Бір жәдігер тарихы: КӨНЕ ШЫМКЕНТТІҢ ЗЫНДАНЫ ЖӘНЕ БАЙЗАҚ ДАТҚАНЫҢ ТАРИХИ КЕЛБЕТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Алдыңғы қозғаған тақырыптарымыздың бірінде көне Шымкент қаласының сыртқы қорғаныс қабатында бес қақпасы, ішкі бекінісі – цитаделінің тағы да үш қақпасы болғанын жазып едік. Бүгінде ескі іргетасының орыннан қайта қалпына келтірілген көне бекіністің сол үш қақпасы – «Батыс» қақпасы, «Оңтүстік» қақпасы және «Шығыс» қақпасы өз орнына қайта тұрды (1). «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-ның «Шым қала» тарихи-мәдени кешеніне «Шығыс» қақпасы бүгінгі таңда туристер кіретін негізгі қақпаға айналды.

 

ЗЫНДАН – ОРТАҒАСЫРЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР НЫСАН

Шымкент қалажұртының аталған «Шығыс» қақпасынан кіреберісінде зындан салынған. Бұл нысан көне қаланы көруге келетін ішкі және сыртқы туристердің назарына ұсынылып, таныстырылып келеді (2). Бірақ, бұл зындан нақ осы жерде болды деген сөз емес, археологиялық қазба кезінде табылмауы да мүмкін. Дегенмен, ортағасырлық қалалардың құрылым формасында мұндай археологиялық нысан міндетті түрде болғаны анық. Сондықтан, оратғасырлық Шымкуент қаласының келбетін туристер назарына ұсынуды көздеген консервация жасаушылар бекіністің қақпасынан кірген бетте зындан орнатылуы тиіс деп шешім қабылдапты.

Алдымен зындан деген не, соған кішірек анықтама беріп алайық. Қазақстан ұлттық энциклопедиясында мынадай түсініктеме беріпті: «Зындан – тұтқындар мен ауыр қылмысы үшін жазаға кесілгендерді қамап ұстауға арналған терең шұңқырлы орын. Ежелгі дәуір және ортағасырлардағы Шығыстың көптеген елдерінде мұндай зындандар қылмыскерлерді қамау үшін қолданылған» (3). Ал, wikipedia.org ашық электронды энциклопедиясының қазақ тілді редакциясы «зындан» сөзінің төркініне түсініктеме беріпті. «Зындан» деген сөз – парсының «зиндан» сөзінен («зина»-қылмыс, «дан»-жай, орын) шыққан. Бұл сөз жерасты түрме, қапас деген түсініктермен синоним ретінде пайдаланылады. Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Әзірбайжан және Солтүстік Кавказдың кей өңірлерінде пайдаланылған (4).

Зындан дейтін нәрсенің табиғатын, мағынасын, не үшін пайдаланылғанын біліп алдық. Енді Шымкенттің зынданына қайта оралайық. Зындан орта ғасырлардағы қалалардың қақпадан кіреберісіне салынған. Үсті ашық, аузы темір тормен жабылған. Бұлай қақпа алдына орнатылудың да өзіндік себебі болды. Бқл бір жағынан әскердің қақпа мен тұтқынды бірге қарауылдауына ыңғайлы болса, екінші жағынан қала тұрғындары күнделікті ары-бері өткенде тұтқынды қарғап-сілеп, қамаудағы кісінің бетіне түкіріп, қарғыс айтып масқаралай жазалана түсуі үшін әдейі солай жасалынды. Осындай жол аузында орналасқаны себепті, тұтқынның қаладағы жасырын жақтастары да құрт, ірімшік, науат, қант секілді қатты күйдегі азық-ауқаттарды қамаудағы кісіге лақтырып «жазалау» әрекеттерін жасап тұрғаны туралы ауызша деректер бар. Мұның бәрі ескі заманда (негізінен ортағасырларда) зынданның қақпа алдында орнатылғанын дәлелдейтін жанама деректер ретінде қарастыруға болады. Кейбір тарихи көркем фильмдерде де (мысалы, «Көшпенділер») әскери тұтқынды зынданға қамау  эпизодтары бар емес пе?

