АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ АЙМАҚТЫҚ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Бүгін Түркістан қаласында ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы басталды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Асхат Аймағанбетов, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, ауылдық округ әкімдері, облыстық партия филиалының жауапты өкілдері мен аумақтық партия филиалдарының жетекшілері қатысуда.
Ауылдық деңгейдегі басқару жүйесін жетілдіруді, әкімдердің кәсіби әлеуетін арттыру, сондай-ақ, ауыл-аймақтардағы нақты проблемаларды шешу жолдарын қарастыру. Форумның негізгі тақырыбы осы мәселелерге арналды. Өйткені ауыл халқының ең жақын жанашыры, тірегі, қолдаушы – ауыл әкімі. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау міндеттерінің орындалуы, ең алдымен әкімдердің іскерлік қарым-қабілетіне тікелей байланысты екені анық.
Форум жұмысына төрағалық еткен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықпен тиімді кері байланыс орнату – жергілікті басқарудың басты қағидаты болуы керек», – деп атап өткен болатын. Сондықтан, сіздердің жұмыстарыңыз – тек әкімшілік емес, қоғаммен тікелей жұмыс істеу, халықтың үніне құлақ асу, сенімді ақтау жолындағы күнделікті еңбек. Ауыл – ел тірегі ғана емес, болашақтың бастауы. Ауыл көтерілсе – ел еңсесін тіктейді. Әр ауылдың дамуы – елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да, әрбір әкім, өз ауылын шағын орталық ретінде дамытуды мақсат тұтуы тиіс. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, шынайы жанашырлықтарыңыз арқылы ауылдарымыз өзгереді, жаңарады, жаңғырады», – деді.
Бүгінгі таңда республика халқының 40 пайызы ауыл-аймақтарда тұрып жатыр. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау арқылы таңдау ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға, мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Бұл тұрғыда, халқының басым көпшілігі ауылдарда тұратын Түркістан облысында 2021 жылдан бері 226 мәрте ауыл әкімдерінің сайлауы өткен. Бұл қолынан іс келетін, басқару қабілетіне ие, ұйымдастырушылық қабілетін жоғары азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол аштыы. Саяси науқанда ауыл әкімі лауазымынан үміткер болғандардың ішінен «AMANAT» партиясының 214 кандидаты жеңіске жеткен.
Бүгінгі таңда Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымында 181 ауылдық округі бар. «AMANAT» партиясы бастамашы болған бүгінгі форумға 137 ауылдық округтің әкімі қатысты. Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бүгінгі жиын ел болашағына қызмет ететін ауыл әкімдерінің кәсіби және қоғамдық рөлін арттыруға арналған маңызды саяси-әлеуметтік диалог алаңы болып отырғанын жеткізді.
– 2021 жылғы 25 шілдеден бүгінгі күнге дейін облыс аумағындағы 181 аудандық бағыныстағы қала, кент, ауылдық округ, ауыл әкімі лауазымдарына 226 әкімдердің тікелей сайлауы өтті. Сайланған әкімдердің 61,5 пайызы ауылдық округ әкімі лауазымына алғаш рет сайланғандар, 38,5 пайызы – қайта сайланған лауазым иелері. Бұл – елдің жергілікті басқаруға қатысуының нақты көрінісі. Ауыл әкімдері енді тек тағайындалатын емес, халықтың сенім мандатын алған жауапты тұлға ретінде әрекет етуі тиіс. 2023 жылдан бастап ауыл әкімдіктеріне дербес бюджеттік өкілеттік берілді. Бұл – тек құқық емес, үлкен жауапкершілік. Бюджет жоспарлау, қаржы игеру, жобаларды іске асыру – барлығы ауыл әкімінің біліктілігіне байланысты, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев форумда сөйлеген сөзінде.
Өңірде ауыл әкімдерімен жұмыс үш негізгі бағытта жүргізіліп келеді. Олар халықпен тығыз байланыс орнату, инфрақұрылымдық жобаларды тиянақты іске асыру, жастар саясаты және әлеуметтік қолдау салалары бойынша мәселелерді жіті қадағалап, оның сапалы орындалуына күш салу.
Басқосуда ауыл әкімдерінің қызмет тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді, тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыру механизмдері туралы әдістемелік көмектер көрсетілді. Мемлекет басшысының саяси реформалары кең ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік бергені айтылды. Соның ішінде ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу процесстері еліміздегі саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейткені сөз болды.
Форум жұмысының қорындысымен мемлекетке адал еңбегі сіңген, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан және «AMANAT» партиясының стратегиялық бағытын қолдап, оның бағдарламалық міндеттері мен жобаларын іске асыруға табандылық танытқан бірқатар ауыл әкімдері Түркістан облыстық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.