БАЛАЛАР САУДАСЫМЕН КҮРЕС ТӘСІЛДЕРІ ҮЙРЕТІЛДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
2024 жылғы 22-23 қазанда Түркістан қаласында балалар саудасын анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тренинг өтті. Бұл тренинг балаларды сауда құрбандары ретінде анықтау дағдыларын жетілдірумен қатар, оларға тиімді көмек көрсету тәсілдерін дамытуға бағытталды. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және әлеуметтік қызметтердің өкілдері қатысты. Тренингті «Балалар саудасына қарсы күрестегі Қазақстанның әрекеттері» жобасының маманы, құрбандарды анықтау және қолдау саласындағы сарапшы Мажит Арайлым, «Сана Сезiм» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігі бағдарламаларының үйлестірушісі, кейс-менеджмент және қайталама виктимизацияның алдын алу бойынша тәжірибелі маман Худайшукурова Раушан, «Сана Сезiм» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің заңгері, құқықтық мәселелер және зардап шеккендерді қорғау бойынша кеңесші Агманова Эльнара жүргізді.
Тренинг барысында талқыланған негізгі тақырыптар:
▪ Адам саудасы мен басқа қылмыстар арасындағы айырмашылықтар;
▪ Балалардың құлдыққа түсу себептері;
▪ Адам саудасының салдары және тәуекелдерді азайту жолдары;
▪ Кейс-менеджмент принциптері: құрбанға бағытталған және гендерлік аспектілерді ескеретін көзқарас;
▪ Құрбандарды қайта бағыттау алгоритмдері және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету;
Тренинг барысында лекциялардан бөлек, практикалық жаттығулар да ұйымдастырылды. Қатысушылар зардап шеккендерді анықтау және оларға жеке көмек жоспарларын әзірлеу дағдыларын пысықтады. Іс-шара сертификаттарды табыстау рәсімімен аяқталды. Жалпы қоғамның бірлескен күш-жігері балалар саудасымен тиімді күресуге және әрбір зардап шеккен балаға лайықты көмек көрсетуге мүмкіндік береді.