БАЙЗАҚ ДАТҚАНЫҢ ШЫМКЕНТ ЗЫНДАНЫНДА БОЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Шымкенттің зынданы болғанына қатысты бір дерек ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қоқан басқыншылығына қарсы күрес жетекшілерінің бірі болған Байзақ датқаға қатысты ауызекі әңгімелерде кездесіп қалады. Қоқан ханы Әлімқұл 1864 жылы Ресей империясы әскерінің бетін тойтару үшін Шымкентке келеді. Сол тұста Шымкенттің батыс тұсынан Түркістан жақтан Лерхе бастаған орыс әскері, шығыс беттен Әулиеата тараптан генерал Черняев бастаған Батыс Сібір әскері келе жатты. Сондықтан, Әлімқұл орыс әскеріне көмектесуі мүмкін дейтін қазақтың беделді азаматтарын бір жағынан қорқытып-үркітіп қою, екінші жағынан Қоқан хандығына қызметте жүрген шенеуніктері арасынан ресейшіл тобын тазартып қоюды көксейді. Сол мақсатта «Ресей әскерімен дипломатиялық қатынастар үшін көмегің қажет» деген арнайы тапсырмамен Байзақ датқаны Әулиеатадан Шымкентке алдап шақырып алып, екі ай зынданда ұстайды. Осы оқиғаны халық жазушысы Ш.Мұртаза былай деп жазады: «Қоқан ханы Шымкенттегі орынбасарына Байзақты жазала деп пәрмен береді. Шымкенттегі орынбасар Байзақты өзі емес, Қаратау датқасы Өгізбай арқылы шақыртады. Өгізбай Байзаққа «Құрылтайға бірге барайық» деп амалын тауыпты. Байзақ сеніп қалып, Шымкентке барғанда, қоқандық жендеттер оны ұстап алып, зеңбіректің ұңғысына таңып қойып, атып жібереді. Күл-талқан болған денеден жалғыз шынашақ саусағы ғана табылыпты. Сол саусақ Әулие-Ата күмбезінің жанына көмілген» дейді (5). Әлбетте, бұл нақты дерек емес, дегенмен халық аузында айтылып жүрген ауызекі әңгіме болғанмен, жанама дерек ретінде сілтеме беруге жарайды.

Байзақ датқаның Шымкенттің зынданында 2 ай жатқаны туралы тағы бір деректі электронды Qazaqstan tarihy порталынан жолықтырамыз. Онда: «Өкініштісі, Байзақ Мәмбетұлы датқа 1864 жылы Шымкентте Қоқан хандығының әкімі Әлімқұлдың қолына түсіп оның бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады. Бұл жерде батырдың өлімі жайлы көптеген пікір бар. Оны бірнеше мәрте алдап қолға түсіре алмаған Қоқан ханы Құдияр кейін оны Әлімқұл алмастырады «Сені Ресейге аттанар елшіліктің қатарына қосқалы жатыр, сонда барасың» деген жалған, ақпарат беріп, батырдың досы Батырбек датқа арқылы Шымкентке шақыртады. Қасына бауыры Бәйтерек пен досы Жауғашты, қосымша 48 жігіт ертіп, Шымкентке келеді. Қалаға келісімен оларды тұтқындаған қоқандықтар оның қасындағы серіктерінің түгел басын алып, батырды екі ай бойы зынданда ұстайды. Әке тағдырына алаңдаған ұлы, Ақмолда мың жігітті бастап, полковник Михаил Черняевтың әскерінің қатарына қосылып Шымкентке бет түзейді» деп дерек береді (6).

Ал, Байзақ датқаның зеңбіректің ұңғысына байланып, атылғаны туралы тағы бір деректі Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау дирекциясының ресми сайтынан кездестіресіз. Онда «Қоқан үкіметінің жергілікті көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол 1864 жылы жазда Әулиеата маңына орналасқан орыс әскерлеріне баласы Ақмолда арқылы қоқандықтарға қарсы күресте бірігуге ұсыныс жеткізді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқан билеушісі молда Әлімқұл Байзақты ұстап Ташкентке алып келуін бұйырды. 1864 жылы тамызда Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқаны тірідей зеңбіректің аузына байлап, атып өлтіреді» деп деректейді (7).

