Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін, жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе» – деп айырықша атап көрсетті.
Сол себепті жуырда Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты (ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) криминализациялау, балаларға қатысты күш көрсету зорлық-зомбылығына байланысты қылмыстар бойынша татуласуды болдырмау және басқа да нормалар жайында заңға өзгерістер енгізу жайында ведомствоаралық комиссия өтіп, онда Президент тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының балалардың құқығын қорғау уәкілі Динара Болатқызы Закиеваның бастамасымен балалар қауіпсіздігіне қатысты даярлаған ұсыныстар қаралды. Заң жобасымен жұмыс жазда басталып, қыркүйекте Мәжілісте таныстырылды. Әрине, жұмыс топтарында талқылаулар әлі де болады, түпкілікті шешім сонда қабылданады. Алайда, бұл кезеңнен оң нәтижемен өтудің маңызы зор болды.
Заң жобасындағы нормалар ішінде келесілерді атап өткім келеді:
!!! балаларға қатысты қылмыстар бойынша ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді криминализациялау;
!!! балаларға қатысты күш көрсету зорлық-зомбылығына байланысты қылмыстар бойынша татуласуды болдырмау;
!!! ауыр қылмыстар бойынша бас бостандығын шектеуді алып тастау (естеріңізде болса, бұл биылғы жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылындағы кішкентай қыздың өліміне себеп болды);
!!! балалардың жыныстық тиіспеушілігіне және зорлық-зомбылыққа байланысты ауыр қылмыстар бойынша қарсы іс-әрекет жасаған адамды тергеу кезінде қамауға алу;
!!! жыныстық сипаттағы тиісу үшін жауапкершілік енгізу;
!!! зорлау үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру;
!!! агрессормен психологиялық жұмыс істеу;
!!! жәбірленушілерге көмек көрсету бағдарламасын енгізу және басқалар.
Бұлар неліктен маңызды? Өйткені зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың бір жолы-жазаның бұлтартпастығы. Жеңіл зиян мен соққыны жазалау арқылы біз кісі өлтірудің немесе ауыр зардаптардың алдын аламыз. Өйткені зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың бір жолы – жазаның бұлтартпастығы. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру мен соққыны жазалау арқылы біз кісі өлтірудің немесе басқа да ауыр зардаптардың алдын ала аламыз.
Профилактика мақсатында отбасыларға, балаларға көмек көрсетудің нақты инфрақұрылымын құру; балалық шақты қорғау жүйесіндегі маңызды құрылым ретінде Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мәртебесін бекіту де маңызды. Бүгінде 100-ден астам түзету қарастырылған. Жолдың жартысын өттік, алайда қорытынды редакцияны әзірлеу үшін әлі де талдау, зерделеу, сараптауды қажет етеді.
Соңғы жылдары елде гендерлік теңдіктің аз да болса алға жылжуы байқалып отыр. Бұндай өзгерістерге: әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімін жою, Қазақстан Республикасы Парламентінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға 30 пайыз квотаны енгізу, төленетін декреттік демалысты 1 жылдан бір жарым жылға дейін созу, әйелдердің экономикалық, саяси мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жаңғырту, әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке қарсы іс-қимыл шараларын күшейту жатады. Жоғарыда аталған барлық өзгерістер Қазақстанның ұстанымын арттыруға септігін тигізді. Қазақстандық қоғамда гендерлік рөлдерге қатысты дәстүрлі көзқарастар әлі де кең таралған, оған сәйкес ер адам қорғаушы және асыраушы, ал әйел адам – ошақтың ұйытқысы болып саналады, сондықтан оған мансап құрудың қажеті жоқ, оның басты міндеті – отбасына қарау және үй шаруасымен айналысу. Бұндай көзқарастар әйелдердің мансаптық өсуіне, олардың саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне қатысуға және әйелдердің