АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚАРЖЫСЫН ЗАҢДАСТЫРЫП БЕРІП ЖҮРГЕН ЖОҚСЫЗ БА?
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

«Компанияны ақшаға тіркеу» туралы қарапайым ұсыныстың соңында қылмыстық схемалар мен жауапкершілік тұруы мүмкін. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің телеграмдағы @afm_rk ресми арнасында ескерту беріп, хабарлаған.
Құзырлы органның ресми хабарламасына қарағанда, қылмыстық топтар заңсыз жолмен алынған табысты жылыстату үшін заңды тұлғаларды жиі пайдаланады екен.
Ол үшін олар:
– жалған адамдарды тартады (көбінесе жұмыссыздар, зейнеткерлер, студенттер, ауылдық жерлердің тұрғындары);
– құрылтайшы компаниялардың, соның ішінде оффшорларда тіркелген шетелдік құрылтайшылардың күрделі тізбегін пайдаланады;
– құрылтайшыларды жиі ауыстырады.
Соңғы кездері азаматтарға ақшалай сыйақы үшін өз атына заңды тұлғаны тіркеуді, оның құрылтайшысы және жетекшісі болуды ұсынатын жағдайлар жиілеп кетті. Бір қарағанда, мұндай ұсыныстар зиянсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде олар заңсыз схемаларға байланысты болып жатады. Кейіннен бұл заңды тұлғалар ақша қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыру, салық төлеуден жалтару, жалған қызметті жасыру мақсатында пайдаланылады дейді ресми арнаның деректері.
Егер, сіз осындай тіркеумен келіссеңіз, жалған адам боласыз – қылмыстық мақсаттарда қолданылатын компанияның ресми құрылтайшысы болып шыға келуіңіз мүмкін. Тіпті, жеке өзіңіз ешқандай операция жасамағанның өзінде, сіз қылмыстық қудалау орбитасына түсуіңіз мүмкін.
Есіңізде болсын:
– Сіз өзіңізге тіркелген компанияның қызметі үшін жауаптылықта боласыз;
– Сіздің жеке мәліметтеріңіз басқа заңсыз сызбаларда қайта қолданылуы мүмкін;
– сыйақы соттылық, айыппұлдар және бас бостандығын шектеу түріндегі салдарға тұрарлық емес.
Еркіндігіңіз бен беделіңізді жоғалтпау үшін тәуекелге бармаңыз. Егер, заңды тұлғаны ақшаға тіркеу ұсынылса – бас тартыңыз, және қажет болса, уәкілетті органдарға хабарласыңыз.
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық схемаларға қатысушы болмауға және барынша сақ болуға шақырады. Байланыс үшін Call-center 1458 нөмірін де бере кетейік. Абай болыңыз!