Шымкент қаласындағы «Әл-Фараби» кітапханасында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының төрағасы Бастарбек Пірімбетовтың «Алыс та жақын жылдарым» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Кешті Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, кітаптың авторы мен оның шығармашылық жолына қатысты жылы лебізін білдірді. Ол Бастарбек Пірімбетовтың мәдениет саласына қосқан үлесі мен мемлекеттік қызметіндегі жетістіктерін атап өтті. «Біздің қоғам үшін мәдениет пен өнердің маңызы зор. Сіз кітапты шығарғанда кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп шығарып жатсыз және бұл мақтауға да, мадақтауға да лайықты дүние», – деді Сәрсен Құранбек.
«Алыс та жақын жылдарым» кітабы автордың өмірбаяны мен еңбек жолын баяндайды. Кітапта Пірімбетовтың балалық шағы, білім алу кезеңі, мемлекеттік қызметтегі жұмысы мен шығармашылық жолы туралы қызықты естеліктер мен ойлар ұсынылған.
Іс-шарада белгілі журналист, «Парасат» орденінің иегері Бақтияр Тайжан модераторлық етті. Ол өзінің кәсіби тәжірибесі мен әдебиетке деген сүйіспеншілігімен қатысушыларға кітаптың маңыздылығын түсіндірді. «Бұл кітап – автордың өмірлік тәжірибесінің жинағы, жастар үшін үлкен сабақ», – деді ол өз сөзінде.
Тұсаукесер барысында жиналған қонақтар Бастарбек Пірімбетовқа жылы лебіздерін арнап, шығармашылық табыс тіледі. Шараға қатысушылар автордың еңбек жолындағы жетістіктері мен қиындықтарын, сондай-ақ кітаптағы маңызды ойларды айтып, өз пікірлерімен бөлісті.
Жалпы алғанда, кітаптың таныстырылымы тек мәдениет және өнер саласының мамандарына ғана емес, сонымен қатар, жастар мен жалпы қауымға да пайдалы болды. Расында да, Бастарбек Пірімбетовтың еңбектері, оның шығармашылық қызметі мен қоғамдық жұмыстары Қазақстанның мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Ал «Алыс та жақын жылдарым» кітабы – өмірдегі тәжірибелер мен рухани құндылықтарды жинақтайтын маңызды еңбек. Оның негізгі мақсаты – жастарға өмірдің қиыншылықтарын жеңу, жетістікке жету үшін қажырлы еңбек ету керектігін жеткізу.
Кітаптың таныстырылымы барысында авторға сұрақтар қойылып, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы мен ынтасы байқалды. Бастарбек Пірімбетовтың шығармашылығы мен мәдениет саласындағы рөлі туралы пікірталастар да біразға дейін өз жалғасын тапты. Аталған іс-шара руханият пен мәдениетке деген қызығушылықты ғана емес, автордың келесі шығармаларына деген қызығушылықты да қоса арттырды.
Д.Баратова