АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ БАСҚАРМА ЖӘНЕ ДЕПАРТАМЕНТТЕРГЕ ТІКЕЛЕЙ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан қаласында өтіп жатқан ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумында олардың жұмысын жандандыру және мемлекеттік құрылымдардың өзара  байланысын нығайтуға байланысты да бірқатар мәселелер  қозғалды.  Енді ауыл әкімдерінің   өзекті деген сауалдар бойынша облыстық басқармаларға, департаменттерге тікелей жүгінуіне мүмкіндік жасалды. Бұл ауыл аймақта орын алған проблемаларды дер кезінде шешуге оң ықпалын тигізбек.

Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында ауыл әкімдеріне  мұнан өзге де пайдалы көптеген ақпараттар айтылды. Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және оларды жүзеге асыруда кездесіп жатқан өзекті мәселелер туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңатаров, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға септігі тиіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, бағдарламаға енгізілген жаңа талаптар жөнінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ақпарат берді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында кезек күттірмейтін мәселелер бар екеніне баса мән беріліп, облыс тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі болып табылатын саланың өзекті мәселелерін түбегейлі шешуде облыстық басқарма ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екені айтылды.

Ауылдардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, ауыз су, табиғи газ жүйелерінің тартылуы, электр қуатының сапалы болуы мәселелері  Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның хабарламасында айтылса, ауыл тұрғындарының әлеуметтік сұраныстары, халықтың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік әлеуметтік қолдаулардың көрсетілуі туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың баяндамасында қамтылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген «Жер аманаты» жобасының орындалуы, жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару бойынша қабылданған жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат ұсынды. Ал Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық төлемдерінің орындалуы бойынша ауыл әкімдерінің қызметтік функциясы жөнінде түсінік беріп, пайдалы мағлұматтар берді.

Ерекше тоқталатын мәселелердің бірі  «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуына облыстық қаржы басқармасы тікелей жауапты болғанымен, оны тиісті деңгейде атқарудағы жауапкершілік аудан және ауыл әкімдеріне жүктелгені айтылды. Партия бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, сапалы орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша биылдың өзінде 8 мың 102 адам оқытылды. Оның ішінде банк алдындағы несие қарыздары 90 күннен асқан қарызы бар азаматтар санатынан 1 мың 785 адам – офлайн, 317 адам – онлайн оқу курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуы қажет екені айтылды. Жобаны іске асырудың нәтижелері мен өзекті мәселелері туралы Түркістан облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ержан Қангелдиев баяндама жасады. Жиын барысында несие қарыздары бойынша берешегі бар азаматтардың есепшоттарын бұғаттаудан шығару, осы санаттағы азаматтарға заңгерлік көмек көрсету, несие қарыздары бар азаматтарға қарыздарын өтеуге жеңілдіктер беру мәселесі жөнінде қажетті кеңестер берілді. Тұтынушы несиесін рәсімдеуде азаматтардың жас мөлшерін 18-ден 21-ге дейін ұлғайтуды заң жүзінде белгілеу, коллекторлық ұйымдардың қызметін құқықтық реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқаны айтылды.

Басқосуда сонымен қатар  Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің жетекшісі Бақытжан Серманизов Шардара су қоймасында су деңгейінің күрт түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл ахуал тұрғындар үшін қолайсыз боп жатқанын жеткізді. Экология, энергетика және халық тұтынатын ауыз суға тікелей қатысы бар бұл мәселені Парламент депутаттарынан Үкімет алдында көтеріп, орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы қарауды ұсынды.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ашып берген алаңның практикалық тұрғыда пайдалы жиын болғанын Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округінің әкімі Біржан Махсутов пен Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Аманатайұлы айтып, партияға ризашылықтарын білдірді. Партия атынан сайланған ауыл әкімдері Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, партиялық жобалардың жүзеге асуы туралы тәжірибелерімен бөлісті.

Ауылдық деңгейдегі басқару жүйесінің өзекті мәселелері ашық талқыланған, өзара тәжірибе алмасуға сеп болған, ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік ашқан жиынның қорытындысында, ауыл азаматтарының сұранысын дөп басқан, олардың қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», тағы басқа партия жобаларын нақтылы іске асыру, ауыл-аймақтардың тазалығын сақтау, елдің ішкі бірлігін бекемдеу мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылданып, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынды.