АТОМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ немесе АЭС ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Соңғы уақытта елімізде АЭС тақырыбы жиі талқыланып жүр. Қоғамда бұл туралы сан түрлі пікірлер бар. Бірі Қазақстанға АЭС мүлде қажет емес десе, енді бірі оның елге берер мүмкіндіктерін алға тартып, артықшылықтарын санамалап та жатыр. Иә, атом стансасын салу және оны игеру оңай бола қоймасы бесенеден белгілі. Әйтсе де, жыл өткен сайын электр энергиясын тұтыну деңгейінің өсіп жатқанын ескерсек, елді тұрақты түрде энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін электр энергиясын өндірудің жаңа негізгі көзін енгізу қажеттілігі байқалады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды», – деген болатын.

ӘЛЕМДІК АЭС-ТЕР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Алдымен АЭС деген не? Осыған тоқталайықшы.  АЭС, яғни атом электр станциясы – ядролық энергияны пайдаланып электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын. Ол ядроның нейтрондармен әсерлесуінен туатын энергия көмегімен жұмыс істейді.

Әлемдегі алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Ресейдің Обнинск қаласында іске қосылған екен. Ол электр қуатын өндіретін алғашқы АЭС болған. Осыдан кейін әртүрлі елдерде атом станцияларын әзірлеу және салу үрдісі қарқын алып, 1956 жылы Ұлыбританиядағы алғашқы коммерциялық АЭС – Calder Hall өз жұмысын бастапты.

«Бүгінгі таңда әлемде 31 елде шамамен 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Ең көп АЭС саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Ресейде (36) және т.б. орналасқан. АЭС пайдаланылған 70 жыл ішінде әлемде ескі реакторларымен тек 3 ірі төтенше жағдай орын алды: АҚШ-тағы Три-Майл-Айлендтегі (1979), Чернобыльдегі АЭС-тегі (1986) және Жапониядағы Фукусима-1 станциясындағы (2011) апат. Осы апаттардың тәжірибесіне сүйене отырып, сенімділік пен қауіпсіздік көрсеткіштері барынша жақсартылған жаңа буын реакторлары пайдалануға енгізілді. Қазіргі заманғы АЭС табиғи және техногендік экстремалды әсерлерге, соның ішінде үлкен магнитудалы жер сілкіністеріне және жанармайдың толық жүктемесі мен максималды жеткізіліміндегі ең үлкен ұшақтың құлауына, 8 балдық жер сілкіністеріне және басқа табиғи құбылыстардан қорғауға төтеп беру үшін теориялық мүмкін модельденген жағдайларда да артық қауіпсіздік қорымен жобаланған. Сондықтан қазіргі заманғы АЭС-тердегі апаттардың ықтималдығы 10 миллион жыл жұмыс үшін 1 апаттан кем. Бұл ретте көмір ЖЭО-да жарылыс ықтималдығы 80 есе жоғары», –  дейді ғаламтор жазбалары.

ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН 5 СҰРАҚҚА 5 ЖАУАП

Иә, АЭС тақырыбы  талқыға түскен уақыттан бастап ақ көптің көкейінде бұл мәселеге қатысты сан түрлі сауалдар пайда болды.  Атом станциясының бізге қандай пайдасы бар? Оның зиян-зардабы қаншалықты? Қауіпсіздік мәселесі қалай шешіледі? АЭС салсақ ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Осы секілді біршама сұрақтарға жауап алу мақсатында біз де бұл тақырыпқа тереңірек үңілген едік.

  1. АЭС салудың артықшылықтары қандай?

Біріншіден, АЭС сенімді энергия көзі болғандықтан үлкен көлемде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ірі қалалар мен өндіріс орындарын қуатпен қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай ақ тау-кен, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі сияқты энергияны көп қажет ететін салалар үшін өте маңызды.

Екіншіден, энергияның өзіндік құны төмендейді. АЭС салынғаннан кейін оның жұмыс істеуі салыстырмалы түрде арзанға түседі және электр энергиясын тұрақты бағамен ұсына алады. Электр қуатының бағасының арзандауы ең алдымен тұтынушылар үшін  тиімді болатыны анық.

Үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына септігін тигізеді. АЭС-тің құрылысы мен жұмысы көп адамдарды жұмыспен қамтып, экономикалық өсімге ықпал етеді.

