БУКМЕКЕРЛІК КЕҢСЕЛЕР, ОЙЫНҚҰМАРЛЫҚ: ЛУДОМАНИЯНЫ ЖЕҢЕТІН ЖОЛ БАР МА?
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Интернет іздеу жүйелеріндегі жасанды интеллект көмегімен алынған мәліметтерге қарасақ, дәл бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағындағы букмекерлік кеңселердің саны 234 екен. Әлбетте, бұл мәліметті нақты дерек деп қабылдай қоюға болмас, дегенмен бұл мәлімет нейрожелі арқылы Яндекс картадағы секілді деректерді қорытындысымен анықталып отырғандықтан, нақты жағдай бұл цифрдан алыс емес деп білеміз.
Алдыңғы тақырыбымызда ойынқұмарлықты шектейтін жүйе іске қосылып отырғанын тілге тиек еткен едік. Бұл жүйенің іске асырылуы арқылы жалпы ел азаматтарын, оның ішінде Шымкент қаласының да тұрғындарының түрлі құмар ойындарына тәуелділігіне әсер етеді деп білеміз.
Осы жүйе туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті басшысы Әділет Тұрғанбаев атап өткендей, бүгінде букмекерлік кеңселерге қатысты шағымдар күн сайын толассыз түсіп жатады. Ойыншылар ұтқан ақшаларын ала алмайтынын немесе шотты толықтырған кезде аккаунттарының бұғатталатынын айтып шағымданып жатады. Бірақ, Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылмайынша, мемлекет тек букмекерлердің ресми жауабына сүйенуге мәжбүр.
Құзырлы орган өкілінің айтуынша, егер адам заңсыз сайтта ойнаса, мемлекет оның құқығын қорғай алмайды. Ал, Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылған соң, мемлекеттік органдарда толық база болады – кім, қайда, қанша рет ставка жасады, бәрі көрініп тұрады. Бұл – бақылаудың жаңа сапалық деңгейі. Осы арқылы ел азаматтары тек заңды платформаларда ойнайтын болады, ал заң олардың құқығын нақты қорғайды.
Сондай-ақ, жүйе құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталып отыр. Яғни, цифрлық платформа мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнайы орган өкілдерін, борышкерлерді, сот шешімі бар азаматтарды ойыннан автоматты түрде шеттетеді.
Бұл ретте, жүйе автоматты тексеріс жүргізіп, барлық тыйым салынған тізімдерді ескеретін болады. Сонымен қатар екісатылы сәйкестендіру, оның ішінде биометриялық растау енгізіледі. Бұл ойыннан шектелген немесе өз еркімен шектеу қойған адамдардың жүйеге қайта кіруіне тосқауыл болады.
Бәс тігу сипаты мен жиілігін талдай отырып, жүйе ойынға тәуелділіктің белгілерін де анықтай алады. Бұл – нақты жағдайды көруге және тәуелділік шегінен асып кеткен азаматтарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Егер адам бірінен соң бірі ұтылып, қайта ставка жасап тағы ұтылатын болса, жүйе оған уақытша шектеу қоя алады. Ал егер ұтып жатса, бұғаттамайды. Алгоритм әр ойыншының әрекетін жеке талдайды, – дейді Қаржы мониторингі агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары Даурен Мүліков.
Д. Мүліковтің сөзінше, жыл сайын шамамен 200 адам құмар ойынға тәуелділіктен өз-өзіне қол жұмсайды. Алайда, денсаулық сақтау жүйесінде тек санаулы адам ғана ресми тіркеуде тұр.
– Мәселен, жүйе мынадай хабарлама жібереді: «Сізде мәселе бар. Психологиялық көмек қажет. Міне, мемлекеттік және жеке орталықтардың байланыс нөмірлері». Бұл – мәселені асқындырмай, алдын алу үшін маңызды қадам, – дейді Әділет Тұрғанбаев.
Жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы – ойыншылар өздеріне айлық лимит қоя алады. Лимиттен асқан жағдайда, ставка автоматты түрде қабылданбайды. Жүйе іске қосылған соң, ойыншыларға жүйе психологиялық көмек алуға кеңес беріп, хабарлама жіберіп отыратын болады.