БІРЕГЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түбі бір түркі елінің ордасы саналатын Түркістан шаһары бүгінде тек рухани ғана емес, ғылым, мәдениет, спорт пен туризмнің де орталығына айналып келеді. Күн сайын түрленіп, жаңаша келбетке еніп келе жатқан облыс орталығында орта Азияда теңдесі жоқ ескек есу арнасы ашылды. Алып кешен су спортының бірнеше түрімен кәсіби жаттығуға мүмкіндік береді. Бірегей спорттық кешен Қазақстанның болашағына бағытталған ауқымды инвестиция болып отыр.
Жаңа кешен халықаралық стандарттарға сай салынған. 100 гектар аумақты алып жатқан су айдынының ұзындығы 2222 метр. ені 260, тереңдігі 4 метр. Сыйымдылығы 2 миллион текше метр болатын арнаға су Кеңсай-Көксай деп аталатын 2 су қоймасынан, Шаға көлінен және Түркістан магистралды каналынан жеткізіледі. Кешенде 500-ге жуық спортшы байдарка, каноэ, академиялық есу, параканоэ, триатлон, ашық суда жүзу спорттарымен тұрақты түрде айналысады.
Су айданының жанында екі канал қазылған. Оның бірінің ұзынды 2,4 шақырым. Ол арқылы арнаға су жеткізіледі. Ал екіншісі арқылы қажетсіз суды ағызып жібереді. Оның ұзындығы 1,8 шақырым. Мұнан бөлек спорт кешені аумағына 3 технологиялық көпір салынған. Мұнда 940 метрлік жағажай мен 100 орынға лайықталған мінбер, қонақүй, жаттығу базасы, әкімшілік ғимарат және демалыс орындары бар.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынған «Ескек есу» каналының салтанатты ашылуына жұртшылық көп жиналды. 20 000-ға жуық адам қатысқан ашылу – нағыз халықтық мерекеге айналды.
Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Түркістан облыстық есу және желкенді спорт федерациясының президенті Денис Жарменов арасында тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашпақ.
Түркістан облыстық есу және желкенді спорт федерациясының президенті Денис Жарменовтың су айдынының ашылу салтанатында:
– Бұл бірегей спорт нысанын пайдалануға беруін төрт жыл күттік. Оның ерекшелігі арнаның суын тазартып, ауа беріп отыратын заманауи аэрация және сүзгілеу жүйесі бар. Бұл есу арнасы өзен-көл секілді табиғи су қоймаларының жанында емес, қала ортасында орналасқан. Сондай-ақ бізде қайықтарды сақтауға арналған ең үлкен геленгтер бар,-деді.
Арна халықаралық талапқа толықтай сай. Және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлерімен кәсіби тұрғыда шұғылдануға барлық жағдай бар. Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы, 6 спор түрінен тұрақты түрде жаттыға алады.
Сырттай қарағанда қайықпен жүзу спорты оңай көрінгенімен, оның өзіндік қиындықтары да бар. Альмира Тоқтарбекова академиялық ескек есу спортымен 7 жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша кешенде жаттығудың барлық түрін жасауға мүмкіндік бар.
– Ескекшілердің жазғы және қысқы дайындық кезеңдері болады. Мұнда қыстың күндері жаттығуға мүмкіндік бар. кейбір өңірлерде қысқы дайындық уақыты өте қысқа. Себебі қыс ұзақ, аязды болады. Түркістанда керісінше қыс өте қысқа болғандықтан, дайындық жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, арнайы тренажер залдары қарастырылған. Ал, жазғы маусымда біз еркін суда ескек есуге шыға аламыз.
Мәселен, ескекшілерге арналған «концепт» деп аталатын жаттығу құралы спортшылдардың бұлшықетін қозғалысқа келтіріп, ширату үшін көмегі зор», дейді. . Мұнда ескек ескен кезде жұмыс істейтін барлық бұлшықеттер қозғалысқа түседі.
Жаңа спорт нысанының жұмысымен туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев, халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко және Түркістан облыстық есу және желкенді спорт федерациясының президенті танысып шықты.
– Кешенде Азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға болады. Шет елдік спортшыларға жыл 12 ай оқу жаттығу жиынарын өткізуге толық мүмкіндіктеріміз бар. Бұл спорт кешені Түркістанға ғана емес, тұтас қазақ елінің абыройын көтереді,-деді кешеннің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облысы әкімі Нұралхан Көшеров.
Су айданының маңайына балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары жасақталған. Салтанатты шараға жиылған көпшілік бұл күні су үстіндегі спорт қойылымдарды, әуе шарларының шоуын, қолөнершілер жәрмеңкесі мен флайборд пен лазерлі шоуды қызықтады.
Бүгінгі таңда өңірде спорттың дамуына да айырықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 102 спорт нысаны пайдаға берілді. Келер жылы олардың қатары тағы 10 жаңа нысанмен толыққалы отыр. Сондай-ақ облыс аумағында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 22 бейімделген спорт секциясы іске қосылды. Ал «Мұз сарайында» хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек үйірмелерінде 400-ден астам бала жаттығуда. Мұның барлығы келешекте сергек, шымыр, салауатты ұрпақтың өсіп жетілуі үшін салынып жатқан зор капитал. Енді оның қатарына есу арнасы да қосылды. Түркістанда ашылған бұл бірегей кешен – еліміздің спорттық беделін көтеріп қана қоймай, жаңа чемпиондардың, жаңа жұлдыздардың тәрбиеленетін ордасы болмақ