БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Елімізде әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заң күшіне енді. Енді соның арқасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтіліп,  жаза қатаңдады. Құжат Мемлекет басшысының былтыр күзде жариялаған Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленіп отыр.

Заңға енгізілген өзгерістердің бірқатары бала құқығына қатысты. Енді айуандық әрекетке баратын педофилдер өмір бойына тұрмеге қамалады. Бұрын бала зорлағаны үшін айыпталушы өмір бойына немесе 20 жылға сотталатын. Бұрыңғы қолданыстағы заңда 16-ға толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиіскендер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын. Енді балаға арам оймен тәніне қол салғандардың өзі жазасыз қалмайды. Әуелі қызметі немесе лауазымынан үш жылға босатылады. Одан соң 738 мың 400 теңге айыппұл төлейді немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегіліп, 50 тәулікке түрмеге қамалады.

Кәмілеттің жасқа толмаған баланың өмірін қиғандарды  да  бар өмірін түрмеде өткізу жазасы күтіп тұр. Сондай-ақ балалардың денсаулығына жеңіл зиян келтіргендердің де кінәсі ескерусіз қалмайды. Ұрып-соғу белгілері байқалса  295 мың 360 теңге айыппұл немесе 25 тәулікке қамалады. Ал,  бала денсаулығына қасақана зиян келтірсе 738 мың 400 теңге төлейді немесе 50 тәулік темір торда отырады. Аса қатігездікпен, азаптап, зорлық-зомбылық көрсетсе  3 млн 600 мыңнан астам айыппұл арқалайды. Немесе 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Кейінгі кезде балалар арасында буллинг оқиғалары  көбейіп кетті. Сондықтан жаңа заңда бұған қатысты да жаза күшейген. Енді жәбір көрсеткендерге алдымен ескерту жасалып, 36 мың 920 теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі.  Бұл әрекетті қайталаса 110 мың  760 теңге айыппұл  арқалайды. Ал буллингті 12-16 жас аралығындағы балалар жасаса олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылады.

Жаңа заңға сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып отыр. Өйткені бұған дейін бала өмірінің қауіпсіздігі ескерілместен, қолайсыз ауа-райында далаға тастап кеткен жағдайлар орын алғанын білеміз.  Енді  жүргізуші немесе кондуктор баланы автобустан күштеп шығарып жіберсе 18 мың 460 теңге айыппұл төлейді.