БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА!
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, балаларды қатыгездік пен қылмыстық шабуылдардан қорғау прокуратураның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған орай Түркістан облысы Келес ауданы прокуратурасының үйлестіруімен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөнінде жиналыс өтті.
Жиынға аудандық полиция бөлімі, аудандық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтары қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, әділ билер республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Келес ауданының төбе биі, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары мен тәрбие орынбасарлары және психологтары қатысты.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстары үшін жаза күшейтілген түсіндіру және балалардың, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Түркістан облысы бойынша биылғы оқу жылында орта білім беретін ұйымдардың саны 1060-қа жетті. Оның 910-ы мемлекеттік, 148-і жекеменшік. Білім ұяларында 530 мыңнан астам бала білім алады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», деген болатын.
Осыған байланысты бүгінгі таңда балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, құқын қорғау үшін жағдай жасау – Үкімет пен Парламенттің маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр.