OLX т.б. әлеуметтік желісі арқылы жасалады. Ал, жәбірленушілер қандайда бір онлайн әрекет (сату, сатып алу, жалға алу, қаражат жіберу т.б.) жасау барысында кіммен сөйлесіп отырғанын және қандай тауар сатып алып жатқанын нақтыламай жатып, қолындағы қаражатын алаяқтарға оп-оңай беріп жіберіп жатыр. Осыған байланысты Шымкент қаласының полицейлері қала тұрғындарын интернет-алаяқтардан сақтануға шақырды.
Жалпы, мегаполис полицейлері киберқылмысқа қарсы іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде. Бұл жолы қоғамдық көлік жолаушыларына қырағылық таныту қажеттігі, ешбір жағдайда және қандай да бір сылтаумен белгісіз адамдарға өзінің және банк карталарының дербес деректерін хабарламау қажеттігі туралы ескертілді. Сақтық шаралары жайлы мәтіндер дауыс күшейткіш құрылғылар арқылы хабарланды.
Қала тұрғындарына интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтылды. «Банк қызметкерлерінің атынан шабуылдаушылар ақшаны шотқа аударуға көндіреді немесе смартфонға жәбірленушінің ақшасын жымқыратын қосымша орнатуды ұсынады. Ал, полиция қызметкерлерінің атынан оларға қылмыс жасаған жақын туысын жауапкершіліктен босату үшін белгілі бір соманы беруді сұрайды, сондай-ақ, әлеуметтік желілерді бұзу арқылы олар сіздің атыңыздан таныстарыңызға шұғыл ақша аударуды өтініп хабарлама жібереді. Осы жағдайлардың кез-келгенінде сіз қырағы болуыңыз керек. Егер алданып қалған болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз», – дейді полиция департаментінің өкілдері.