АҚТАУДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМДА ШЫМКЕНТТІК МУЗЕЙ ЭКСПОНАТТАРЫ ТУРАЛЫ ДА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
- Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы
Ақтау қаласында 2025 жылдың 16-17 қазан аралығында IV Түркі әлемі музейлерінің кездесуі аясында «Тас ескерткіштері – түркі әлемінің ортақ мұрасы» атты халықаралық симпозиум өтті. Бұл жиын «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен және Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ерекше маңызы бар халықаралық жиын болды.
Бұл симпозиум – ұлттар арасындағы рухани үндестікті нығайтып, түркі халықтарының көне тарихы мен мәдени тамырын тоғыстырған бірегей алаң болды. Мұнда бауырлас елдердің музей жетекшілері мен белгілі ғалымдары тасқа таңбаланған тарихтың тылсым сырларын талқылап, ортақ мұраның мән-маңызын айқындады.
Шымкент қалалық музейлер бірлестігі атынан мекеме басшысы Ж.Құрбан «Мәдени-мемориалдық тас кешендер – дала өркениетінің мәдени коды ретінде» атты мазмұнды баяндама жасап, қазақ даласының тарихи-мәдени сабақтастығына тоқталды.
Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны қорғау және есепке алу бөлімінің басшысы С.Дүйсебаев «Сайрам бағаны және оның киелілік қасиеті» тақырыбындағы зерттеуін ұсынып, өңір тарихындағы киелі мұралардың мәнін ашып көрсетті.
Симпозиум барысында музей ісін халықаралық деңгейде дамыту, жәдігерлерді сақтау мен цифрландыру, мәдени туризмді жетілдіру бағытында өзекті ойлар мен жаңа бастамалар көтерілді.
Мұндай рухани маңызы зор кездесулер — түркі халықтарының ортақ тарихын дәріптеп, музей саласын жаңаша серпінмен дамытуға жол ашады.
Жауһар ТӨЛБАСЫҚЫЗЫ
«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК ғалым-хатшысы
#ШымкентМузейлері #ТүркіӘлемі #Ақтау2025 #ТҮРКСОЙ #МәдениМұра #ТасЕскерткіштер #МузейІсі