«АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан қаласы өткен жылы «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бойынша республика аймақтарының ішінде 12-ші орынға тұрақтаған. Жалпы осы салаға жауапты министірлік бекіткен “Ақылды қала» бастамасы 19 негізгі бағыттан тұратын болса, Түркістан шаһарында соның 11 бағыты жүзеге асырылған. Ал қалған 8 бағыт бойынша жұмыстар енді қолға алынатын болады. Олар: «ақылды аялдамалар» салу, «ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын (оның ішінде электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде) «ақылды есептегіштермен» қамту, қала тұрғындары коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бірыңғай есеп айырысу орталығын құру, облыстық ахуалдық орталығын құру, қала ішінде контейнерлік алаңдарды цифрландыру, қала үшін бірыңғай мобильді қосымша әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осыған байланысты, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы Түркістан қаласында «Ақылды қала» бастамаларын жүзеге асыру бойынша жол картасы әзірледі. Жалпы аймақта «Ақылды» қала жобасының жүзеге асырылуы бүгінгі таңда 74,6 пайызға жетіп отыр. Аймақты дамытуда айырықша маңызға ие бұл жоба обыс әкімінің қатысуымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Басқсоуда Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тураби Ертай мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының осы бағытта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қалаларды цифрландыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды барлық аудан, қала орталықтарында жүзеге асыру керектігін айтты. Түркістан қаласындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Заман, технология дамып жатыр. Жасанды интеллект пен соңғы технологиялық жаңалықтардың игілігін пайдаланып, аймақты дамыту жұмыстарына жаңа жобаларды енгізу керек. Электр үнемдейтін, күннен қуат алатын бастамаларды көбейту керек. Түркістан қаласында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бойынша 2025 жылға арналған Жол картасына қажетті толықтыруларды енгізіп, шұғыл түрде бекітіңіздер. Іске асыру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет. Аудан, қалаларда өңірлік инфрақұрылым объектілерін жобалау кезінде «Ақылды қала» жобасының негізгі критерийлерін ескеріп, облыстағы цифрландыру саласына жауапты басқармамен келісуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінгі таңда облыста «Smart city» жобасы жүзеге асырылып келеді. Түркістан қаласында қоғамдық тәріп және жол қауіпсіздігін сақтау бағытында бейнекамералар орнатылған. «Түркістан — қауіпсіз қала» жобасының арқасында тарихи шаһарда қоғамдық тәртіп түзеліп келеді. Полиция қызметкерлері қала көлемінде қоғамдық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және оны болдырмауға күш салуда. «Түркістан — қауіпсіз қала» жобасы 3 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт қылмыстылықты төмендету, ал екінші бағыт қауіпсіздікті қамтамасыз ету және үшіншісі қоғамдық саяси ахуалға әсер ететін мәселелерді шешу болып табылады.
Сондай-ақ Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктерге жол ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілген. «109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуде. Қаладағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылған. Облыс орталығында 17 «SOS» батырмасы орнатылған. Барлық медициналық ұйымдар компьютермен және «Дамумед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен 100%-ға қамтылып, жұмыс істеп тұр. Ұзындығы 845 шақырым болатын 800-ден астам көшенің 92 пайызына жарықшамдар орнатылған. «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасып жатыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жуырда «ақылды» қала рейтингісін ұсынды. Аймақтардың технологияларды енгізу деңгейі бойынша сараланған талдаудың көшбасында Астана, Алматы және Қарағанды қалалары тұрса, тізімді Ақтау қорытындылайды. Рейтингке электрон күнделіктер, дәрігерге онлайн жазылу жүйесі, автобустарды нақты уақытта қадағалау және “109” бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейтін қалалар енген.
Қазақстандағы “ақылды” қалалар рейтингі:
- Астана
- Алматы
- Қарағанды
- Қостанай
- Өскемен
- Орал
- Қызылорда
- Павлодар
- Талдықорған
- Шымкент
- Петропавл
- Түркістан
- Атырау
- Қонаев
- Ақтөбе
- Көкшетау
- Тараз
- Семей
- Жезқазған
- Ақтау
Айта кетейік, мұндай рейтинг 2020 жылы да жасалған болатын. Ол кезде бағалау 11 бағыт пен 80 көрсеткіш бойынша жүргізілген. Талдау білім беру, медицина, ТКШ, көлік, экологияны цифрландыру, әкімдік қызметтерін автоматтандыру, “ақылды” есептегіштерді енгізу, стартаптарды дамыту және IT-сервистердің қолжетімділігі бойынша сараланған болатын.