АЛАЯҚТАР КУРЬЕР БОЛЫП АЛДАУЫ МҮМКІН, САҚ БОЛЫҢЫЗ!

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Ақпараттық технологиялардың тым жедел дамуына байланысты алаяқтардың айласы да түрленіп келеді. Интернет-дүкендер мен онлайн қызметтердің дамуына байланысты алаяқтар жаңа тәсілдер ойлап тауып жатыр. Соңғы кездері интернет-алаяқтар арасында кең тараған әдіс – жалған сәлемдеме хабарламалары болып тұр, деп ақпарат таратады Шымкент қаласы прокуратурасының ресми сайты.

Алаяқтар өзінің құрбанына айналатын азаматтарға SMS хабарлама жіберіп, немесе қоңырау шалып, өздерін курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырады. Олар «мемлекеттік сыйлық», «ірі компанияның акциясы» дейтін сылтаулармен сәлемдеменің жеткізу ақысын төлеуді сұрайды да, сілтеме арқылы не банк шотына тікелей аударуды талап ете бастайды.

Осындай алаяқтықтың құрбаны болмас үшін есте сақтаған жөн: Мемлекеттік органдар мен ірі компаниялар курьер арқылы сыйлық таратпайды. Шынайы сыйлықтар үшін жеткізу ақысы алынбайды. Дәл мұндай күмән туғызатын хабарлама алсаңыз, сілтемелерге өтпей, оларды дереу жойыңыз деп кеңес береді Шымкент қаласының прокуратурасы өзінің ресми сайтында.

Айта кетсек, соңғы кездері интернет-алаяқтықтың заңсыз әрекеттері түрлі тәсілдермен жетіле түскен. Соның ішінде, соңғы кездері жақсы дамып келе жатқан экономикамыздағы такси, курьер, баспананы онлайн броньдау, демалыс орындарын алдын-ала тапсырыс беру, тауар немесе қызмет көрсету түрлерін қашықтан сатып алу секілді қызмет көрсету түрлері де еніп отыр. Тіпті, әлеуметтік желілерде бағасының арзандығымен көзді арбаған түрлі тауарлардың жарнамасы азаматтарды сазға отырғызып жатқаны да аз емес.

Сондықтан, кез-келген ақпаратты тексеру үшін компанияның ресми сайтына кіріп тексергеніңіз немесе 102 нөміріне хабарласқаныңыз жөн.

Сақтық – ең жақсы қорғаныс. Күмәндану – ең тамаша қорғаныс құралы. Мұны есіңізде ұдайы сақтаңыз! Өзіңізге және өзіңіздің ақпараттарыңызға мұқият сақ болыңыз!