Ал, уикипедия ашық энциклопедиясында бұл оқиға туралы әлдеқайда ашық әрі түсінікті жазыпты. Ол жерде: «Байзақ датқа 75-ке қараған жасында қоқандықтардың қолынан опат болады. Оған өшіккен Қоқанның бектері батырды алдап, Шымкентке шақыртып алады да, тірідей балталап шауып өлтіреді. Денесін өртеп, күлін зеңбірекпен аспанға атады. Сөйтіп ел-жұртты үрейлендіреді. Кейін ағайын-туыстары Байзақ датқаның шауып тасталған жалғыз шынтағын тауып алып, еліне апарып жерлейді» деп түсініктеме берілген (8).

Қазіргі “Шым қала” тарихи-мәдени кешеніндегі зындан

БАЙЗАҚ ДАТҚАНЫҢ ЗЕҢБІРЕККЕ БАЙЛАНЫП АТЫЛУЫ ШЫМКЕНТ БЕКІНІСІНІҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШТІ

Бұл деректің көбі ауызша деректерді негізге ала жазылған мәліметтер. Енді Байзақ датқаның ату жазасына кесілу оқиғасы туралы ғылыми айналымда жүрген деректерге кезек берсек. Т.К. Бейсембиевтің Қоқан деректеріне сүйене отырып жазылған «Тарих-и Шахрухи» как исторический источник» деп аталған еңбегінде біршама жайттар ашықталады. Ақбұлақ маңындағы шайқастан және 1864 жылы шілдедегі Шымкентті алудағы сәтсіз әрекеттен кейін оқиғалар тез өрбиді. Сол оқиғадан кейін Шымкентте өлім жазасы жүзеге асырылады. Қоқан билеушісі Әлімқұл қазақтарды орыстарға көмек көрсетті деп айыптайды. Байзақ пен Ниязәлі секілді қазақ билерін Шымкентке алдырып, артиллериялық зеңбірекке байлап, оларды өлім жазасына кеседі (9).

Бұл тарихи оқиға қазақ халқының назарылығына ұласып, халық ақындары да жырына қосады. Бұл туралы Майлықожа ақын арнау арнап,

«Өз қарасын көбейткен Байзақты,

Әлімқұл ұстап оны қылды пенде,

Жазықсыз байзақты өлтіргені,

Қоқанның дәулетіне кесір келді…» деп жырында атап өтеді (10).

Байзақ датқамен бірге тағы да бірнеше кісі жазаға ұшырайды. Ол азаматтарды Байзақпен қоса зеңбіректің басына байлап атып жіберуі қазақ халқының үрейін ұшырып, өзіне кіріптар болады деп ойлаған Әлімқұлдың ойы қате болып шығады. Оған дейін дін мұсылман деп Қоқанға жақтасып келген қазақ ауылдары әлгі оқиғадан кейін қоқандықтарға деген қарсылығын туғыза бастады (11). Осылайша қазақтар біртіндеп М.Г. Черняев әскері тарабына өте бастады.

Ал, 1864 жылы Шымкент бекінісін басып алғаннан жиырма бес жылдан кейін М.Г. Черняев былай деп естелік жазады: «Мұндай қатыгездік күтілетін әрекетке мүлдем кереғар болды. Кімнің мүмкіндігі болса, біздің қорғауымызға көшті және бәрі бізбен бірге қоқандықтарға қарсы тұруға рұқсат сұрады. Мен тек қаруы бар адамдарға ғана баруға рұқсат бердім. Бірақ олар сонда да сұрана берді. Мен «Сендер бізге қалай көмектесе аласыңдар?» деп сұрағанымда, олар «Айқайлап!» – деп жауап берді».

Қоқан ханы Әлімқұл қазақты үрейлендіріп қойып, өзіне бағынышты ұстағысы келген әрекеті сәтсіз болды. Мұндайды қазақ халқы «артық қылам деп тыртық қылды» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді. Қазақ ауылдары шетінен Черняев жағына шығып, қолына қару алғаны алды, алмағаны жол көрсетті, айғайлап қолдау көрсетті. Жол көрсетті демекші, А.К. Гейнс өзінің «Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан» деп аталған 1866 жылы жазылған күнделігінде 1864 жылғы Шымкент бекінісіне шабуыл жасаған әскербасыларының қатарында болған полковник Лерхенің өз аузынан естіген естелігін жазады. Онда Лерхе Шымкенттің «Әулиеата қақпасынан» шабуылды бастаған кезде екінші тараптан Черняев өзіне қарасты отрядтарын бастап цитадельдің қорғаныс қабырғасынан ағын су кіретін ойықтарынан өткенін жазылған (13). Міне, бекіністі басып алуға болатын осал тұсын орыс әскеріне көрсетіп берген де сол Қоқан ханына наразы қазақтар болды. Осылайша, Әлімқұлдың бір үлкен қателігі Шымкент бекінісінің құлауына жеткізді.

