Еңбектің ішінде жүрген майталмандар – ел мақтанышы. Сан түрлі салада еңбек етіп, қоғамның алға жылжуына үлес қосып жүрген жандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды. Сол арқылы еліміздің болашағы саналатын жастар қауымын тәрбиелеп, кәсіби қабілетін шыңдай түсу – тиімді тетік болып отыр. Қазіргі таңда еңбектің ортасында жүрген кісілердің атқарып жатқан тірліктері мемлекеттік саясаттың басты назарындағы шаруалардың біріне айналып отырғаны рас. Сондықтан, олардың қызметін көрсету арқылы адал еңбек етуді дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке баулитын шаралардың қатары артып тұр.
Еңбек адамының қадір-қасиетін насихаттау туралы мемлекеттің ұстанамын ел президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында, Ұлттық құрылтайларында айтқан сөздері мен басылым беттерінде жарияланған мақалаларында жиі көтеріліп жатыр. Соның бір мысалы, 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталған Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі қоғамдағы еңбек адамдары мен олардың атқарып жатқан тірліктерінің бағасын арттыра түсті.
Мәдениет саласының ескеріле бермейтін бір тармағы – музей ісі. Басқа салаларға қарағанда осы бір мамандық иелерінің ел ішінде танымалдығы, еңбектерінің елене беруі кемшін түсіп жатады. Осы бір кемшіліктің орнын толтыра алмасақ та, біз бұл мақаламыз арқылы қолымыздан келгенше музейшілердің ішінен көзге түсіп жүрген мамандарды електеп, таныстырсақ дейміз. Олай болса, бірер сәт бізге назар аударып көріңіз.
Биыл әлеуметтік желіден кездейсоқ байқап қалдық, «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан мәдениет саласының қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі мен «Жұлдызша» мүсіншесін тапсырыпты. Қызығып, арнайы танысып көріп едік, ішінде Шымкент қаласының «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің қызметкерлері де бар. Солардың ішінде аталған мекеменің ғылыми қызметкері Нұрсұлу Төлеева да бар екен. Осы қызығушылығымыз Нұрсұлу Марқабайқызымен жеке танысып, кәсіби келбетін білуге жетелей түсті.
Нұрсұлу Төлеева ханым 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы, Байырқұм ауылында туған. Н.В.Гоголь атындағы орта мектепте 1980-1990 жылдары білім алып, тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ оқу мен қоғамдық іске етене араласады. Мектеп бітірген жас түлектің араб тілі мен тарих саласын білуге деген құмарлығы мен талабы оны Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Араб тілі-педагогикалық институның табалдырығына жетелейді. Осы жоғары оқу орнының «Араб тілі және тарих» факультетіне 1992 жылы бірінші курсқа қабылданып, 1996 жылы дипломды маман болып шығады.
Нұрсұлу ханым мәдениет саласына, оның ішінде музей тірлігіне кештеу келгенмен, араб тілі мен тарих саласын қатар игергенінің арқасында бұл саланың белді қызметкері болып танылуына еш кедергі болмайды. Өйткені, еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінен жеткен көне кітаптарын оқу былай тұрсын, Кеңес заманы орнаған заманның алдындағы А.Байтұрсынов құрастырған төте жазу әліпбиімен жазылған жазбалардың өзін оқитын мамандар тапшы еді.
Нұрсұлу 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне экскурсия жүргізуші болып еңбекке араласып, музей ісіне етене араласып кетеді. Одан кейінгі жылдары осы музейде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, қор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал, «Шым қала» тарихи-мәдени кешеніне 2021 жылдың маусым айында ғылыми қызметкер болып ауысады. Бүгінгі таңға дейін осы қызметте жемісті еңбек етіп келеді.
Тарихшы мамандығы мен араб тілін қатар меңгерудің музей саласында маңызды рөлі барына Нұрсұлу Марқабайқызы жарқын мысал бола алады. Соның жарқын бір мысалы, Шымкент қаласындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі 2010 жылы «Шолпан» журналының қазақша қазіргі кирилл қарпіндегі транскрипциясымен жарық көруі. Осы журналды топтап, жинақтап басып шығару үшін Нұрсұлу ханым бастаған топ Ташкент қаласының ұлттық кітапханасына барып, 1922-1923 жылдары төте жазу араб қарпімен жазылған «Шолпан» журналының 8 санын көшірмелеп, Шымкентке жеткізеді. Сол 2010 жылы жарық көрген топтамада сол журнал толық транскрипцияланған.
Нұрсұлу Марқабайқызы музей саласына араласа жүріп, көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылуына ат салысып, музей қорын құнды материалдармен толықтыруға мұрындық болды. Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары мен Қазақстанның Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз қалаларының музейлерімен іс-тәжірибе алмасып отырды.
Кеңес дәуірі орнаған 1924-1926 жылдары шығып тұрған «Ақ жол» (бүгінгі 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің атасы) газетінің де көптеген сандарын іздестіріп тауып, қазақша кирилл қарпіне транскрипциялауға да ат салысқан. Алматы қаласындағы «Ғылым Ордасы» кітапханасынан да саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлері жөнінде материалдар жинақтап, саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының өз әкелері жөнінде айтқан естеліктерін жинақтаған «Қан жүректі қайғылым» атты кітаптың жарық көруіне де ат салысыпты. Нұрсұлу ханым бұдан да басқа бірнеше ғылыми, публистикалық мақалалардың авторы, оның еңбектері мерзімдік басылым беттерінде жиі жарияланып тұрады.
Нұрсұлу Марқабайқызы Шымкент қаласындағы музейлерде еңбек ете жүріп, еткен еңбегі еленген сәттер де болған. Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасының, Білім басқармасының, Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының, «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымының, тағы да басқа да мекемелердің алғыс хаттары, құрмет грамоталарымен марапатталған. Осындай марапаттаулардың қатарында ең елеулісі де сөз басында тоқталып өткен «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығынан Мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен мінсіз қызметі үшін алған «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері» атты төсбелгісі және «Жұлдызша» мүсіншесі, оған қоса «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының 100 үздік қызыметкері» атты Республикалық байқауына қатысып алған І дәрежелі дипломы болды.
Міне, осылайша білікті маман ретінде өзін танытқан Нұрсұлу ханым қазақ елінің тарихына қатысты ХХ ғасырдың басында араб қарпімен жазылған еңбектердің бүгінгі ұрпақтың қолына тиюіне елеулі еңбегін сіңіре білді. Алаш азаматтарының қолының табы қалған газет-журналдардың иісін иіскеп, мәнін ұқты. Еңбегі еленуі тиіс ЕҢБЕК АДАМЫ дегеніміз осы емес пе?
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |