БІЛГЕНІҢІЗ ЖӨН: ӘЛЕУМЕТТІК ИНЖЕНЕРИЯ ЖӘНЕ ЖАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛАР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әрі ресми өкілі әр апта сайынғы баспасөз брифингтерінде интернет-алаяқтық әрекеттер туралы айтып өтуді, шаһар тұрғындарына БАҚ өкілдері арқылы түсіндіре кетуді «салтына» айналдырып алды. Ал, сол алаяқтықтың әдістері қандай, неден бастау алады, неден сақ болу керек? Сала мамандары түсініктеме береді.

Қазіргі заманғы алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін жақсы қолданады, яғни әр түрлі психологиялық және әлеуметтанушылық әдістер, технологияларды, айла-шарғылар мен АT-технологиялар арқылы құрбандарына шабуыл жасайды. Осы арқылы алаяқтар өз құрбандығының деректеріне қол жеткізеді. Нәтижесінде, адам әлеуметтік инженерлерге барлық қажетті ақпаратты: төлем карталарының деректемелерін, электрондық поштаның, мобильді банкингтегі жеке кабинеттің құпия сөздерін және басқа да құпия ақпаратты өз еркімен береді. Дұрысы, маңызды қаржылық ақпараттарды қалай өзі беріп қойғанын білмей қалады да, кейін өзі опық жеп жатады дейді сала мамандары.

Сонымен бірге, әлеуметтік инженерлердің сүйікті құралы – фишинг. Егер бұрын қаскүнемдер жай ғана фишингтік сайттарға сілтемелерді электрондық пошта немесе SMS арқылы жіберетін болса, бүгінде олар әлеуметтік желілерде пайдаланушыларды фишингтік сайттарға апаратын фейк аккаунттар ашады.

Мысалы, Шымкент қаласындағы бір телеарнаның (немесе кез-келген сенімді) аккаунты түрінде қаскүнемдер Илон Маск құрған Tesla компаниясының биржада «акциялар мен алтын валюталарды саудалайтын-мыс» платформасы туралы сюжетті «жаңалық» түрінде таратады. Бұл – қор нарығындағы автоматты түрде сауда жасайтын робот. Тұрақты негізде тұрақты және пассивті кіріс алғысы келетіндер тек платформада тіркеліп, оқуға жарты сағат уақыт жұмсап, инвестиция сала бастауы керек. Платформаны жасаушылардың айтуынша, қаражатты шығару тіркелгеннен кейін келесі күні, 24/7 режимінде Қазақстанның кез-келген картасында қолжетімді және 5 минуттан 10 минутқа дейін уақыт алады. Алайда, компания қызмет көрсеткені үшін салынған қаражаттың 1,5%-ын алып қалады. Осы платформа туралы посттың астында өз пайдасын көрсетіп, осы платформаға ақша салуға шақыратын, ризашылығын білдірген инвесторлардың жалған пікірлері жарияланған.

Тағы бір мысал келтірсек, «KAZ Minerals», «Қазақмыс» компанияларының, немесе Шымкент қаласынан соңғы кезде белгілі болған «ҚазМұнайГаз» компаниясының атын жамылған бірегей инвестициялық жобалары, ол жобалар туралы ақпаратты алаяқтар танымал әлеуметтік желілерге таратады. Алаяқтар пайдаланушыларға «бастапқы инвестициясы 53 мың теңге, 4 аптағы кірісі 890 мың теңгеге дейін» деп уәде беріп, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың командасына қосылуға шақырады. Платформаға кіру үшін фишинг сайтта сауалнамадан өту қажет, онда өз деректеріңізді: аты-жөніңізді, электрондық мекенжайыңызды және телефон нөміріңізді қалдыру қажет. Әлеуметтік инженерлерге адамның ұзақ уақыт ойланғаны қажет емес, сондықтан олар өз жазбаларында платформаға тіркелу жақында аяқталатынын хабарлайды.

Аңғарымды пайдаланушылар посттар мен фишинг сайттарда алаяқтардың атынан әрекет ететін компаниялардың логотиптері қолданылатынына қарамастан, көптеген грамматикалық қателер бар екенін байқайды. Қалай болса, солай жасалған дизайны мен оғаш URL мекенжайы көзге ерсі көрінеді.

«Егер, сіз алаяқтарға сеніп, инвестициялық шотыңызды «толтыру» үшін оларға ақша аударсаңыз, онда қаражатыңызды сізге ешкім қайтармайды. Әлеуметтік инженерия әдістерін қолданатын алаяқтар алдымен сізге сәтті инвестициялардан күнделікті кірістің «өсуі» бейнеленген суреттер жібереді. Бірақ іс жүзінде қор нарығында ешқандай сауда-саттық жүргізілмейді», – агенттік баспасөз қызметінің өкілі Дмитрий Акмаев айтты. «Егер де, сізге желіде инвестицияның 99%-ның қайтарылуымен қор нарығында оңай табыс табуға ұсыныл жасалса немесе капиталыңызды қысқа мерзімде көбейтуге мүмкіндік беретін керемет платформаларға қолжеткізу үшін сауалнамадан өтуді сұраса, сенбеңіз» дейді қаржы саласының сарапшылары.

Әлеуметтік инженерлермен қарым-қатынас жасау кезінде ақшалай шығындарды болдырмаудың жалғыз жолы – лотерея ұтып алу, оңай ақша табу немесе тиімді инвестициялар болсын, ақшаға қатысты кез-келген ұсынысты сыни тұрғыдан қабылдап, ақпаратты қайта-қайта тексеру, маңызды қаржылық шешімдер қабылдаған кезде ешқашан асықпау қажет. Сандық гигиенаны сақтаңыз және өзіңізді және ақшаңызды қаржылық алаяқтардан қорғау үшін кеңестерімізге құлақ салыңыз.