Міне, Шымкент қалажұртының «Шығыс» қақпасы алдында тұрған бір зындан нысаны туралы айтамыз деп Байзақ датқаның тағдырына, одан Шымкент бекінісінің құлауы тарихи оқиғасына өте отырып, біршама тарихи оқиғаларды қаузадық. Дегенмен, бір-бірімен сабақтаса жатқан, бірін-бірі толықтыра түсетін тақырыптар болғасын, әңгіменің осылай өрби түсуі заңдылық болар.

Байзақ датқа сол заманда дәл осындай зынданға қамалды ма, жоқ па, ол жағы нақты белгісіз. Дегенмен, мына зындан сол дәуірдің көрінісін көрсету үшін жасалған. Шымкент бекінісінде ХІХ ғасырда зындан болғанын нақты және жанама деректермен біршама көрсетіп бердік. Ондай нысанның қайта қалпына келтіріліп, туристер назарына ұсынылуы – дұрыс шешім.

Бүгінде бір кездері қылмыскерлер қамалған зындандар бүгінгі таңда туристер тамашалайтын жер ретінде танымал болып отырғаны рас. Әлемнің бірқатар елінде түрме, зындан, концлагер секілді жазалау орындарын қайта жасақтап, музейге айналдыру тәжірибесі қалыптасқан. Оған көптеп мысал келтіруге болады. Дегенмен, мысал ретінде тек зындан деген туристік нысан туралы айтар болсақ, ортағасырлардан жеткен Бұқарадағы (Өзбекстан) «Әмір зынданы» (ХVІІІ ғасыр), Дербенттегі (Дағыстан, Ресей) «Нарын қала» (ХІІ-ХІV ғасырлар) зындандарын көргісі келетін саяхатшылардың қатары мол.

Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттің зынданы (ХVІІІ-ХІХ ғасырлар) да туристердің назарына ұсынылып, оны көзімен көргісі келетіндей етіп насихаттай алса, зындан ішінде отырып көргісі келетін экстримальді туризм саласы ретінде дамытып, ерекшелеу етіп көрсетуге болатындай.

 

Сілтемелер:

(1)  Көне  Шымкент бекінісінің  қақпалары, әскери казармасы, магистральді көшелері // https://openkazakhstan.kz/news/көне-шымкент-бекінісінің-қақпалар/

(2) «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің аумағына жүргізілетін  шолу экскурсияларының  материалдары. 2024 ж.

(3) Зындан // Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, – Алматы: Қазақ энциклопедиясы , 2005. 2-том, 411 бет.

(4) Зындан // wikipedia.org ашық электронды энциклопедиясы, https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%97%D0%B8%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D0%BD

(5) Шерхан Мұртаза. Байзақ датқа мен Өгізбай датқа // https://qazradio.fm/kz/news/11418/

(6) Олжас Беркінбаев. Байзақ батыр жайлы не білеміз? //  https://e-history.kz/kz/projects/show/23032

(7) Байзақ батыр кесенесі (2000 ж.) // https://ruh.kz/baizaq-batyr-kesenesi-2000-j_17501/

(8) Байзақ Мәмбетұлы // https://kk.wikipedia.org/wiki/Байзақ_Мәмбетұлы

(9) Бейсембиев Т.К. «Тарих-и Шахрухи» как исторический источник. –Алма-Ата: Наука, 1987. –127 б.

(10) Майлықожа. Айтайын өткен күннен бір хикаят // https://kozhalar.kz/20197948-ajtajyn-otken-kunnen-bir-hikayat

(11) Асылбеков Е. Кенесарының ұлдары Жапар және Сыздық сұлтандар. «Қызмет» баспасы, Шымкент. 2024, 79-бет.

(12) Черняев М.Е. Султаны Кенесары и Садык // Русский вестник. – 1889.-№8. – 34-35 б.

(13) Гейнс А.К. Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан  А.К. Гейнс. Собрание литературных трудов. Т. II. СПб, 1898.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