АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

 Шымкент қаласының «Салт-дәстүр және әдет-ғұрыптар орталығы» мекемесі қазақтың материалды және материалды емес құндылықтарын жинап, жинақтап, насихаттай жүрген көп-көрім мекеме. Бұл мекеменің қызметкерлері де қазақтың жиған-терген дүниесіне жанашыр боп, шырақшыдай қызмет етіп жүрген нағыз сақадай мамандар. «Сақадай» демекші…

Әр халықтың өз салт-дәстүрі бар. Сол дәстүрге сай мәдениеті бар. Ал, мәдениеттің бастауы оның өмір сүріп отырған ортасына, шаруашылығына, әлеуеті мен экономикасына байланысты. Қазақтың ұлттық спорты да сол сарынның ішінде дамыған. Өйткені, егін егіп, көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз мейілінше сол кәсіптің өзінен ұлтқа тән ойын түрлерін дамытқан, ұрпақтан-ұрпаққа дарытқан. Бойға сіңген асыл қасиет ғасырдан-ғасырға жалғасқан.

Бірақ, мына технологияланған жаңа дәуірде ұлттық қасиеттеріміз бен ұлттық ойындарымыз жоғалуға жақын. Асық ойындары туралы сөз етуден бұрын, қазақ халқының асыққа деген айрықша көзқарасын айта кеткен орынды. Асық турасында ұлтымыз оны малдың, аңның жай ғана бір сүйегі ретінде қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырымдар бар. Мәселен, “Алты жыл аш болсаң да, асық мүжіме” деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген.

Сондай-ақ қазақ жұртында асық үйіріп болжайтын ескілікті наным бар. Бүкіл тыныс-тіршілігі қорадағы малмен етене болған халқымыз асықтың қалай түсуін де сол төрт түлік малының белгісі деп қараған. Мәселен шік – ұсақ мал шопан ата мен шекшек атаның түліктері қой мен ешкінің, бүк – зеңгі бабаның түлігі сиырдың, тәйке – қамбар атаның түлігі жылқының, алшы – ойсыл қараның түлігі түйенің, баламасы деп, үйірген асықтың түсуіне қарай алдағы уақыттың малдың қай түлігіне тиімді болатынын болжайды. Ал асық арқылы бал ашу мақсатымен жолаушының жолынан, жоқ іздеген жоқшының соңынан, аңшының олжасынан, құрған қақпанның қанынан хабары деп тілек сөз айтып, асық үйіріп болжаған. Әрине, асық алшысынан жатса, ол жолаушыға ақ жол, аңшыға қан болған қанжыға, ойға алған ісінің оңға басатынын шамалап отырған. Сондықтан да алшысынан түскен асық жоғары бағаланып келген. Қысқасы осы тектес, асыққа байланысты ұлтымыздың наным сенімі, ырымдары көп болған.

Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, аталған ойын заманға сай жаңарып жандана түсуде. Жуырда Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен ұлттық мәртебеге ие тоғыз спорттық ойындарының бірі ретінде асық ойыны таңдалды. Асық ату федератциясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржан қазіргі таңда еліміз көлемінде 14 облыста аккредиттеуден өткен федерация бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Бұл құрылымда асық атуды үйрететін 689 жаттырықтырушы жұмыс атқарады. Ресми мәліметке жүгінсек, 45000 адам осы спорт түрімен айналысады. Өңірлерде 1388 асық ату үйірмесі жұмыс істейді. 2018 жылы Ұлттық олимпиадалық комитет «Асық ату» ойынын спорт түрі деп таныған – деп атап өтті береген сұхбатында.

Қазіргі таңдағы ноутбук, смартфон, айфон, телефондардың зиянынан балаңызды алыстатқыңыз келсе, оны асықпен таныстырыңыз, ойнауды үйретіңіз.  Бұл ойынның балаңызға ұнайтыны анық. Ал денсаулыққа тигізер пайдасы зор. Мамандардың айтуынша, бұл ойын көздің көру қабілетін дамытады. Өйткені, асықты нысанаға алғанда, қан тамырларының жұмысы жақсарады екен және қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады. Асық ойнау нағыз қажет кермет ойынның бірі.Асық ойыны баланы ең бірінші шапшаңдыққа, ептiлiкке баулиды. Үнемі қозғалыста болғандықтан денесі шынығады, көздің алыстан көру қабілеті артады, ағзасы тынығады, мергендікке үйренеді, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысы жақсарады. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигiзедi. Асық ойынына Бауыржан Момышұлы атамыз «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деп баға берiп, жоғары билiкке хат та жазған екен.

Құрметті оқырман балаларыңыз асық ойнайдыма?

 

Дереккөз: 1. Егемен Қазақстан

  1. «Дәстүр» журналы
  2. «Айқын» Республикалық газеті

 

Ақмарал ОРЫНБЕКОВА

 Әдет – ғұрып және салт – дәстүр орталығының қызметкері