Төртіншіден, елде атом электр станциясының болуы оның әлемдік аренадағы беделін автоматты түрде арттырады. АЭС-тің арқасында біз шикізат ресурстарына тәуелділікті азайтып, таза энергия саласында көшбасшы бола аламыз және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Оған қоса АЭС салу және пайдалану елдің ғылыми-техникалық деңгейін көтеруге ықпал етеді.

  1. Қазақстанда бұл салада кәсіби мамандар бар ма?

Иә, Қазақстанның ғылыми институттары да, жоғары білікті мамандары да бар. Сондай-ақ, бүгінгі таңда АЭС-ты пайдалану үшін белсенді түрде мамандар даярлануда. Елімізде жоғары оқу орындарында атом саласы үшін кадрлар даярлау ядролық физика, ядролық инженерия, ядролық физика және атом энергетикасы, теориялық ядролық физика негізінде жүргізілуде. Сонымен қатар, Қазақстан шетелдік әріптестермен ғылыми-білім беру базасын дамытуда. Тәжірибе алмасу және кадрлық әлеуетті арттыру үшін Франция, Ресей және Венгриямен бірқатар құжаттарға қол қойылды.

  1. АЭС-ты қамтамасыз ету үшін уран қоры жеткілікті ме?

Қазақстан уран қоры жөнінен дүниежүзінде екінші орында және ол дүниежүзіндегі қордың шамамен 14%-ын қамтиды. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады. Елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар, бұл атом электр станцияларын алдағы ұзақ жылдар бойы отынмен қамтамасыз етеді.

  1. АЭС қоршаған орта үшін қаншалықты қауіпті?

АЭС көмір станцияларымен салыстырғанда қалдықтарды айтарлықтай аз шығарады. АЭС қалдықтары олардың түріне және технологиясына байланысты қайта өңделуі мүмкін. Мысалы, пайдаланылған ядролық отын қалдық болып саналмайды, өйткені оны қайтадан энергия көзі ретінде пайдалануға болады. Қалдықтар халықаралық стандарттар бойынша қайта өңделетіндіктен ол қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына қауіп төндірмейді. Қазақстанның ядролық материалдармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар және мұнда барлық қауіпсіздік шаралары сақталатын болады.

Қазіргі АЭС-терде радиациялық ағып кетуге жол бермейтін қорғаныс бар. Сондықтан АЭС-ті пайдалану табиғат пен адамдарға теріс әсер етпейді. Бұл әлемнің әртүрлі аймақтарында АЭС-ке жақын тұратын халықтарды зерттеу және бақылау барысында дәлелденіп отыр.

  1. АЭС-тің Балқаш көліне зияны тиюі мүмкін бе?

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябековтің айтуынша АЭС-тің Балқаш көліне  кесірі тимейді. «АЭС-те радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды. Бірнеше контур болады. Сол контур бойында салқындатылады. Біз суды не үшін қолданамыз? Ең алдымен реакторды салқындату үшін. Бұл суды тоғандардан, жанындағы көлден аламыз. Контурдағы құбырмен жүретін су көл немесе тоғандағы сумен жанаспайды. Сондықтан «радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылады» деген пікір дұрыс емес», – дейді ол.

ТУРИСТЕРДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚҰРЫЛЫС НЕМЕСЕ ТҮРКИЯДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ

Біз АЭС тақырыбын қызу талқыға салып, референдумға дайындалып жатқанда Түркияда «Аккую» деп аталатын әлем бойынша ең ірі АЭС-тің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асатын нысанның құрылыс жұмыстарына шамамен 34 мың адам жұмылдырылған. Мұнда ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен 4 реактор тұрғызылмақ. Қазіргі таңда құрылыс алаңында бетон мен арматура өндіретін зауыттардан бөлек, тікұшақ қонатын алаң мен жүк түсіретін кеме айлағы бар.

