Рубрика: ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА
Шымкент қаласының аумағында отыздан астам қалажұрттар (городище) мен мекенжұрттар (поселение) барын айтып жүрміз. Оған 2021 жылы ұйымдастырылған экспедиция кезінде көз жеткен. Сол кезде экспедиция жайлы арнайылап көлемді мақала да жазып ек. Отыз қайнардан бастау алатын бүгінгі Шымқаланың тарихы тым тереңде екенін қайта-қайта айта беруден шаршамаспыз біз. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қал-қадірімізше көне заманнан сыр суырып көрсек дейміз. Оның алғашқысы – Алуакент болсын.
Қазіргі қала аумағындағы отыздан астам көне қалалар мен мекендердің ішінде ең көп зерттелгені Сайрам (Исфиджаб), Шымкент, Құрлық деп тізімдесек, Алуакент деген қала аты соның қатарында болар еді. Бірақ, олай емес. Атауы мен орналасуы, құрылымы жағынан да ерекшеленіп тұрған Алуакент қандай қала еді? Бүгінде Шымшаһардың бір бөлігіне айналған аймақтағы көне қала орны осыдан мыңдаған жылдар бұрын да базары Шымкентпен қатар қайнаған ірі шаһар болған.
АЛУАКЕНТ – ҚОРҒАНЫСЫ МЫҒЫМ, СУ АРНА ЖҮЙЕСІ ҚАЛЫПТАСҚАН ІРІ БЕКІНІСТІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛА
Алуакент қалажұрты туралы алғашқы жазбаны 1910 жылы Орынборда жарық көрген И.Кастаньенің «Древности киргизской степи и Оренбургского края» дейтін еңбегінде жазылыпты (1). Аталған еңбекте Тәшкенге ағартушылық мақсатпен келген әуесқой археолог Н.Остроумов Алуакент қалажұртын қазғанын жазған. Остроумовтың сол қазбасына сілтеме жасап, Бадам өзенінің оң жағалауында орналасқан биік төбеден VIII-X ғасырларға тән адам сүйектері мен оссуарий ыдыстарын тапқан. Сондай-ақ, Х-ХІІ ғасырлардың керамика бұйымдарын жолықтырыпты. Кастанье мен Остроумов Алуакент қаласының орнын өз көздерімен көріп, тіпті біреуі қазба жүргізсе де көне қаланың орналасқан орнын нақты жазып қалдырмапты. Мүмкін, сол уақытта Шымкенттің айналасы қазіргідей қалың ел қоныстанбағандықтан көпшілік білетін танымал жер саналса керек. Қазір ғой, «ол қай жер?» деп іздеп отырғанымыз, ХІХ ғасырдың соңында ел таныған жер болған сықылды.
Ал, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясында» Алуакент жайлы біршама деректер қамтылған (2). Х-ХVІІ ғасырларда өмір сүрді деп топшыланған көне қаланы 1964 жылы Н.П.Подушкин басқарған Шымкент Пединстутының археологтар тобы тапқан деп көрсетіліпті. Мықты бекініс қабаттарымен қоршалған қала бірнеше бөліктен тұрған екен. Оның негізгі бөлігі – орталық цитадель (солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс бағытында созылып жатқан, табаны 120×75 метр, жоғары жағындағы алаңы алаңы 86×60 метр, биіктігі 5-6 метр төрткүл орталық төбешікті қамал), екінші бөлік – рабат (жалпы көлемі шамамен 1,5 гектар қамалға оңтүстік-шығысынан жанасып жататын, төрткүл пішінді алаң түріндегі құрылыстар), үшінші бөлік – қақпа қорғанысына жауапты құрылыстар (ежелгі қаланың оңтүстік бөлігіндегі екі қақпаны бақылап тұратын, табаны 22×35 метр, биіктігі 6 метр, сопақша төбешік түріндегі қақпа алдындағы құрылыстар), төртінші құрылыс – айналдыра қазылған терең ор (бүкіл қамалды периметрі бойынша, қақпа алдындағы құрылыстар мен рабаттардың бір бөлігін айналдыра қоршап жатқан, ені 5 – 15 метр аралығындағы ор), бесінші тағы бір ерекше бөлік – қорғаныс қабаттары (ежелгі қаланың батыс, солтүстік және оңтүстік бөліктерінде орналасқан конус тәрізді төбешік түріндегі мұнаралардың қалдықтары бар қорғаныс қабаттары). Міне, энциклопедияның берген мәліметтерінен өз заманында Алуакенттің қандай мығым бекіністі қала болғанын аңғаруға болар. Бір қызығы, ұлттық энциклопедия осынша үлкен қаланың қай жерде орналасқанын нақты көрсетпейді.
