АТА ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ КЕЗЕҢІ

  • Астана қаласы, Есіл ауданы
blog-single-image

Конституциялық комиссия отырысында таныстырылған Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасы – жекелеген түзетулердің жиынтығы емес, конституциялық архитектураны түбегейлі жаңартуға бағытталған кешенді реформа екенін көрсетеді.
Біріншіден, жобаның инклюзивті түрде әзірленуі маңызды. Азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстардың барлығы ескерілген. Бұл – Конституцияның қоғам сұранысына бейімделіп отырғанын білдіретін басты белгі.
Екіншіден, өзгерістердің ауқымы назар аударарлық. Конституция мәтінінің 84 пайызына түзету енгізілуі – құқықтық жүйені косметикалық емес, мазмұндық тұрғыда жаңарту қадамы. Преамбуланың толық жаңартылуы, 11 бөлім мен 104 баптан тұратын жаңа құрылым мемлекеттің даму философиясын қайта пайымдауға жол ашады.
Үшіншіден, «Халық кеңесі» мен «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты жаңа бөлімдердің пайда болуы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін кеңейтуге бағытталғанын көрсетеді. Бұл – өкілді демократия мен қоғамдық келісім институттарын күшейтудің айқын көрінісі.
Төртіншіден, Конституциялық соттың рөлін күшейту – құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі шешуші қадам. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерінің күшеюі Конституцияны формалды құжаттан нақты жұмыс істейтін құқықтық құралға айналдыруды көздейді.
Сонымен қатар, бір палаталы Парламент моделіне көшу, мемлекеттік билік құрылымын қайта теңгеру, азаматтық қоғам институттарының ықпалын арттыру – басқару тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық реформалар.
Маңызды жайт – мемлекеттің біртұтастығы, аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіні туралы қағидаттардың өзгеріссіз қалуы. Бұл конституциялық реформаның егемендік пен тұрақтылықты сақтай отырып жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді.
Қорытындылай айтқанда, ұсынылған жиынтық жоба Қазақстанның конституциялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл – құқықтық дәлдікке, институционалдық тепе-теңдікке және азамат мүддесіне негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасы.
Қ.Кәрібаев