өз қабілетін түрлі салада іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары туралы әйелдердің хабардар болу деңгейі өте төмен, сондай-ақ, әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі деңгейінің төмендігін, гендерлік негізде жалақының алшақтығын, көбінесе ерлердің пайдасына шешілетінін, басшылық лауазымдардағы әйелдер санының төмендігін атап өтуге болады. Ерлер мен әйелдердің жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті. Алайда, 2023 жылдың екінші тоқсанындағы деректер жұмыссыз әйелдер мен ерлер арасындағы алшақтық – 20 пайыз деңгейінде екенін көрсетті. Бұл деректер еңбек нарығында тең мүмкіндіктер жасау үшін одан әрі күш салу қажет екенін айғақтайды. Ұзақ мерзімді перспективада гендерлік теңсіздіктің әртүрлі көріністері ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелерді өзіне қабылдаған сәттен бастап, сол арқылы өз аумағында кемсітушілік ахуал туғызбай ерлер мен әйелдер үшін барлық азаматтық және саяси құқықтарды тең пайдалану құқығын қамтамасыз етуі тиіс. Гендерлік теңдікті жүзеге асыру бүгінгі күні барлық жерде ең маңызды құндылықтардың бірі болып саналады. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізуде «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына сәйкес елде жыныстық белгілері бойынша кемсітушілікке жол берілмейді және іс жүзінде әйелдерге ерлермен қатар гендерлік теңдік пен тең мүмкіндіктер қамтамасыз етілуі тиіс.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2023 жылғы есебіне сәйкес Қазақстан Республикасы гендерлік алшақтық деңгейі бойынша 146 елдің ішінен 62-орынды иеленеді. Жалпы, «экономикалық қатысу және мүмкіндіктер» және «саяси құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту» сияқты салаларда жақсару байқалады, алайда «денсаулық және өмір сүру» көрсеткіші бойынша мемлекет 44-ші орыннан 47-ге төмендеді. Білім беру саласы бойынша Қазақстан өткен жылдағыдай 27-ші орынды иеленді.
Әйелдердің саяси қызметке қатысуы саясаттағы әйелдердің рөлін күшейту үрдісі біртіндеп уақыттың символына айналуда. Барлық заманауи дамыған мемлекеттер халықтың өмір сапасына деген сұранысының артуына және қоғам дамуының жаңа сатысына – «білім экономикасына» негізделген ақпараттық қоғамға өтуіне байланысты мемлекеттің жаңа, заманауи функцияларына көшуде. Заманауи мемлекеттің міндеттерін біртіндеп «қайта жасау» мемлекетті басқарудағы гендерлік тепе-теңдікті қалпына келтіруге және елдегі барлық деңгейдегі басқарудың неғұрлым ұтымды тетігін құруға қатаң сұраныс қалыптастырды. Сондықтан әйелдердің билікке көтерілуі қазіргі уақытта қоғамның тұрақты, үйлесімді және орнықты дамуының құралы ретінде қарастырылады, өйткені ерлер мен әйелдердің нақты тең құқығы: мемлекеттік саясатта, жалпы ел өміріндегі басымдықтарды өзгертті. Бүгінгіде әйелдер әлемнің көптеген елінің үкіметінде, әсіресе гендерлік теңдікті насихаттайтын дамыған елдерде басшылық қызмет атқарады. Демократия саяси аренада ерлер мен әйелдердің тең қатысуын талап етеді. Осы себепті әйелдердің саясатқа белсенді, тең қатысуы шынайы демократияның қажетті шарты болып саналады. Өйткені, мұндай демократияда барлық азаматтардың дауыс беруге және сайлауға қатысуға құқығы бар, ал мемлекет азаматтардың мүдделерін қорғайтын қоғамның осындай қағидатын құруға көмектеседі. Бұл қағиданы мойындау барлық демократиялық мемлекетте адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін қажет. Қазіргі қазақстандық қоғамда мемлекеттік гендерлік саясатты қалыптастыру және іске асыру мәселелері қоғамдық санада негізделген демократиялық қағидаттар мен ғұрыптарды жүйелеп, нығайтуға байланысты өзекті болуда. Гендерлік стратегияны іске асыру жылдарында сайланбалы билік органдарында әйелдердің сандық өкілдігінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. 