Алуакент жаулы тағы бір дерек 1994 жылы Алматыдан жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген еңбекте тұр (3). Аталған еңбектің 197-198 беттерінде Х-ХVІІ ғасырларға жататын археология ескерткіш біршама суреттеліп, ерекшеліктері көрсетілген. Бұл еңбекте Алуакент қалажұртының нақты орналасқан жерін нақтылап: «Шымкент қаласы маңындағы Қатынкөпір елді мекенінен батысқа қарай 2 шақырым қашықта, Темірланға қарай кетіп бара жатқан жолдың сол жақ бетінде, ескі суландыру каналының оң жағалауында орналасқан» деп көрсетіпті. Осы негіздемені алға тартсақ, біз сөз қып отырған көне Алуакент қаласының орны қазіргі «Бекжан» сауда орталығының дәл артқы жағында тұрған қалажұрт екеніне көз жетеді (географиялық координаты 42°20’51.1″N 69°31’54.8″E). Бүгінде бұл археология ескерткішінің үстінде «Сыпырған ата» мазараты деп аталатын осы заманғы үлкен қорым жайғасқан.
Осы маңда орналасқан көне қаланың орны туралы Қ.Тәжиев құрастырып, 2018 жылы жарық көрген «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» дейтін еңбектің 2-ші томында да біршама мәлімет беріліпті. Автор Шымкент қаласы аумағында орналасқан Субұрған (Сыпырған) ата әулие кесенесі көне қаланың іргесінде тұрғанын жазыпты: «Сырттай қарағанда төбенің қолдан жасалғанын байқауға болады. Төбенің ені 60-65 метр, ұзындығы 180-200 метр. Айналасы сумен қоршалған. Ел тұрғаны ескі мекен жай орындарынан байқалады. Топырағы алынған 14-15 метрлік ор үлкен канал болып қалған» деп сипаттама беріпті.
Алуакент деп аталған көне қаланың орны бүгінде Шымкент қаласының қай түкпірінде жайласқанын білдік. Көне қаланың қорғаныс қабаттары, суландыру жүйесі қалыптасқан, өнеркәсібі мен сауда қатынастары қалыптасқан мекен, ірі әскери бекініс, әкімшілік орталық болғанын шамаладық. Шамамен Х-ХVII ғасырларға жатқызылатын археология ескерткішін мемлекеттік қорғауға алу жағы ақсап жатқаны көңілге кірбің ұялатады.
ҚАРАСУ АРЫҒЫ – ШЫМКЕНТТІҢ ЕҢ КӨНЕ СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ
Алуакент қаласы орналасқан жер табиғаты жағынан сусыз далалы мекен болған. Сонау суы мол Бадам өзенінен 2 шақырымдай солтүстік тарапта жатыр. Ортағасырлық ірі қаланың өз суландыру жүйесі қалыптасқан. Тек қала ғана емес, қорған сыртындағы жатақтар жайғасқан рабаттар мен қыстақтарды да ауыз су және ағын сумен қамтамасыз еткен. Оған спутник картадан бір қарағанның өзінде көзіңіз жете түседі.
