АЛАЯҚТАРДАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Алаяқтық – бөтеннің мүлкін алдап-арбау арқылы иемдену, жымқыру. Қарапайым сөзбен айтқанда қылмыстың бұл түрі адамның сеніміне кіріп, оның мүлкін ұрлау. Ғаламтор желісі дамыған сайын алаяқтық түрленіп, кең қанат жайып келеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтыққа түсінік беріліп, оның жазасы туралы айтылған. Кез-келген азамат осы бапта көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әйтсе де мамандар пікірін ескергеніміз де жөн. Заңгер, медиатор, «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы, қоғам белсендісі, Қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Кесебаева мұндай құқық бұзушылық кезінде не істеу қажет екенін түсіндіреді.
Білікті маманның айтуынша алаяқтардан қорғану үшін мына жәйттерді қаперде ұстаған жөн.
– Жеке несие есебіңізді үнемі тексеріп отырыңыз. Ол үшін Бірінші несие бюросының ақылы қызметіне жазылсаңыз болады. Олар сізге несие тарихыңыз өзгерген бойда SMS жібереді. Ақысы – айына 500 теңге.
Сонымен қатар, жеке куәлігіңізді де ешкімге бермеңіз, кепіл ретінде қалдырмаңыз. Оны сканерлеуге, суретке түсіруге, көшірмесін жасауға жол бермеңіз. Өзіңіз де фотоға түсіріп, бейтаныс адамдарға жібермеңіз.
Картаңызға ақша түссе, қайдан келгенін тексеріңіз. Белгісіз біреу аударса, банкке қоңырау шалып, транзакцияны тоқтатыңыз. Ақша келген шотқа қайтып барсын.
Алаяқтардың тағы бір кең таралған әрекеті – сізге қоңырау соғып не жазып, әлдебіреу сізге қателесіп ақша аударды деген сылтаумен оны өзге шотқа аударуды сұрайды. Сақ болыңыз: ол ақша атыңызға рәсімделген несиенің ақшасы болуы мүмкін, – дейді ол.
Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ адамдар кемде-кем. Уақыт талабына сай интернет те ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен интернетті игі мақсаттарға емес, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар қатары азаймай тұр. Сондықтан да құқық қорғау органдары халықты мейлінше сақ болуға шақырады.