АЛҚА БИЛЕР СОТТЫҢ ӘДІЛ ӨТУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ХАЛЫҚ ӨКІЛДЕРІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Д.Мадалиев «Алқабилерді іріктеу мәселесін халыққа түсіндіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Түркістан облыстық және қалалық прокуратурасының өкілдері, Түркістан облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің заңгерлері, мектеп және балабақша қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Д.Мадалиев өз сөзінде алқабилер заңының пайда болу тарихына қысқаша шолу жасады. Оның жұмысындағы ерекшеліктерге түсіндірме бере отырып, алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейтуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ алқабилерді іріктеу ісін оңтайландыру жүргізу қажеттігін, бұл үрдісті оңтайландыру үшін алқабилерге үміткерлердің тізімін жергілікті атқару органдарымен ақылдаса отырып іріктеу бұл саладағы істі анағұрлым ілгерілетінін айтты.
Іс шараға қатысушылар бір-бірімен алқабилердің іріктелуінің тәртібі туралы сұрақтарын қойып, заңын талқылап, сұрақ жауап арқылы пікір алмасты. Толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды.
Іс шараның мақсаты «Алқабилер алқасын іріктеу мәселесін халыққа түсіндіру» туралы халыққа дұрыс түсіндірме беру, оның заңнамасын түсіндіру, Алқаби институты не екенін және қай кезде қолданылатынын, сондай-ақ аталған заңды қолданған кезде, сот қатысушыларының міндеттерін түсіндіру, нақтылап айтқанда Алқабиге үміткерлердің міндеттерін түсіндіру болып отыр.
Алқа билер дегеніміз сот ісін жүргізу үшін азаматтардың ішінен белгіленген талаптары сақтай отырып таңдалатын азаматтар. Яғни қарапайым халықтың өкілі. Олардың сотқа қатысуы сот шешімінің әділ өтуіне ықпал етеді. Елдің сотқа деген күмәнді көзқарасын сейілтететін де сол алқа билер. Ата Заңымыздың 75 бабында «заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқа билердің қатысуымен жүзеге асырылады» деп жазылған.