Балалар зиянды әдеттерге қарсы Электронды темекі тартпаңыздар

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

*Балалар зиянды әдеттерге қарсы

Электронды темекі тартпаңыздар

Электронды темекі қазіргі жастар арасында кеңінен таралып, қоғамның бас ауруына айналып отыр. Оның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін мәлім болса да, онымен дос болып жүргендер жетіп жығылады. Жастардың бірі есеюдің көрінісі десе, екіншілері сәнге балайды. Сөйтеді де, ата-аналарына өтірік айтып, ақша сұрайды да, оған дүкеннен темекі сатып алады. Дүкендерге де ешбір тыйым салынбаған. Жастар арасында «одноразка», «вэйптер», «никотинді жеткізу бойынша электрондық жүйелер» және т.б. атауға ие.

Аз сөзбен ойымды қорытындылар болсам, темекі атаулының бәрі зиянды. Бұл затты сатып алғанша, өзіңізге керекті пайдалы нәрсені алғанға не жетсін?! Жастарға да электронды темекіні тартпаңыздар, бос алданбаңыздар деген кеңес берер едім. Өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер!

 

Іңкәр Патшахан,

 

32 ел вейпті сатуға тыйым салған

Қазіргі таңдағы жастардың санасы мен денсаулығын улап жатқан электронды темекі үлкен мәселе туындатуда. Кей адамдар жақтап жатса, кейбіреулер даттауда. Бесіктен белі шықпаған бала мен ақыл тоқтатқан ересектерге дейін электронды темекіні көк түтін етіп, жер жаһанды ластауда. Ал оның зияны ұшан-теңіз екенінен бейхабар. Жас жеткіншектер аталмыш затты тыныштандырып, күйзелістен арылуға көмектеседі деп бірнеше сылтау айтуда. Бастарына таяқ болып тимейінші қолданылатын секілді.

Ғалымдар электронды темекінің құрамындағы қыздырылған табак темекіден де қауіпті екенін ескерткен болатын. Алайда, мына өнім тәуелділікке алып келеді. Өкінішке қарай, енді бұдан құтылу екіталай сияқты көрінеді.

Электронды темекінің тарихына үңілсек, 2003 жылы қытайлық фармацевт Хон Лик шығарған. Құрылғының пайда болуына өз әкесі ықпал еткен. Әкесі өкпе ауруынан дүниеден өткен. Хон Лик бұл жағдайды қатты жүрегіне алып, пайдасыз құрылғыны ойлап тапқан. Қазір бұл шылым әлемнің 60 елінде қолданысқа ие. Статистикаға сүйенсек, жалпы бір реттік шылымды сатып алып жатқан 12-15 жас аралығындағы жас жеткіншектердің саны үш есе артқан. Ал осыны дәйектей түссек, еліміздің әрбір мектебінде 15 % ұл, 6% қыз электронды темекіні пайдалануда. Шылым шегудің аяғы жақсылыққа әкелмейтіні айдан анық. Электронды темекі жастарға қалай әсер етуде?

Біріншіден, пайдасыз дүниеге ата-анасының маңдай термен тапқан ақшасын жаратып, бос тірлікпен айналысып жүр.

Екіншіден, аяқ астынан мінездері күрт өзгеріп, өздерін жоғалтып жатыр.

Үшіншіден, жасөспірімдер арасында бұл темекі үшін кикілжің туындап, соңы буллингпен, суицидпен аяқталып жатқан да жағдайларды естіп жүрміз. Мысалы, жоғарғы сыныптың оқушысы электронды темекі сатып алып, үйіне апаруға қорқады да, бастауыштың ұлдарына «үйінен қуаттап келуге тапсырма береді». Тек өзін ғана емес, айналасын улап жүрген жеткіншектер неге ертеңін, әр әрекетіне жауап беретінін ойламайды екен?!

Айта кетсек, әлемде Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина секілді 32 ел вейпті сатуға тыйым салған. Ал көптеген елдерде электронды темекі айналымына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұр. «Ештен кеш жақсы» деген қазақ даналығында. Өз денсаулығымызды қолға алайық!

Аяжан Амракулова,

 

Осы жазбам  жастарға ой салса екен

Қазіргі таңда электронды темекі әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Электронды темекі – жоғары дисперт. Құрылғының негізгі бөліктері қыздырғыш элемент, картридж немесе сұйықтық, батарея және тоңазытқыштан тұрады.

ХХ ғасырдың 1927-1930 жылдары Нью-Йорк ғалымы Джозеф Робинсон хош иістің орнына есірткі қолданды. Одан ары 1965 жылы А.Гильберт Фил Рэй және Джейкобсонмен бірге заманауи электронды темекінің алғашқы коммерциялық нұсқасын жасады. Қазіргі кезде «вейп», «вака», «одноразка», «пенстайл», «мини класс В», «мини класс С», «боксмод» сияқты түрлері белгілі. Жастардың көп қолданатыны –«вейп», «вака», «одноразка». Бір өкініштісі, бұны тек ұлдар ғана емес, қаракөз қыздарымыз да тұтынып жүр. Ал оның қатерлі ісікке алып келетін қатерін ешкім жете ұғынбайды. Менің осы жазбам  жастарға ой салса екен деймін.