Қазіргі Шымкент қаласының аумағында Қошқарата, Қарасу, Бадам секілді өзендермен қоса бірнеше суландыру арықтары (канал) болғаны белгілі. Бірнеше ғасырдан бері Жаңашек (Янгичек), Шымкент секілді арықтар бүгінге дейін елге қызмет етіп келе жатқанына өлкетанушы К.Исмаилов құрастырған «Шымкент қаласындағы үлкен экскурсия» деген еңбекте тоқталып еді (5). Солардың қатарында Қарасу арық арнасы да бар. Жалпы, бірден анықтап алайық, географиялық нысан категориясына қарай ақысы бар су көздері болғанмен, өзен басқа, арық (канал) дегендер екі бөлек нәрсе. Түсінікті болар? Шымқаладағы Қарасу өзені – Қошқарата өзенінің ескі арнасы. Қошқарата өзені бастау алғасын «Ордабасы» алаңы мағындағы «Арал» рестораны маңында екіге айырылады: бірі Қошқарата дейтін канал бойымен «Айгүл»-«Роща»-Қатынкөпір бағытымен Самал шағынауданын суландыруға ақса, екіншісі батысқа қарай «Қарасу» шағынауданы-«Колос»-Қорғасын зауыты бағытымен барып, зауыт аумағы бітер тұстан Бадамға құяды. Бұл екінші ағыс – біз білетін Қошқаратаның табиғи арнасы. Өлкетанушы Кеңес Исмаилов ағамыз солай деп жазған.
Ал, Қарасу өзенінің Бадам өзеніне құяр тұстан тағы бір арық басталады. Қарасудың суын бұрып алатындықтан, бұл арықты «Қарасу арығы» деп аталған. Сондықтан болар, М.Әбдіәкімұлының «Шымкент қаласының тарихы» деп аталатын еңбегінің 213-бетінде осы Қарасу арығы мен оның бастауында тұрған Қарасу өзенін тұтастыра жазыпты (6). Дегенмен, өзен мен арық екеуі екі түрлі су арнасына жататыны түсінікті болар. Ол туралы жоғарыда арнайылап тоқталдық.
Біз сөз етіп отырған Қарасу арығы – Алуакент қаласының суландыру жүйесінің қайнар көзі. Ортағасырларда Отырар оазисіндегі қалаларды суландырумен жан бітірген Алтынарық (Х-ХІІІ ғасырлар), Темірарық (XV-XVII ғасырлар), Қауғанарық (Х-ХVІІ ғасырлар) сияқты аталатын магистральді арықтар бар еді ғой (7). Мұндай арықтар, су арналар, су қоймалар, кәріз жүйелері секілді нысандар да археологиялық ескерткіштер санатына жатады. Қарасу арығының да датировкасын Алуакент қаласының өмір сүрген уақытына шамалап Х ғасырдан бері елге қызмет етіп келеді деуге болады. Бірақ, нақты мерзімін кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана нақтылана түсетінін тағы бір еске салайық. Оған дейін Қарасу арығын Х ғасырда қазылған деп топшылай тұрамыз.