2020 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді. 2022 жылғы 7 ақпанда депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастардан басқа мүгедектер үшін 30 пайыз квотаны көздейтін заңға қол қойылды. Заң 2022 жылдың 19 ақпанында күшіне енді. Бірақ әйелдердің саяси қатысуын қолдау саласындағы елеулі ілгерілеуге қарамастан соңғы жылдары елдегі саяси шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің жеткіліксіздігі байқалады.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес бүгінде жоғары өкілді орган – Парламентте 18 әйел ұсынылған, бұл депутаттардың жалпы санының 18,37%- ын құрайды. Алайда ел халқының жалпы санынан әйелдердің үлесі 51,2%-ды құрайды. Депутаттардың жалпы саны жартысының орнына саяси шешімдер қабылдау процесіне әйелдердің тек 18,37% ғана енгізілген. Бұл Парламенттегі мәселелердің көпшілігі әйелдер тәжірибесі мен әйелдер мәселелері ескерілмей қарастырылатынын білдіреді. Әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейтудегі кедергілердің бірі – гендерлік стереотиптер, оған сәйкес әйелдер табысты саясаткер бола алмайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді, онда нысаналы индикатор айқындалды. Биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі 2022 жылға қарай 24,5 %-ды, 2023 жылға қарай – 25,0%-ды, 2030 – 30%-ды құрайды. 2023 жылы өткен сайлау қорытындысы бойынша жоғары өкілді орган – Парламентке 29 әйел ұсынылған, бұл депутаттардың жалпы санының 19,6%-ын құрайды. Қазақстандағы жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) барлық деңгейлерінде әйелдердің үлесі депутаттардың жалпы санының 21,02% – ын құрайды, Шымкент қаласында 25% болды.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде мынадай қолдау шараларын қолдану мүмкіндігін қарастыруды жөн деп санаймын:
- Гендерлік теңдік күн тәртібін бірлесіп ілгерілету мақсатында әйелдер партияаралық бірлестіктерін құру және нығайту;
- Әйелдердің саяси өмірге қатысуына қатысты хабардарлықты арттырудың, стереотиптерді жоюдың және мәдени көзқарастарды өзгертудің негізгі стратегиясы бұқаралық ақпарат құралдарымен серіктестік болып саналады. Бұқаралық ақпарат құралдары гендерлік теңдік және әйелдердің саяси өмірге қатысуы мәселелеріне қатысты қоғамдық пікір қалыптастырады. Бұқаралық ақпарат құралдары гендерлік теңдік мәселелеріне назар аударып, гендерлік проблемаларды және олардың әлеуметтік реформалармен байланысын нақты түсіндіреді, әйелдердің көшбасшылық процестеріне қатысуының позитивті жақтарын атап көрсетіп, гендерлік теңдік туралы заңнаманың және теңгерімді, өкілді басқарудың артықшылықтарын түсіндіре алады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары әйелдердің өз сайлау бағдарламалары мазмұнын көпшілікке жеткізе алатын алаң бола алады: Саясаткер-әйелдер жетістіктеріне баса назар аудара отырып, олардың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды арттыру; Жоғары лауазымдағы әйелдердің теріс және стереотиптік бейнелеріне бұқаралық ақпарат құралдарында қарсылық көрету; Саясаттағы әйелдерге қатысты кемсітушілік туралы хабардарлықты арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында науқан жүргізу.
Сонымен қатар, әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту үшін кәсіпкерліктің ұзақ мерзімді курстарын, салықтық, қаржылық, құқықтық сауаттылықты арттыру курстарын өткізу; жаңа мамандықтар мен даму бағыттарын игеруге мүмкіндік беретін мамандандырылған курстар; әйелдердің мансаптық өсуіне арнайы бағытталған көшбасшылық қасиеттерді дамытудың бұрыннан бар бағдарламаларын танымал ету, тәлімгерлік және көшбасшылықты оқыту мүмкіндіктерін қамтамасыз ету деп санаймын.
Жанетта Жазыкбаева
«Балаларды АИТВ-дан қорғайық»
қоғамдық қорының президенті