БАЛАЛАР ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАРДЫҢ ТОРЫНА ҚАЛАЙ ТҮСЕДІ?

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазіргі таңда ұялы телефонға барлық ісіміз байлаулы. Интернет банкингтің дамып кеткені сонша, күнделікті азық-түлікке қажетті қаражатымызды электронды тиын-тебен арқылы есептесуге дейін тұрмыстық қажеттіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желі де күнделікті өмір салтымызға айналғанын айтпай-ақ қойсақ та болар.

Ал, балалар болса, смартфонның экранына таңылғанына біраз жылдың жүзі болып қалғаны да жасырын емес. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының тұрғындары балалардың интернет-алаяқтардың құрбанына айналмас үшін нендей шара істеп отыр? Алдын алатын шара қарау жағынан шымкенттіктер нендей амал қарап отыр?

Деректерге қарасақ, интернет алаяқтардың да басты нысаны жас балалар мен зейнет жасындағы қариялар болып отыр. Сондықтан, ес біле қоймайтын балаңызды мейлінше ұялы интернет құралынан алшақ ұстап, жылай қалса жұбату құралы етуден қашық болған дұрыс іс болып отыр. Ал, есі кіріп, етегін жабатын жасқа жеткен балаларыңызға «интернет гигиена» жайлы түсіндіріп, цифрлық қауіпсіздік ережесін ұқтыру маңызды шаруа екенін ұмытпаңыз. Қанша дегенмен, соңғы кезде интернеттегі алаяқтар кәмелет жасына тола қоймаған балалар мен жасөспірімдер категориясындағы адамдарды құрбанына айналдыруды жиілеткенін есіңізде тұтқаныңыз жөн.

Интернет алаяқтар балалар арасындағы танымал ойындардағы виртуалды тауарларды сату үшін жалған сілтемелерге жасырып сайттар жасайды. Одан соң, оның жеке деректері, банктік реквизиттерін немесе аккаунтының құпия сөзін енгізген баланы құрыққа түсіреді. Осы себепті, мамандар бала болсын, естияр жастағы азамат болсын, күдікті сілтемелерді басып ары қарай өтпеуді, виртуалды тауарларды тек ресми қосымшалардан алуды, әлеуметтік желілердегі боттар арқылы төлем жасамауды, жеке деректі жарияламауды үйретіп отыру міндетті шаруаға айналу керек деп отыр.

Тіпті, интернеттегі алаяқтар балаларға пікір жазғаны үшін де арнайы балл, кэшбек, электронды ақша ұсынуы да мүмкін екен. Әлбетте, мұндай әрекет алаяқтардың жасырын жатқан құйтырқы әрекеті болуы ғажап емес. Сол себепті, балаға жерде жатқан тегін ақша болмайтынын түсіндіре ұғындырып отыру керек.

Қазіргі таңда мектеп жасындағы балалар былай тұрсын, балабақшадағы сәбиге дейін смартфон көрсе қолың ербеңдете ұмтылатынына қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық. Алайда, ұялы құрылғылардың қолжетімділігімен бірге, түрлі қауіп-қатер де қатар жүретінін естен шығармаңыз. Сарапшылар әлеуметтік желінің бала-шағаның психикалық денсаулығына тигізетін кері әсері барын жиі айта бастады.

Десе де, күн санап жаңа технологиялар дами түсіп, оны өндірушілер де мезгіл-мезгіл жаңа қосымшалар мен әзірлемелерді нарыққа ұсынып жатыр. Оған орта жолдан интернет алаяқтары төтелей қосылғанда, ненің не екенін аңғарып жату да бас ауруға айналады. Қоғамды алаңдатып, үлкен мәселенің тууы да осы себепті болып отыр. Бастысы, «өз-өзіңе сақ болу» дейтін қасиет – баланың бойына жас шағынан сіңіре қалыптастыратын қамал-қорғанысы болып тұр.