БЮРОКРАТИЯДАН АРЫЛТУ ШАРАЛАРЫ БАЯНДАЛДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында облыс активі, өңірлік кадр резервінің мүшелері және белсенді жастарымен кездесулер өткізді.
Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен өткен жиында агенттік төрағасы мемлекеттік аппаратты адамға бағдарланған және сервистік сипатта қалыптастыру, бюрократиядан арылту бойынша атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады.
Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтің гибридтік моделіне көшу, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыруға қатысты жоспарлармен бөлісті. Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен еркін форматта кездесу өткізіп, оларға жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі беріліп отырғандығын және «eQyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке онлайн форматта іріктеудің қолжетімділігі мен тиімділігі жайлы айтып берді.
Дархан Жазықбай аймақтардағы талантты жастарды қолдау және оларды мемлекеттік басқару ісіне тарту мақсатында Президент бастамасымен жүзеге асырылған Өңірлік кадр резервіне Түркістан облысы бойынша биыл алғаш іріктелген жастармен кездесті. Агенттік төрағасы резервшілерге үлкен жауапкершілік артылатынын айтып, оларды елге адал қызмет етуге шақырды.
Жұмыс сапары аясында МҚІА төрағасы Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, қызмет алудағы азаматтарды құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы Агенттіктің басты назарында екендігін айтты. Айта кету керек, Түркістан облысында 2024 жылдың 1 жарты жылдығында 12,5 млн. қызмет көрсетілсе, оның 98% электронды нысанда ұсынылған.