Шымкентте қазақтың талантты ақыны, сыршыл, сезімтал, лирик ақыны, провинцияда жүріп-ақ республиканы мойындатқан поэзия шебері, басқа атағын айтпағанда, сезімге тұнған қара өлеңнің күлігі – Бақытжан Алдиярдың 50 жасқа толуына орай әдеби-сазды кеш өтті. Бақытжан Алдиярдың өлеңі дегенде еш нәрсеге жалтақтамаған, ешкімге бас имеген өр өлеңдер еске оралады. Оның поэзиясынан терең мұң, еркіндік, тұмса лириканың иірімдері сезіледі.
Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығында өткен шығармашылық кештің атауы «Қолтаңба» деп аталған. Олай болатын да себебі бар. Қазақ поэзиясында өзіндік орны мен қолтаңбасын қалдырған ақынның өлеңдерін оқырманы өзіндік ерекшелеліктерінен лезде ажырата алады.
Бақытжан Алдияр – былайғы көпшілікке мықты балладалары мен «Жігіттер» тобы орындайтын әйгілі «Ерке қыз» әнінің авторы ретінде белгілі. Ал, былайша айтқанда, қазақ поэзиясында ерекше орны бар ақынның атақтарын келтірсек, біраз жолды толтыруға болады: Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, халықаралық және республикалық мүшәйралардың жүлдегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері, «Құбыла», «Қазығұрттың қоңыры», «Ақпарақ» кітаптарының авторы һәм ортағасырлық түркі әдебиетінің жұлдыздары Мәулана Атаи мен Бабырды шағатай тілінен қазақ тіліне аударған талантты қаламгер.
«Қолтаңба» деп аталған шығармашылық кеш Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, әдеби кешке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар, жазушылар және әдебиетсүйер қауым Шымқаланы «Жыр қалаға» айналдырды.
Шара барысында ақынның соңғы жылдары жазған өлеңдері мен оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Кештің тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Беделханұлы ұстап, Бақытжан Алдиярдың шығармашылығы туралы терең мазмұнды әңгімелер қозғады.
Өлеңім-ай, өлеңім, өлеңім-ай!
Өгейленіп барамыз неге бұлай?
Адаммен де сиыспай, қоғаммен де,
Ауыл жаққа аттанғым келеді ұдай! –деп жыр жазған ақынның мерейтойында әріптестері мен замандастары ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, өлеңдерін оқыды. Ақын Ұлықбек Есдәулет жыр арнаса, ақын, ғалым Аманкелді Кеңшілікұлы ақынды «ХХІ ғасырдың Пушкині» деген баға берді.
Шығармашылық кешке Ханбибі Есенқарақызы, Ұлықбек Есдәулет, Момбек Әбдәкімұлы, Жарасхан Сәрсек, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Жүніс, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қазақ әдебиетінің тарландары қатысып, ақынға деген өз құттықтауларын білдіріп, құрмет көрсетті. Шараға «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Яссы» би ансамблі мен өнерпаздары өнерін көрерменге ұсынды. Кеш әдемі әзіл мен поэзия сағынған жұртшылықтың ыстық лебізіне көмкерілді.