ДЕНДРОСАЯБАҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласының туристік нысандарының және белсенді демалыс аймақтарының бірі – Асанбай Асқаров атындағы Дендрологиялық саябақ болса, қазіргі таңда онда демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының фейсбуктегі парақшасы ақпарат бөліскен.
Қаладағы халықаралық әуежайдың демеушілігімен Дендросаябақтың кіреберіс қақпасы жанындағы аймақта заманауи спорт алаңы салынды. Жаңа спорт аймағына қажетті барлық құрал-жабдықтар орнатылып, қажетті жағдай қамтамасыз етген. Белсенді демалысты қолдайтын тұрғындар мен келушілер үшін тамаша орынға айналды.
Соңғы үш айда саябақ аумағында бірнеше учаскеде біршама көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңарту әрекеттері жасалды. Ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бос жатқан аймақтар көгалдандырылып, 400 түп қарағай ағашы отырғызылған. Бұл аумақ автоматты суландыру жүйесімен жабдықталып, ағаштардың үздіксіз суарылуына жағдай жасалған.
Сондай-ақ, «Оңтүстік-Жарық Транзит» ЖШС-нің қолдауымен Дендросаябақтың «Қошқар ата» учаскесінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 60 жаңа жарықшам орнатылып, 300 метрлік кабель тартылған. Бұл саябақтың кешкі уақыттағы серуеншілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырады.
Демеушілердің көмегімен жүзеге асқан осы жаңартулар Дендросаябақ аумағын демалыс үшін тартымды орынға айналдырып, келушілерге жайлы әрі қауіпсіз орта ретінде қалыптастырады.