АЛЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕЙМІН ДЕСЕҢІЗ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Алаяқтық – бөтеннің мүлкін алдап-арбау арқылы иемдену, жымқыру. Қарапайым сөзбен айтқанда қылмыстың бұл түрі адамның сеніміне кіріп, оның мүлкін ұрлау.  Ғаламтор желісі дамыған сайын алаяқтық түрленіп,  кең қанат жайып келеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтыққа түсінік беріліп, оның жазасы туралы айтылған. Кез-келген азамат осы бапта көрсетілген  әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Әйтсе де мамандар  пікірін ескергеніміз де жөн.  Заңгер, медиатор, «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы, қоғам белсендісі, Қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Кесебаева мұндай құқық бұзушылық кезінде не істеу қажет екенін түсіндіреді.

– Өзіңіздің атыңыздан сіз білмейтін несиенің бар-жоғын тексеру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болса жеткілікті. Сол арқылы сіз egov.kz порталынан өзіңізге қажетті ақпаратты ала аласыз. Егер сіздің атыңыздан өзге біреулердің несиені рәсімдегенін білсеңіз, онда мына әрекеттерді жасауыңыз керек:

Біріншіден, банкке барып, арнайы арыз жазып, өзіңіздің ол несиені алмағаныңызды мәлімдеңіз. Банк ішкі тексеріс жүргізуі қажет.

Екіншіден, сіздің сол аралықта жеке куәлігіңіз немесе қандайда бір құжатыңыз жоғалған болса, соны мәлімдеп, арнайы анықтаманы өткізуіңізге болады.

Егер офлайн форматта алынған несие болса, онда сіз келісімшарттың көшірмесін беруді талап етіңіз. Себебі келісімшартта сіздің қолыңыз болуы қажет.

Өкінішке орай, мұндай жағдайларда алаяқтар бірден табыла қоймайды. Сол себепті егер де банк ұйымының әрекетінен ешқандай нәтиже болмаған жағдайда өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша құқық қорғау органына ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша шағымдануыңыз керек. Бұл бойынша арнайы тергеу жүргізіледі. Егер алаяқтар табылған болса, іс сотқа дейін жетеді, – дейді заңгер.