БАЛАНЫҢ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНЫ ҮШІН АТА-АНАСЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Террористік актілер туралы ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМА таратқаны үшін 14,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатынын білесіз бе? Қазіргі қолданыстағы заң талаптары бойынша кәмелет жасқа толмаған баланың әрекеті үшін оның ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді. Ал, құқық бұзушылық әрекеттері жасалса және ол дәлелденер болса, ата-анасына айыппұл салынады, қамауға алынуы да мүмкін. Осы орайда, баласының заңға қайшы әрекеттері үшін ата-аналарының жауапкершілікте тартылуы мүмкін болатын заңның негізгі нормаларын ұсынуды жөн санадық.
Айыппұлдың көлемі қандай?
Еліміздегі заңдық нормаларында ата-аналардың жауапкершілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында бекітілген. Ол жерде кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, білім беру, құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін нақты жаза қарастырылған. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-аналар да жауапқа тартылады. Ал, жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді.
10 еселенген айлық есептік көрсеткіш (2025 жылғы АЕК мөлшері – 3932 теңге, ал 10 еселенген АЕК көлемі – 39 320 теңге болады) көлеміндегі айыппұл төлеуге әкелуі мүмкін әрекеттер:
-мектептегі сабаққа себепсіз қатыспау;
-баланың ұстамсыз және бақылаусыз әрекеті;
-жасөспірімнің құқық бұзушылыққа қатысуы.
Ал, осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі 15 еселенген АЕК-ке (2025 жылдағы бұл мөлшер – 58 980 теңгеге) дейін өседі. Баланың ата-анасы немесе заңды өкілі 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы да мүмкін. Мұндай жаза баланың мүлдем бақылаусыз және полицияның ескертуін еленбей жүрген жағдайда қолданылады.
Бала есірткімен ұсталса, не болады?
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде балаға қатысты ауыр құқық бұзузылықтар да көрсетілген. Олар:
-кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуы;
-қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуы;
-қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауы.
Мұндай әрекеттер үшін 20 еселенген АЕК (2025 жылдағы мөлшері – 78 640 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Алайда, осы тұста тоқтала кететін нәрсе, сот органдары бұл әрекет үшін баланың ата-анасын немесе заңды өкілін 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға шешім шығара алады.
Жалған хабарлама үшін қандай жаза қарастырылған?
Қазіргі таңда тек Шымкент қаласы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде жарылғыш зат туралы жалған хабарлама беру фактілері жылда жиі тіркеліп жатады. Ал, ондай хабарлама беретіндердің арасында кәмелет жасқа толмаған балалар аз емес. Мәселен, биылғы сәуір айында 8-сынып оқушысы ойын-сауық орталығында жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама берген. Жасөспірім өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растаған. Атап айтқанда, аталған жасөсіпірім оның алда ғана 26 ақпанда Қостанайдағы Садчиков мектебінде бомба бар деп хабарлағаны белгілі болған.
Мұндай жағдайда, құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғайды. Сонымен қатар, ата-анасының үстінен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 127-бабы бойынша ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал жинақтайтын болады.
«Террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін 14,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 14 жасқа толмаған жағдайда балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – дейді құқық қорғау саласының мамандары.