Осы тұста көне Алуакент қаласының орнын басқан мазаратта Субұрған (Сыпырған) ата әулиеге арналған кесене тұрғанына назар аударсақ дейміз. Ел аузындағы аңыздарда Қошқар атаның бір інісі болыпты, сол інісі Қошқар атаның аманатын арқалап, Қ.Ясауи мекен еткен Түркістан шаһарына бір құлақ суды бастап жетектеп жеткізбек болады. Қошқар ата інісіне «артыңа қарама!» деген ескертпе бергенмен, інісі ағасының сөзін елемей, бір жерлерге барғанда кенет қатты шыққан әлдебір дауысқа жалт қарап, артына бұрылыпты дейді. Сол сәтте ізінен ілесіп келе жатқан ағын су лезде тоқтап су аяғына айналыпты деседі. Осылайша Қошқар атаның бұлағынан бастау алған ағын су қазіргі «Бекжан» базары маңына дейін жеткен екен дейді аңыз. Ал, суды сол тұсқа дейін ізінен ілестіріп барғаны үшін халық Қошқар атаның әлгі інісін әулие санап, «Су бұрған ата» деп атап кетіпті де, өзінің шын аты ұмытылыпты дейді. Бұл аңыз бойынан исламның сопылық ілімінің іздері анық көрінгенмен, Исламға дейінгі кезеңнің де «су культі» элементтері бар. Соған қарағанда, «Көл иесі Қамбар-ай, Шөл иесі Қамбар-ай!» дейтін жыр жолдарындағыдай ежелгі көшпелі тайпалардың наным-сенімдерінің ізі байқалатын секілді. Артынан ағын суды ертіп далаға ағызатын құдіреті бар әулие кейпінде суреттелетін Субұрған ата бейнесінен «суды теріс ағызатын» бағзы заманның бақсылық қасиеті көрінетіндей ме? Оның үстіне, қазіргі тұрған мазаратқа кіреберісіне «Супірхан ата қабірстаны» деп жазып қойыпты. Ендеше, анау атаудан «Су Пір Хан» деген есімді байқаймыз. Демек, ізінен су ағызған әулиенің есімі «судың пірі, әм ханы» деген мағына білдіріп тұрған жоқ па екен? Не де болса, Ислам заманы келмей тұрып бұл маңайды су культіне басымдық беретін, суды пір тұтатын қауым мекен етіп тұрған секілді. Олай болса, Алуакент қаласының да тамыры Х ғасырдан тереңдеп, VII-VIII ғасырларда өмір сүруі мүмкін деген ой маздай береді екен. Тіпті, біздің жыл санауға дейінгі Қаңлы (Кангюй) мемлекетінің (біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдан біздің заманымыздың V ғасыры аралығы), не одан да тереңдеп кететін артефактілер табылып қалуы да мүмкін-ау. Ауызша айтылатын аңыз түбінде сондай астар жатыр. Біздің ойымызға қаланың мәдени қабаттарына сараптама жасайтын кешенді археологиялық қазба жұмыстары ғана нақты жауап бере алады. Оған дейін тек топшылап, ой жүгірте тұрамыз.
БАЙНАЗАРТӨБЕ – ҚОСДИІРМЕН БЕ?
Алуакенттің тап іргесінде ағынды табиғи өзен жоқ. Ал, Қарасу арығын Алуакенттің суландыру жүйесін қамтамасыз еткен қайнары болды дедік. Осы тұсқа келгенде еріксіз ойға жетелейтін бір дәйек бар. Ортағасырлық қандай да бір ірі қаланы сумен қамтамасыз ететін су жүйесінің басында стратегиялық маңызы бар нысанды бақылап отыратын қосымша серіктес елді мекені болған. Мысалы, Сауран (XIII-XVIII ғасырлар) қаласын кәріз жүйесімен қамту үшін су басындағы аймаққа Міртөбе деген елді мекен қызмет еткен. Тағы бір мысал, ескі Тәшкен шәрін сумен қамтыған Шыршық өзенінен бөлінетін Салар арнасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы Ниязбек бекінісі салынғаны белгілі. Су – өмір нәрі. Қаланы сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысанды жаудан қору керек. Оған қоса, судың ұдайы тоқтаусыз ағып тұруын, әм тазалығын да қадағалап отыру керек. Ірі қалаға серіктес бекініс сол үшін, су көзін қоритын әскери және су мұраб қызметін атқару үшін керек. Біздіңше, Алуакент қаласына баратын Қарасу арығының басында да сондай бір бекініс-мекенжұрт болу керек деп ойлап келіп едік. Бар екен.
