АҚ ҮЙДЕГІ КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БЕНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУМЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ
- Астана қаласы, Есіл ауданы
Вашингтон, Ақ үйдегі екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ Президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Бұл телефон арқылы сөйлесуде Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болған.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев АҚШ Президенті Д.Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.
Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.
Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Айта кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп кездесуінің нәтижесі жарияланған еді. Вашингтонда Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірген болатын.