АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚОҢЫРАУЛАРЫН ТОҚТАТУҒА АРНАЛҒАН АНТИ CALL-ОРТАЛЫҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНАН ДА АШЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов биылғы жылы еліміздің прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Астанада Анти Call-орталығы бірегей жоба іске қосылғаны туралы ақпарат бөліскен. Бұл жайында ол өзінің @Asylov_GenPr телеграм арнасында жазған.

Аталған орталықтың жұмыс бастағанына үш айдан сәл ғана астам уақыт болғанына қарамай, осы уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылған дейді ақпарат көзі. Бұл орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеп жатыр екен. Осындай қажырлы жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 22%-ға тұрақты төмендеуі байқалып отыр. Бұл деректі басқаша айтар болсақ, еліміздің мыңдаған азаматтары қаржылық шығындардан мен алданулардан қорғалып отыр деген сөз.

Бұған қоса, Орталық барлық қазақстандықтарға (оның ішінде Шымкент қаласының тұрғындары да бар) қатысты қылмыстық алаяқтық әрекет жүргізетін шетелдік колл-орталықтары мен цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесіп отыр. Ресейдің, Украинаның және Арменияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп телефондық алаяқтықпен айналысқан он қылмыстық кеңсе әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ, осы бірлескен істердің нәтижесінде олар 63 қаскүнемді ұстаған, бейнені және дауысты ауыстыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету (дипфейк технологиясы) және Қазақстан азаматтарының дербес деректер базасы бар жүздеген арнайы техника тәркіленген.

Мұндай қылмыстардың шегі мен шекарасы да жоқ. Сондықтан, оларға қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимыл аталған бағытта негізгі құралға айналып отыр. Мәселен, Беларусь Республикасының құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, олармен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылған және қазіргі уақытта Беларусьте басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына қатысты қарсы жұмыс істеген 55 адам жауапқа тартылып жатыр. Олардың азаматтарымызға (мұның ішінде шымкенттік азаматтар да бар) келтірген залал 67 миллион теңгеден астам соманы құрап отыр.

Бас прокурор Б.Асылов аталған жобаны ел бойынша ауқымын кеңейту үшін, осыған ұқсас Анти Call-орталықтарды «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып басқа да облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда (оның ішінде Шымкент қаласы да бар) құру жөнінде тапсырма бергенін, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын да тілге тиек етіп отыр. Осылайша, киберқылмысқа қарсы күрес жұмысы жүйелі инновацияларды енгізу арқылы жалғастырылатын болады дейді ол.