Күні кеше Шымкенттегі көптен ойда жүрген тарихи-мәдени ескерткішке бардық. Ол ескерткіш Қызылжар («Коммунизм») шағынауданы аумағында орналасқан болып шықты. Аты – Байназартөбе (географиялық координаты 42°19’31.6″N 69°31’54.9″E). Бұл мекенжұрт көне Алуакент қалажұртын суландыруға арналған Қарасу арығының бастауында тұр. Бірақ, ол мекенжұрттың үсті осы заманғы мазаратқа айналған. Былайша, әдемі, күтімі жақсы мазарат екен. Мазараттың төбе жақ бетінде, теміржолға жақын тұсындағы бетінде Х-ХVІІІ ғасырларға тән керамика бұйымдарының сынықтарын кезіктірдік. Кезіктірген материалдарға қарап, бұл мекен Алуакенттің замандасы болғанын шамалаймыз. Өз заманында Алуакенттің стратегиялық серіктес су мұраб қызметіндегі мекені болғаны анық.
Өзін Тахирмын деп таныстырған кісі әлгі мазаратта шырақшы екен. Тахир ағаның айтуынша, ХІХ ғасырдың басынан (нақтылап айтуынша 1810 жылдан) бастап осы төбенің жанында Байназар деген кісі су диірмен ұстаған екен. Төбе аты сол кісінің есімімен байланысты аталыпты. Деп таныстырды бізге бұл тарихи орынды. Адам жерлеу үшін жер қазу кезінде ежелгі керамика су құбырлары көп табылады дейді. Тіпті, сол керамика су құбырларының әсерімен бұлақ болып шығып жатқан су көздері де жетерлік. Шырақшы аға жер қазу кезінде табылған түрлі құмыра, құм, керамика бұйымдары, сүйектер, қыш сынықтары табылып жатады, бірақ олардың ешбіріне тиіспей, қазылған шұңқырдың бір шетіне қайта көміп кететінін айтты.
Ахмет Кенесариннің ХІХ ғасырдың соңғы жағында жазған «Насаб наме сұлтан Сыдық» дейтін еңбегінде (8) Қосдиірмен деген елді мекен аты аталады. Сыдық (Садық, Сыздық) төре Қоқан әскері құрамында Шымкент бекінісі үшін орыстың генералы Черняевтің әскеріне қарсы соғысты сол Қосдиірмен деген мекенде жүргізгені туралы дерек бар. Сол мекен қазіргі Байназартөбе деп таныстырған мекенжұртқа сәйкес келетіндей. Өйткені, Шымкент қаласы маңының ескі карталарында көрсетілген Қосдиірмен деген мекен қазіргі Байназартөбе тұрған жерге шамалап сәйкесетінін байқаймыз. Ол – бір. Екінші, Тахир шырақшы айтқандай Байназартөбе маңындағы судиірмендер өзі ХІХ ғасырдың басында болса, олар әрі Қарасу арығы бойында орналасса, Қосдиірмен деген жер атауына тап түсетін сияқты. Тағы бір себеп, 1864 жылдың қыркүйек айында Ресей империясының генералы М.Черняев Шымкентті алды. Олай болса, қазіргі Байназартөбенің Қосдиірмен деген аты ХІХ ғасырдың басында қалыптасып, Черняев пен Сыдық төрелердің ұрысына дейінгі аралықта жаппай қолданыста болуы мүмкін. Осылайша, А.Кенесарин естелігінде айтылып қалатын Қосдиірмен мекен деген жер атауы ХІХ ғасырдың екінші жартысында жалпыхалықтық айналымда болған секілді.
Араға жүз жыл салып, мекенжұрттың атауы жергілікті тұрғындар жадында судиірмен ұстаушы тұлғаның атымен есте «Байназартөбе» деген жер аты түрінде қалу ықтималдығы бар. Ендеше, Шымкент қаласының тарихында ерекше орны бар Қосдиірмен деген мекен атын шамалап болса да шегеледік. Сіз не дейсіз, мамандар не дер екен?
