БҮГІНГІ «АЛАҚАН» ЕРТЕҢ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНЫҢ ҚОЛЫМЕН «ШАПАЛАҚ» БОЛЫП ТИМЕЙ МЕ?

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Жаңа оқу жылы да басталып кетті. Республика бойынша оқушы саны ең көп өңірлер қатарында – Шымкент қаласы (400 мыңнан астам оқушы) мен Түркістан облысы (600 мыңнан астам оқушы) тұрғаны белгілі. Соңғы жылдары тиісті салалық министрлік тарапынан оқушылардың мектепке кіруін, тамақтануын, оқу процесі кезіндегі қауіпсіздігін, жолақы төлеуін қамтамасыз ететін түрлі тетіктер іске қосылды. Бұл тетіктердің қатарында турникет, браслет, оқушы карточкасы, т.с.с. бақылау пункттері бар. Солардың бірі болып енді «ALAQAN-MEKTEP» деген қосымша пилоттық режимде қосыла бастапты. Біздің алаңдаушылығымызды тудырып отырған да осы жоба.

Аталған бұл жоба мобильді қосымшаға оқушы баланы тіркейді. Сосын, балаңыздың алақанын сканерлеу арқылы мектепке кірген-шыққанын, асханаға барып тамақтанғанын, кітапханаға, үйірмелерге барғанын сияқты әрекеттері жайында ата-анасының телефонына баратын смс хабарлама арқылы қадағалау жүргізіліп отырады. Жақсы дүние, иә? Бұны жобаның бергі жағы деп түсінейік.

Бүгінгі таңда біршама мекемелерде FaceID, карточка, тіпті саусақ іздері арқылы кіріп-шығу жүйелері қолданылып отыр. Бұл жүйе өте ыңғайлы, уақытың кетпейді, үнемшілдігі бар. Бірақ!.. Осы «бірақ» деген сөзді өзім де қолданғым келе бермейтіні рас.

Жуырда 16 миллионға жуық қазақстандық азаматтың жеке мағлұматтары (персональные данные) тіркелген ортақ база біреулердің қолдарына тиді деп бір шу шықты. Одан соң, бір қаланың үш шендісі соған жол берді деп қамауға алынды. Ойлап көріңіз, сіздің толық аты-жөніңіз, мекен-жайыңыз, жұмыс орныңыз, телефон номеріңіз, ЖСН сияқты барлық жеке мағлұматтар қайдағы жоқ біреудің алдында жатыр. Ал, еліміздің Конституциясында «Жеке мағлұматтар мен оларды қорғау» тармағы бар. Әлгі үш адам сол Заңды бұзғаны үшін тергеліп жатыр.

Ал, енді ойлаңыз. Сіздің перзентіңіздің алақаны (түгел алақан, сұқ саусақ қана емес) сканерленіп, белгілі бір базаға енгізіледі. Биометрия – бұл әр адамда қайталанбайтын, дара, ерекше белгілер. Ол әр адамда әр түрлі. Оны карточканың пин-коды немесе паролі сияқты ауыстыра алмайсыз. Ол белгілер әр адамзат баласының туа біткен ақпарат анықтауышы. Егер, сол биометриялық мағлұмат алаяқтардың қолына түссе не болады екен?

Қазір ЖИ (жасанды интеллект) қарқындап дамып жатқан заман. Алақанды инфрақызыл сәуле арқылы оқып жатса, болашақта сенің қан тобыңды, денсаулығыңды, жүрек қағысы мен артериалды қысымды оқуы әбден мүмкін емес пе? Оның дәлелі – қол сағаттары мен браслеттер. Қолыңа тағып алсаң, қан қысымы, жүрек ритмі сияқты көрсеткіштерді анықтап беріп жүр.

Бүгін өз еркіңізбен (әлде «давай-даваймен») балаңыз туралы биометриялық мағлұматты дерек-базасына өткізіп бересіз. Ол мағлұматтардың барлығы хакерлер мен интернет алаяқтардан қорғалуына кім кепілдік береді? Балаңыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етіле ме?

Мен бұл жерде «ALAQAN-MEKTEP» қосымшасын жамандап жатқаным жоқ.

Youtube видеохостингіндегі мына сілтемеде (https://youtu.be/3t8WWKdUGtY?si=zyRplCfMEUU5kCuy) жоғарыда аталған бұл қосымшаны ойлап тапқан мекеме туралы «нарықта 4 жылдан астам істеп жүр» деп анық айтылған. Демек, бұл жеке меншік фирманың өнімі. Бүкіл Қазақстан мектептеріне осы қосымшаны қосу, оның программасын баптау, мағлұматтарды сақтайтын сервер ақысын төлеу, техникалық қолдау, ата-аналарға смс-хабарлама жіберіп отыру, т.б. қызметтер үшін мемлекеттік бюджеттен салық төлеушінің қанша теңгесі жаратылады? Бұл жобаның «интересін» қорғап отырған кімдер? Дәл қазір мағлұматтар құпиялылығы ақсап тұрған сәтте бұл бізге қатты қажет дүние ма негізі? – деген сұрақтар туындады соңғы екі күнде.

Құрметті ата-ана, өз ойыңыз қалай? Бұл қосымшаны қолдайсыз ба? Бәлкім, аталған жүйеге альтернативті жоба ретінде браслет, жеке карточка, бейджик ұсынылғаны дұрыс шығар? Не дейсіз?

Бүгін өз еркіңізде: балаңыздың биометриялық мағлұматын беру не бермеу. Ал, болашақта мектепке онсыз кіргізбейміз десе не дер едіңіз? Жасанды интеллект (ЖИ) дамып келе жатқан заманда өмір сүріп жатқаныңызды да ұмытпағайсыз.

P.S. Тағы да қайталаймын, бұл жоғарыда аталған қосымшаны жамандау емес. Жай ғана жеке тұлғаның пікірі деп қабылдаңыз.

 

Қайрат КӘРІБАЕВ

Қазақстан Журналситер одағының мүшесі