АЛАЯҚТАРДЫҢ 2,2 МЛРД ТЕҢГЕНІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУІНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ЖОЛ БЕРМЕГЕН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Жалпы елімізде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында құқық қорғау саласында цифрлы технологиялардың қызметін кеңінен енгізу әрекеттері жалғасып жатыр. Бұл көрсеткіштердің ішінде Шымкент қаласының да үлкен үлесі бар. Осы бағытта бірқатар тиімді шаралар мен жобалар қабылданып, олардың бастапқы нәтижелері де көріне бастаған.

Республикамыздың барлық көлемінде бейнебақылау жүйесі қарқынды дамып келеді. Соның жарқын мысалы, бүгінгі таңда 19 мыңнан астам камера жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталып отыр. Камералар бейнелер арқылы бет-әлпетті тануға, қараусыз қалған заттарды анықтауға, тіпті көлік ағындарының қозғалысы мен әрекеттерін талдауға қабілетті. Бұл жүйелердің «Жедел басқару орталықтарымен» интеграциясы оқиға орын алған сәтте нақты уақыт режимінде жедел әрекет етуге жол ашады.

Бұған қоса, полиция қызметкерлері заманауи планшеттермен және смарт-жетондармен қамтамасыз етіліп жатыр. Мұндай жаңашылдықтар олардың қызметіндегі тиімділігін арттырып, орын алған жағдайға дер кезінде жауап қайтаруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, азаматтарға қолайлы болу үшін «102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұдан бөлек, eGovMobile және екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында «Заң және тәртіп» қызметі пайда болды. Енді кез келген азамат құқық бұзушылық туралы ақпаратты «бір батырма» арқылы жолдап, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты жеңілдете алады.

«Алаяқтардың 2,2 миллиард теңгені алып қоюына тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы да артып келеді», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Әлбетте, бүгінде цифрландыру жағдайында интернет-алаяқтық қылмыстарының саны күрт өсіп келеді. Қазіргі таңда қаржылық алаяқтықпен күрес бағытындағы шаруалар кең көлемде қолға алынып жатыр. Азаматтарды қорғау үшін Ішкі істер министрлігі жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді: ерте әрекет ету жүйелері енгізіліп жатыр, күмәнді қоңыраулар мен транзакциялар бұғатталатын болады. Тек соңғы айларда ғана 2,6 миллиард теңгеден астам қаржы ұрлығының алды алынды делінген ҚР ІІМ хабарламасында.

Мұндай алдын алу жұмыстары еліміздің шеңберінде Шымкент қаласында да атқарылғаны белгілі. Шымкенттік құқыққорғау органдарының қызметкерлері де жедел қимылдаудың арқасында көптеген қаржылық алаяқтық құрбанына айналғалы тұрған азаматтардың қаражаттарын сақтап қала алды.

Жедел қызметтер алаяқтар пайдаланған 88 мыңнан астам SIM-картаны тәркіледі, сондай-ақ 67 миллионнан астам жалған халықаралық қоңыраудың жолы кесілді. Бұдан бөлек, Министрлік тарапынан алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге арналған семинарларда қауіпті алаяқтық іс-қимылдарды тани білу және қаржыны қорғау жолдары үйретіледі. Бұл – маңызды іс.