Бір жәдігердің тарихы: САЙРАМ МУЗЕЙІНДЕГІ ПАРАНЖАЛАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

 Сайрам музейінің қорында XIX ғасыр және XX ғасырдың басынан жеткен паранжалар экспонаттар залында тұр. Бұл сол дәуірдегі осы өңірлерді мекендеген халықтардың этнографиялық кескін-келбетінен хабар береді.

Шымкент өңіріне 1866 жылы аяқ басқан орыс ғалымы А.К. Гейнс шымкенттік әйел тұрғындары паранжа жамылатынын, көшеде орыс солдатын көре қалса, паранжасына жасырынатынын, ал жергілікті тұрғындар арасында олай жүзін жасыра бермейтінін жазады. Осылайша А.К.Гейнс қаланың сол кездегі келбетін суреттей таныстырады. Сайрамдағы музей қорында тұрған паранжа киімдері сол жазбаның кейпін бүгінге жеткізіп отыр.

Паранжалар жыл мезгіліне қарай әр түрлі маталардан: барқыт, шәйі,  жібек, жартылай жібек, адрас және мақтадан тігілген паранжаның түрлері  бар. Сайрам музейінен сондай түрлердің ең көркем тігілген нұсқасын көруге болады.

Паранжа – Таяу Шығыс пен Орталық Азияның мұсылман елдеріндегі әйелдердің сырт киімі. Ұзын жеңі бар шапан, бетін жылқының қылынан тігілген «чачван» торы жауып тұрады. Паранжаның негізгі мақсаты – үйден шыққан кезде әйелдің бетін және мүсінін жасыру.

Әртүрлі елдерде паранжа әртүрлі көрінеді. Өйткені әр ұлт үшін бұл киім таза жеке негізде қалыптасты. Орта ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін Орта Азиялық паранжа қолданыста болды. Оның парсышасынан айырмашылығы орамалдан емес, иыққа салынып, кейін киілетін, басын толығымен жауып тұратын жабық киімнен шыққан.

Паранжаның пайда болған күнін нақты атау мүмкін емес. Киімнің бұл түрінің тарихы сонау ертеден басталады. Қалыптасу процесі айтарлықтай ұзақ болды және әртүрлі уақытта әртүрлі аймақтарда өтті. Терминнің өзі, әрине, араб тілінен шыққан, бірақ ол күтілетін «орамал» сөзімен емес, «көйлек» сөзімен аударылған.

Паранжаның пайда болған жері Мысыр деп есептеледі. Содан кейін бұл киім түрі басқа Шығыс елдерінде танымал болды. Оның үстіне XVI ғасырда Үндістан мен Орталық Азияда мемлекеттік қызметкерлер, дін қызметкерлері, ғалымдар мұндай сырт киім кию әдетін құптаған. Бүгінде көпшілік бұл киімді діни мақсатқа байланысты киеді деп есептейді. Дегенмен, оның бастапқы мақсаты – адам денесін аптап ыстық күннен қорғау болды. Сонда ғана, оның шариғат нормаларына толық сәйкес келетін екінші маңызды мақсаты – әйелді бейтаныс адамдардың көзінен жасыру міндеті болды.

Паранжа жамылу кейінгі ортағасырлардағы феодализм дәуірінде ғана етек жайды. Киімнің басқа түрлері сияқты, паранжа кейбір аймақтық және тіпті әлеуметтік ақпаратты алып жүрді. Осылайша, матаның түсі мен сапасы бойынша астына тығылған әйелдің жасын да, оның қоғамдағы әлеуметтік жағдайын да анықтауға әбден болатын.

Паранжа өте қарапайым көрінуі мүмкін немесе ол халықтың әртүрлі наным-сенімдерін жиі көрсететін әдемі кестелермен және өрнектермен безендірілуі мүмкін. Паранжаның әрбір бөлшектері ойластырылған және тек киімде бейнеленген емес, культтік мәні бар сипатқа ие болды және ол исламға дейінгі культтің қандай да бір түрімен байланысты болуы мүмкін деген пікір бар. Бойжеткен алғашқы паранжасын 9 жасында алған, содан кейін тұрмысқа шыққанда оған бір-екі данасы қоса тігілген. Тек ең ауқатты отбасылардың келіндерінде сыйлық-тарту ретінде дайындалған осындай төртке жуық киім болған. Қалған нәзік жыныстың өкілдері өмір бойы екі-үш паранжа ғана киген. 

Б.Фазилов  

Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің  «Сайрам музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері