ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАР БҰЛ ЖОЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ РЕТІНДЕ ҚОҢЫРАУ СОҚҚАН
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Сәрсенбінің сәтінде Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар орталығының алаңында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек апта сайынғы дәстүрімен «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары алдында сөйлеген сөзінде ресми тұлға тіркелген қылмыстық әрекеттер, оның ішінде интернет-алаяқтық істер туралы да тілге тиек етіп, мысалдар келтірді.
Осы брифинг барысында Сәрсен Абайұлының интернет-алаяқтық әрекеттерге қатысты атқарылып жатқан шаралар жайында сөз еткен жайттарға біз де әдеттегідей басымдық бере отырып, қала әкімі орынбасарының аузынан шыққан сөзін сол күйінде берсек дейміз.
Әлқисса, С.Құранбек мырза бүй дейді:
– Дәстүріміз бойынша қылмыстық істердің тіркелуі бойынша айта кетейік. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісіне 179 іс тіркелген. Оның ішінде үшеуі сотқа жолданды. Олардан 63 ісі алаяқтық, 44 ісі ұрлық, 11 ісі есірткінің заңсыз айналымына қатысты, және 9 іс жол-көлік қатысты оқиғалар есебінде тіркеліп отыр.
Тіркелген алаяқтық істерінің ішінде бірінші орында әрине, бұл – интернет-алаяқтық әрекеттері. Өткен аптада К. деген азаматқа мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері ретінде бір тұлға қоңырау шалып, «салықтарыңызды төлемегенсіз, сол себепті, 600 мың теңге қаржы аудармасаңыз, сізге қиын болады» деген бопсалаумен 600 мың теңге қаражатын аудартқызып алған. Бұл жерде анығы екі мәселе бар. Оның біріншісі, мұндай мемлекеттік кірістер, салық, мемлекеттік мекемелер атын жамылып, қоңырай соғатын әрекеттерге сенбеу керек. Екіншіден, салықты уақытылы төлеу керек. Бұл екеуі болмаса, интернет-алаяқтардың құрған тұзағына оңай түсіп қалмас едіңіз.
Құрметті тұрғындар, осыны ескерсеңіздер! Өйткені, осыған мағыналас фактілер өте көп. Ескерсеңіздер екен дейміз, – деп, Сәрсен Абайұлы өткен апта ішінде қаладағы тіркелген қылмыстық істер жайына тоқталып өтті.