 

Нұрлан Алтай,

 

Сау басқа сақина тілемейік

Қазіргі таңда жастар арасында электронды темекі танымалдылық шыңында. Көптеген жастар түтіннің тәтті хош иісіне қызығып, электронды темекіге тәуелді болып отыр. Олардың сөзіне сенетін болсақ мұндай темекінің адам ағзасына зияны жоқ. Әрине, қарапайым темекінің орнын басқан электронды темекінің зардабы аз болғанмен, пайдасы да мол емес.  Дегенменде ғалымдардың зерттеуінше олардың құрамында 30 дан астам улы заттар бар екені белгілі болды. Олардың құрамына никотин, көмірқышқыл газы, аммиак секілді қоспалар кіреді. Бұл химиялық қоспалардың барлығы адам ағзасына түскен сәтте қан айналымы арқылы таралып, бүкіл дене мүшелеріне зиянын тигізеді екен. Сонымен қатар соңғы екі жылда әлем бойынша осы темекінің зардабынан 52 пайызға жуық адам көз жұмғаны белгілі болды.

Бұл түтікше түрі арзан тұрмайтыны да жасырын емес. Қазіргі таңда әрбір екінші дүкеннен бұл темекіні кездестіруге болады. Өз саудасын ойлаған ересектер де ашықтан ашық жасы 16 да толмаған жасөспірімдер қолына электронды темекіні ұстатады. Десек те қазір мұндай жаға ұстарлық жағдайға ешкім таң қалмайды. Ал мұның қаншалақты зиян екені жайында шырылдап жатқан ақпараттарға халық бет бұрып та қарамайды. Бұл бәлекетке енді кім кінәлі? Саудагерлерге дұрыс шара қолданбаған билік пе әлде өз баласына бас көз болмаған ата-ана ма?

Қазіргі таңда бұл темекі түріне шектеу қою қажет. Еліміздің ертеңін құрайтын жастарды бұл тәуелділіктен арылту маңызды мәселе. Бүгінгі таңда темекіге әуес болған баладан ертеңгі күні асқартаудай әке, аяулы ана шығуы екіталай. Сол себепті  «Сау басқа сақина тілегенше» әрқайсысымыз өз денсаулығымыздың қадірін білейік.

 

Сымбат Темірхан

 

Тәтті  түтіннің  ащы зардабы

2019 жылы тұңғыш рет электронды темекінің әсерінен АҚШ-та 16 жастағы жасөспірімнің екі өкпесі трансплантанцияланды. Мұндай сұмдық хәлге әкеліп соқтыратын тәтті будың қандай ащы уы бар екендігі әлі күнге дейін бізге беймәлім. Бұл нәрсенің тарихы қайда жатқаны қызық емес, ең қызығы бұл затқа әлі күнге дейін заңның жоқтығы. Мүмкін содан шығар, өз пайдасын жүзеге асырмақ болғандар кез келген қабырғада саудасын жүргізе береді. Дәл осылай саудасын айналдырмақ болған Шымкент қаласының «Алатау» дүкені анықталған болатын. Алайда, бұл жағдай әлі қарастырыла қоймады.

Өзіміз білетіндей қазіргі таңда 70% жасөспірімдер бұл улы затқа тәуелді. Бұл жандардың ішінде өзіміздің қарапайым қазақ қыздары да бар. Олардың айтуынша, электронды темекі ашуды тарқатады. Әдетте, оны жасөспірімдер көп қолданады. Себебі, бұл кезде балалар ашуланшақ болады екен. Біреулер ммұны сән үшін қолданса, ал кейбіреулері достарының сөзіне еріп қолданады. Бірақ, ол балалар бұл заттың қаншалықты қауіпті екендігін білмейді. Әрине, білмеулерінің де бір себебі бар. Өйткені, дәмі мен иісі балғын иісті болғандықтан оны ешкім зиян деп ойламайды. Бірақ «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөз бар емес пе? Сол секілді электронды темекінің де дәмі тәтті, ал іші – толған никотин.

Никотин – өте қатерлі қоспа. Ғалымдардың айтуы бойынша, жай темекінің өзіңе 1% никотин қосылса, ал электронды темекіге 70% никотин қосылады. Сол себепті, факт бойынша екі жыл тоқтаусыз қолданған адам бірден қаза табуы әбден мүмкін.

Жаңа Қазақстан жастардың қолында. Ал осылай қауіпті затты қолданыстан шығармасақ, Қазақстанымыз не болмақ? Сенім артып отырған жастарымыздың болашағы мені қатты алаңдатады. Сондықтан да, «Ештен, кеш жақсы» демекші, қаншалықты кеш болса да, алдағы келешек өміріміз үшін бұл затқа заңмен тиым салынса деймін. Ұлы тұлғамыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген үмітін ақтайық.

