БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында 3 жылдан бері медициналық ұйымға тіркеле алмай жүрген балалар үйі тәрбиеленушілерінің мәселесі шешілді. Оған Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жанынан құрылған мобильді топ  мүшелері көмектесті. Осындай қиын жағдайға тап келген балалар туралы Арыс қаласы тұрғындарымен өткізілген кездесу барысында Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері  айтқан. Тіркеудің болмауына байланысты өзгенің қорғауындағы балалар дәрігерлік тексерулер мен анализ тапсыру үшін медициналық мекемелерге ақылы негізде жүгінуге мәжбүр болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жанынан құрылған мобильді топ  мүшелерінің тексерісі барысында жалпы Түркістан облысы бойынша 4 мың 342 азаматтың портал арқылы медициналық ұйымдарға онлайн тіркеле алмай жүргендері анықталды. Оның ішінде кәмілет жасына толмаған 155 тұлғаның балалар үйінің тәрбиеленушілері екені белгілі болды. Бұл тізімде сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 мың 191 жетім және сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған 2 944 адам бар.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері сондай-ақ  Сауран ауданы Шаға ауылы тұрғындарының да мәселесінің оң шешілуіне ықпал етті. Мұндағы  тұрғындар 7 айдан бері «Қазақстанның 30 жылдығы» ауылынан өтетін «Батыс Европа-Батыс Қытай» транзиттік жолы тұрғындарға қауіп төндіріп  тұрғанын, атап айтқанда   жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына және аялдауына арналмаған аймақ қоршалмағанын  және жаяу жүргіншілерге рұқсат етілген сызықтың түсі оңып кеткенін айтып арызданған болатын.  

Бұл мәселе департаментпен назарға алынып, «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалына хат жолданды.

Жалпы  биылғы жылы мобильді топ өңірдің 43 елді мекеніне барып, 3 мыңнан астам тұрғынға консультациялық көмек көрсетті.