А.Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: «ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНЫ ҮШІН 20-250 АЕК МӨЛШЕРІНЕ ДЕЙІН АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУГЕ ӘКЕЛЕДІ»
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Бүгін, 15 тамызда Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығы ғимаратында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қала тұрғындарымен кездесуі өткізілді. Кездесу барысында министр сөз сөйлеп, Президент тапсырмасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында ведомствоның атқарып жатқан негізгі жобаларын таныстырып, атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.
Ашық диалог форматында өткен жиын барысында Шымкент тұрғындары көкейкесті сұрақтарын ортаға салып,сауалдарына толық жауап алды. Кездесуден кейін министр жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарын тыңдады.
Осы жиын кезінде министр Аида Ғалымқызының ерекшелеп тоқталған жаңадан қабылданған заңдар мен жалған ақпарат тарату және оның жауапкершілігі туралы сөзін қаз-қалпында оқырман назарына ұсынсақ дейміз:
– Қазіргі жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар, ақпарат құралдары, оның ішінде газет-журнал дейміз, десе де, бүгінде заман өзгеріп, технологиялар қарқынды дамып жатқан заман. Яғни, ақпараттық технологиялардың ықпалымен коммуникациямыз ғана емес, адамдардың өмір салты да өзгерді. Қазір өзіміз де көріп отырмыз, балаларымыз да, өзге де азаматтарымыз да бүгінгі біздің халықпен кездесулерімізді телефондарына түсіріп алып, пікірін білдіріп те жатады. Әр азамат өзін ақпарат таратушы ретінде санайды.
Өкінішке қарай, кейде ондай ақпараттар қоғамда теріс пікір қалыптастырып, халықты екіге бөліп, не болмаса үлкен резонансты тудырып жатады. Сондықтан, осы салалардың барлығын ретке келтіру үшін былтыр біз 2 заң қабылдадық. Оның бірі «Масс-медиа туралы» заң. Бұл – заман талабы солай болды. Өйткені, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қабылданған заңнамада осы бүгінгі жаңа технологиялардың жоқтығы болды. Сондықтан, осының бәрін қоса, «Масс-медиа туралы» Заң қабылдадық.
Одан кейінгі қабылдаған екінші заңымыз «Онлайн-платформалар және онлайн жарнама туралы» Заңдар болды. «Мас-медиа туралы» Заң тіркелген БАҚ жұмысын реттеп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын бірыңғай медиа-платформа құру, оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайтылған тәртібі арқылы журналистерді мемлекттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттерді атқарады. Ал, «Онлайн-платформалар онлайн жарнама туралы» Заң месенджерлер мен телеграм арналарының жұмысын жүйелеп, интернеттегі жарнамаларды реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, блогерлер мен басқа да азаматтардың жарнамадан табатын көлеңкелі пайдасын ашып, интернеттегі контенттерді реттейді. Әрбір жарияланған ақпараты үшін жауапкершілік артып, ақылы қызмет көрсетілген жағдайда тиісті салық төлеу жағы қамтылған.
Осы жерде айта кететін жайт, жаңа заңдардың талаптарына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Қазіргі уақытта интернет желісінде 200 мыңға жуық заң нормасын бұзу фактісі анықталып, оларды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өйткені, жаңа айтып өткендей теріс ақпарат тарату басқа азаматтардың конституциялық құқықтарына зиян келтіріп, қоғам ішінде түрлі іріткі салу фактілеріне алып келіп отыр.
Қазіргі таңда шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқаны үшін 20-дан бастап 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл төлеуге әкелуі мүмкін. Бұл жауапкершіліктер заңды және жеке тұлғаларға, оның ішінде блогерлерге қатысты айыппұл мөлшерлері 78 мың теңгеден 980 мың теңгеге дейін жетеді. Егер, жалған ақпарат тарату фактісі тағы да қайталанса, онда 15 күнге дейін қамау түрінде қатаң шара қолданылуы мүмкін. Енді, бұл жерде менің ойымша, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде болып жатқан ахуалды саралай келе, бұл заң тетіктерін әлі де күшейте түсу керек сияқты. Өйткені, біз барлығымыз осы жерде түсінуіміз керек, жалпы қоғамдағы тұрақтылық – біздің еліміздегі тұрақтылық. Бұл әр адамға байланысты. Әр адам өзінің айтқан сөзіне, таратқан ақпаратына жауапкершілікпен қараса, менің ойымша, осындай жаңағы қамау не болмаса айыппұл төлеу дейтін секілді шараларға душар болмайды деп ойлаймын. Сондықтан, сіздерді де осы жайтқа назар аударуды шақырамын.
Шымкент қаласында да кейде көріп қаламыз, «блогерлер ұсталыпты» деген сияқты хабарларды естіп қаламыз. Шынайы ақпарат таратып, не болмаса күнделікті еңбегін атқарып жүрген адамдарды балағаттап, олар туралы жалған ақпарат таратып жатса, біз ондай тірліктерге жол бермеуіміз керек, – деп Аида Ғалымқызы сөзін сабақтады.