P.S.: Алуакент жайлы азды-көпті археологтар зерттеуі бар, бірақ кешенді зерттеу жұмыстарының қажеттілігі бары көрініп қалды. Ал, Қарасу арығына арнайы археологиялық зерттеулер қажет екені түсінікті болған болар. Алуакент пен оның өмірінде маңызды рөлі бар Қарасу арығының бастауында тұрған Байназартөбе дейміз бе, әлде Қосдиірмен мекені екеніне нанамыз ба, сол мекенжұртты қоса кешенді түрде археологиялық зерттеу жүргізу керек. Кешен ретінде қараудың мысалы бар, «Сауран археологиялық кешені» деген тіркес бүгінде ғылымға айналымға енген. Дәл сондай түсінік АЛУАКЕНТ ҚАЛАЖҰРТЫ, ҚАРАСУ АРЫҒЫ, БАЙНАЗАРТӨБЕ (ҚОСДИІРМЕН) МЕКЕНЖҰРТЫ, СЫПЫРҒАН АТА ӘУЛИЕ КЕСЕНЕЛЕРІН ҚОСА ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА КЕШЕНІН ҚҰРАУ КЕРЕК ДЕП ОЙЛАЙМЫЗ.
Айтпақшы, Алуакент демекші, Алуакент – Шымкент тарихының бір парасы екеніне көз жеткен болар. Олай болса, «Алуакент» деген атауға АЛУА («халва» деп орысша аудармасын бермесек түсінбейтін ұрпақ қалыптасты ғой) деген зат себеп болуына қарағанда, ортағасырларда бұл кентте таңсық ас – алуа өндірілді ме екен? Онда қазіргі уақыттағы Шымкент маңында өндірілетін алуа (халва) өнімдерін «Алуакент» сауда маркасымен саудаласа, тіпті тап түбінде тұрған «Бекжан» сауда орталығы мен автовакзалын «Алуакент» деп өзгертсе, әдемі жарасып кетпей ме? Алуадан ауыз тиген, әм автовокзалға аялдаған шетелдік қонақтар да «неткен тарихы терең қала еді?» деп таңданары сөзсіз.
Мәселе бар. Түсінікті тілмен жеткіздік деп ойлаймыз. Ендігі кезекте Шымкент қаласының тарихи-мәдени ескерткіштері мен олардың сақталуы, зерттелуіне жауапты қалалық әкімдіктің жүрісін бағатын боламыз. Тарихшы болғасын тарих дөңгелігі саңылауынан біздің ойға түскен ойды бөлісу бізге парыз болды. Бөліскен ойды іліп әкету, құптау, не тіпті пысқырып та қарамай ескермеу де әкіматтың өз еркіндегі шаруа. Біз өз парызымыздан құтылдық деп санаймыз.
Сілтемелер:
- И.Кастанье, «Древности киргизской степи и Оренбургского края», Орынбор 1910.
https://pomnirod.ru/materialy-k-statyam/administrativno-territorialnoe-delenie-rossijskoj-imperii/gubernii-rossii/syr-darinskaya-oblast/naselennye-mesta-syr-darinskaya-oblast/chimkentskij-uezd-syr-darinskoj-oblasti/volost-chimkentskogo-uezda-syr-darinskoj-oblasti/chimkent-g.-shymkent.html
(2) Алуакент // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия, Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2001.
(3) Алвакент // Свод памятников истории и культуры Казахстана, Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1994.
(4) Қ.Тәжиев, Субұрған ата әулие // Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы, 2-том, Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2018, 485-бет.
(5) К.Исмаилов, «Шымкент қаласындағы үлкен экскурсия», Шымкент: 2018.
(6) М.Әбдіәкімұлы, «Шымкент қаласының тарихы», Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021.
(7) «Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Отырар ауданы», Алматы: «Баур» баспасы. 2007
(8) А.Кенесарин, «Насаб наме сұлтан Сыдық», Алматы: 2021.
С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