Ақылбек Балзира 

Хош иіске құмарланған жастар

Темекі өзі әппақ, сырты бүтін болғанымен, іші түтін өте зиянды зат екенін ғалымдар бірнеше рет дәлелдеген. Соңғы жылдары электронды темекі қарқынды таралып бара жатыр. Бұған адамдардың құмар болғаны соншалық,  жас баладан,  тіпті ересек адамға дейін осы электронды темекіге тәуелді болып қалған.

Жалпы статистикаға сүйенсек, бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас арасындағы жеткіншектердің саны 3 есеге артқан. Бұл дегеніңіз, 15% ұл, 6% қыз электронды темекінің түтінін будақтатқан деген сөз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та электронды темекі жайлы сөз қозғаған екен. «Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуес болып барады. Мұндай  темекіні оқушылар  арасында еш кедергісіз сатып алады. Бұл – өте қауіпті жағдай», – деген екен ел басшысы.

Марат Тұрар есімді 15 жасар оқушы кейіпкеріміз бір реттік шылымды оқушылар арасында сән болғандықтан шегетінін жасырмады. «Кішкене ғана фломастер секілді құтысы бар шылым кәдімгі темекіге қарағанда зиянсыз», –  дейді ол.

Ғалым Иван Подскребкин элекронды шылымның никотиннен тұратынын мәлімдеді. Ғалымның айтуынша улы зат адам ағзасына бірінші тартқаннан-ақ қанға сіңеді. Психологиялық тәуелділік туындайды. Оны шекпесе адам ашуланшақ болады. Жүрек, қан тамырына, сондай-ақ өкпе мен бүйрекке әсер етеді. Қатерлі ісікке де шалдықтыруы бек мүмкін.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні, электронды темекі өте зиян екенін жоғарыда  айтып өттік. Оны тұтынғандар қазір болмаса да, бірнеше жылдан соң  ағзаға қауіп туғызады. Сондықтан, оқушылар,  электронды темекіге жоламайық! «Ел болам десең, бесігіңді түзе! » дейді атам қазақ. Алла Тағала аманат еткен денсаулығымызға қиянат жасамайық. Одан да сабақты жақсы оқуымыз керек, білім алайық! Ел болашағы – біз. Жамандыққа ермейік! Сонда ғана мәңгі, тәуелсіз, бейбіт ел боламыз!

Мұрат Шералы

 

Электронды темекінің зияны ғылыми дәлелденген

Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында көп қолданысқа ие. Өзекті тақырыптың бірі. Электронды темекі шегетіндердің қатары күн санап көбеюде. Мені «Жастар неліктен электронды темекіге құмар?» деген сауал мазалайды.

Біле білсек, электронды темекінің құрамында никотин және көмірқышқыл газы бар. Сонымен қатар жасөспірімдерді тәуелді ету үшін түрлі хош иістендіргіштер де кездеседі. Бұл хош иістен баланың басы айналып, қайта шегіп көруге талпынысы артады. Тәуелді болып қалады.

Бұның пайда болу тарихын зерттейтін болсақ, электронды темекіні 2003 жылы қытайлық         фармацевт Хон Лик ойлап тапқан. Түрлі жеміс-жидектің тәтті иісіне алданған жастар электронды темекінің кәдімгі темекіден екі есе зиян екенінің байыбына бара бермейді.

Сондай-ақ америкалықтардың өкпесі осы электронды темекі салдарынан зақымданғанын анықтаған зерттеулер де бар. АҚШ-та шамамен 2500-ге жуық азамат темекінің салдарынан дертке шалдыққан. Осыған әбден көз жеткізген АҚШ Президенті электронды темекінің барлық түріне қатаң тыйым салыпты.

Ал біздің елімізде ешбір заң тармағы қарастырылмаған. Дүкен сатушылары емін-еркін сатып жүр. Менің ойымша, Қазақстан да электронды темекіге бір ауыздан заң жүзінде тыйым салса, ұлтымыздың денсаулығына нұқсан келмес еді. Одан соң биліктің жоғарғы тармағынан бастап жергілікті атқарушы билік, білім беру ұйымдары ата-ата және оқушылармен терең тәрбиелік, үгіт-насихаттық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуі керек. Зиянды тұстарын ашып-ашып көрсететін бейнесюжеттер көгілдір экраннан әдемі формада беріліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Темекі шегу сияқты зиянды әдеттерді қалыптастыру ортаға тікелей байланысты. Егер ортаң, достарың зиянды әдеттерге жақын болса, сені азғыратыны анық. Сол себепті жақсы доспен, жақсы ортамен араласқан жөн. Жақсы доспен мұратқа жетесең. Одан соң отбасындағы ата-ана тәрбиесі де басты рөл атқарады. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Сол үшін ата-аналар, алдымен өздерін дұрыс тәрбиелегенін қалаймын.

Қысқасы, ұлттың болашағы көк түтінге тұншықпасын десек, ұл-қыздарымызды электронды темекіден аулақ ұстайық! Билік басындағылар тезірек электронды темекіге тыйым салатын заң қабылдаса екен деп тілеймін.

 

Жасмин Құраспек