Бір қызығы, құрылыс басталғалы туристер тарапынан қызығушылық артқан. Себебі бұл жер саяхатшылар арасында танымал Анталья мен Аланияға өте жақын орналасқан. Бұл туралы журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазады: «АЭС туралы әңгіме көбейген соң мен «Бауырлас, туыс елдің бірі – Түркияның бұл тараптағы тәжірибесі қалай екен?» деп солардың мысалын біршама зерделеуге тырысып көрдім. Олар алғашқы АЭС құрылысын 2010 жылы бастапты. 2010 жылдың мамырында Түркия мен Ресей «Аккую» атом электр стансасын салу жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойған. Содан кейін келіссөздер жүргізіліп, біраз дүние пысықталып қойған екен. Алайда 2015 жылы түркиялық ұшқыш Сирияда Ресейдің Су-24 ұшағын атып құлатқаннан кейін АЭС салу мәселесі тоқтаған. Тек 2016 жылы екі елдің Президенттері кездесіп, атом стансасының мәселесін шешті. Осылайша ұзаққа созылған келіссөздерден кейін 2018 жылы АЭС-тің құрылысы басталды. Ал 2020 жылы екінші реактордың іргетасы құйылды. Жоспар бойынша «Аккую» стансасын былтыр қолданысқа беруі керек еді. Алайда санкцияға байланысты оның мерзімін ұзартты.

«Аккую» АЭС-інде ВВЭР-1200 реакторы бар 4 блок салынады. Оның жалпы құны 20 миллиард доллар деседі. АЭС жұмысы толық іске қосылғаннан кейін 40 000 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірмекші. Бұл – Анадолыға қажет энергетиканың 10 пайызын құрайды. Былайша айтқанда, Стамбул  халқын қамтамасыз етуге жеткілікті. Мамандардың есептеуінше, «Аккую» стансасында бір жылда 1 тонна уран қолданылады екен. Салыстырып қарасаңыз, жылу электр стансаларында жылына екі миллион тонна көмір не мазут жағылады.

Негізі «Аккую» орналасқан Мерсин аймағы (түріктер «ил» дейді) көлемі жөнінен Түркиядағы сегізінші өңір саналады. Дегенмен көршілес жатқан Антальяға туристер көптеп барып, Мерсин тасада қалып келген. Түркиядағы алғашқы АЭС құрылысы Мерсин аймағына тың серпіліс әкелгені байқалады дейді жергілікті баспасөз. АЭС салынуына байланысты қомақты инвестиция да құйылған. Енді Жерорта теңізінің жауһарын көруге келгендер Мерсинді де жиі таңдайтын болыпты. Халық саны көбейіп, сауда-саттық күрт ұлғайыпты. Қонақүйлер және басқа да ғимараттар бой көтеріп, туристер қатары күн санап артып келеді дейді».

Жалпы, Түркия атом энергетикасы мәселесіне сонау 1970 жылдары көңіл бөле бастаған. Сол кездің өзінде мамандар болашақ АЭС-тің құрылысын Аккуюда салатынын анықтап қойған. Тіпті, Түркияның бақылау органдары 1976 жылы КСРО-ға станцияны салу жөнінде лицензия берген. Алайда, қаржылық және экологиялық түйткілдерге байланысты АЭС жобасы кейінге қалдырылды. Сөйтіп, экономикасы сәт сайын дамыған мемлекет бұл идеяға 2000 жылдардың басында қайта келді. Арнайы тендер жариялап, көптеген мемлекетпен келіссөз жүргізілді. Жобаны шамамен 44 млрд АҚШ долларына бағалағаны да белгілі. Айналып келгенде, Түркия АЭС-ті басқа мемлекеттер айтқан қаржыдан екі есе төмен сома мен тиімді шарт ұсынған Ресеймен бірлесіп салуды ұйғарды. Осылайша, 2010 жылы үкіметаралық келіссөзге қол қойылып, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы «Аккую» АЭС-ін салу жобасына кірісті.

АЭС САЛУ МӘСЕЛЕСІ РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ШЕШІЛЕДІ

Биылғы жылдың 6 қазанында елімізде АЭС салу мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдум өтеді деп жоспарланып отыр. Республика азаматтары «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген бір сұраққа жауап беруі керек. Бұған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын», – деп түйіндеген болатын. Егер референдумде АЭС салу мәселесіне дауыс берушілердің көпшілігі қолдап дауыс беріп жатса, елдегі тұңғыш атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болады.

ТМД, ШЫҰ, ОТГ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері мен 37 елден 200 шетелдік журналист бақылайтын бұл референдум үлкен стратегиялық маңызға ие. Оған азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Референдум арқылы тиімді болатын нақты шешім қабылданбақ. Сондықтан біз де еліміздің барша тұрғындарын бұл мәселеде қалыс қалмауға шақырамыз.

М.ЫБЫРАЙ